Жауапсыз мердігерлер тендерге қатыспайды

Соңғы төрт жылдың ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасының білім насындары бағыты бойынша ғана Ұлан, Тарбағатай, Шемонайха аудандары мен Семей, Курчатов қалаларында бір-бірден, ал Аягөз ауданында екі мектеп, сонымен қатар Риддер қаласында 280 орындық балабақша бой көтеріп отыр.
Аталмыш инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының өңірдегі іске асырылу барысы облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде талқыға салынды.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің айтуынша, 2015-2019 жылдар аралығында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы 63 жобаны орындауға республикалық және облыстық қазынадан 87 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша қолға алынған 43 жобаның 41-і аяқталды, 95 км су құбыры салынып, тағы 143-і жөнделді. Өскемен, Семей, Риддердегі сорғы стансалары жаңартылды, – деді облыс әкімінің орынбасары. – Қалған екі жоба іске асырылып жатыр, олар – Семейдің Затон шағын ауданындағы және Шемонайха ауданы Қызыл Шемонайха ауылындағы су жинағыштарды қайта құру жобалары. Алғашқысы бітуге таяу, ал екіншісі келер жылдың 30 қазанына дейін аяқталады.
Сонымен қатар, осы бағдарлама шеңберінде жалпы орны 4520 болатын 8 мектеп (Ұлан, Тарбағатай, Шемонайха, Аягөз (екеу) аудандары мен Семей, Курчатов қалаларында) және Риддер қаласында 280 орындық бір балабақша салынды.
Көлік нысандары бойынша Семей мен Өскемен әуежайлары жаңартылды, Бородулиха ауданы орталығында автобекет салынды.
Жол құрылысы аясында Омбы – Майқапшағай тасжолының 870-906 шақырымы, Орталық – Шығыс көлік дәлізінің 587-634, 634-676 шақырымдары жөнделді. Бүгінгі таңда Орталық – Шығыс және Оңтүстік – Шығыс дәліздері бойында 5 жоба жалғасуда.
Сонымен бірге, Өскемен – Рахман қайнары мен Таскескен – Бақты – Қытаймен шекара жолдарындағы үш учаске жаңартылуда.
Аймақ басшысы кестеден кешіккен мердігерлерді жауапсыздар тізіміне енгізіп, келешек тендерлерге қатысу мүмкіндігінен айыруды тапсырды. Сонымен қатар Аягөз – Ақжар тас жолының қалған 70 шақырымын жөндеуді және Ақжар мен Ақсуат арасындағы жолға асфальт төсеуді міндеттеді.
– Осылайша, біз Зайсан қаласынан Аягөзге дейінгі кедергісіз көлік қатынасын қамтамасыз етеміз. Осы жұмыстардың жобасын әзірлеуге кірісіңіздер, – деді облыс әкімі.
Ержан Әбіш