ЖАУ ДЗОТЫН КЕУДЕСІМЕН ЖАУЫП, ТІРІ ҚАЛҒАН ҚАЗАҚ
Шығыс жерінен Отан соғысына аттанып, майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағы Батыры атағына ұсынылып, алмай қалғандар арасында аягөздік Сабалақ атамызды жерлестері көпке дейін білмей келді.
Атырау облысының Бәйет деген жерінде туған Матросовтан 16 күн бұрын ерлік жасаған Боран Нысан¬баев туралы 1971 жылы Н.Әбу¬тәлиевтің «Боран Нысан¬баев» атты кітапша¬сы жарық көрді. Батыр атамызға КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 23 қыркүйектегі Указы бойынша Кеңес Одағының Батыры атағы берілгенін тарихтан білеміз.
Қызыл Тулы 131-ші Ропшин атқыштар дивизиясының ефрейторы Сабалақ Оразалинов жау дзотын кеудесімен жауып, асқан ерлік жасаған. Бірақ атамыз Кеңес Одағы Батыры атағын ала алмапты. Сабалақ Оразалинов – Ұлы Отан соғысы тарихындағы жау дзотының амбразурасын кеудесімен жауып, тірі қалған санаулы жауынгерлердің бірі. Жиырма жылдан астам уақыт бойы қаза болғандар қатарына жатқызылды және ерлік көрсеткен жерге ескерткіш-белгі орнатылып, онда қайтыс болған деп көрсетіліп келді.
Бұрынғы Жетісу губерниясы Лепсі уезінің Көксала елді мекенінде, қазіргі Аягөз ауданындағы Көксала ауылындағы осы өзен бойында 1925 жылы туып, ашаршылық кезінде ата-анасынан ерте айырылған Сабалақ аудан орталығындағы Мамырсу балалар үйінде тәрбиеленеді. Соғысқа дейін Аягөз темір жол депосында жұмыс істеп, соғыс басталғанда, өзі сұра-нып майданға кетеді. Қысқа мерзімдік мергендер курсын бітіріп, ұрысқа араласады. 1944 жылы 18 қарашада кеңес әскерлері немістердің қорғанысын бұзып өтіп, Эстонияның Моозунд архипелагында шабуыл ұрыстарын жүргізеді. Саарема аралының Каимир елді мекені маңында атамыз құрамында соғысқан кеңес әскерлері жаудың күшті қарсылығына тап болып, осы ұрыста жерлесіміз Сабалақ Оразалинов жау дзотын кеудесімен жауып, асқан ерлік жасайды. Ленинград госпиталінде жылға жуық емделіп, еліне оралғанымен, туған жерінің ауа райы жақпай, дәрігерлер Алматыға қоныс аударуға кеңес береді. Атамыз зейнетке шыққанша, бір орында тапжылмай, Алматы шай фабрикасында жемісті еңбек етті. Зейнеткерлікке шыққан соң, 2-Алматы бекетінің жүк бөлімінде кезекші болып істеді. Көптеген орден, медальдармен марапатталған.
Батырдың бел баласы Асқар – қазақтан бірінші болып су добы спортымен айналысқан, 1991 жылдардан осы саладағы әлемнің танымал командаларында Венгрия, Голландия, Испания және Израильдің «Сентеш» (Сентеш), «Хет Ай» (Амстердам), «Реал» (Мадрид), «Маккаби» (Хайфа) командаларында өнер көрсеткен спортшы.
БІР ШАЙҚАСТА ОН ЕКІ ЖЕРІНЕН ОҚ ТИСЕ ДЕ, АМАН ҚАЛҒАН
Өзінің Балтық теңізі жағасындағы Сырва түбегіндегі ұрыста болғанын С.Оразалинов былайша еске алады: «Бір белгісіз күш мені бораған оқ астынан тұрғызып, алға сүйреді. Жүгірген бойыммен гранатаны құлаштай лақтырдым да, жата кеттім. Граната ұяға таяу жерге барып гүрс етті. Сірә, адамдары жараланған болуы керек, оқ нөсері бір сәтке тына қалды. Орнымнан қайта тұрып, жан¬ұшыра екінші грана¬таны лақ-тырдым. Мүлт жіберіппін, оқ қай¬та борады. Алғашқы екі жарақат¬тан әлсіреген мен көзім бұлдырап кетіп, бір шешімге келгендей бол¬дым да, шайқа¬лақтап жүгіріп келіп, оқ шашып тұрған ұяны кеудеммен жаба құладым» (Ж.Аупбаевтың «Бір ұрыста 12 жара¬қат» деген мақала¬сынан. «Лениншіл жас» 1980 ж., 9 мамыр). Шабуылға шыққан майдандастар фашистер¬дің 200-ге жуық солда¬тын, көптеген техникасын жойып, екі деревняны азат еткен. Осы ұрыста жауынгерлерді рота командирі, аға лейтенант Климов шабуылға көтереді. 1944 жылғы 18 қарашадағы осы ерлік жөнінде дивизиялық «За Отчизну», армиялық «Ленинский путь» газеттері жазыпты. Бірінде оны «геройски погиб» деп те жіберіпті. Бірақ ол тірі қалып, еліне де оралған. Оның мәнісі мынада екен. Амбразураны жап¬қанда, денесіне он екі жарақат алса да, аман қалыпты. Екі жыл бойы Таллин, Ленинград госпиталінде емделіп, 1946 жылы ғана елге қайтқан екен. Ал содан кейінгі өмір жолы, батыр атағына қанша рет сұрау салса да сол кездегі биліктің былқ етпегені туралы тағы да сол Ж.Аупбаевтың «Көзі тірі матросовшы» («Лениншіл жас», 1984 ж., 9 мамыр) мақаласында кеңінен сөз етіледі.
Өткен ғасырдың 1968 жылы КСРО-ға кең тараған «Известия» газетінің қосымшасы етжеңді «Неделя» апталығында «Біз¬де Матросовтар нешеу?» деген мақала шықты. Онда сондай-ақ, үш ер – Владимир Майборский, Товье Райз, Александр Удодов тірі екендігі жазыл¬ған. Ал Александар Матросовтың өз басы орыс емес, шын аты-жөні – Шакирян Мұхамедиянов, башқұрт ұлтынан шыққан. Туған жері қазір ресми деректерде көрсетіліп келген Ресейдің Псков облысы, Локнян ауданы, Чернушки елді мекені емес, Башқұртстан Республикасының Құнақбаев селосында туғандығын башқұрт журналисі Рауф Насыров дәлелдеп беріп отыр. Ал бұл есімді бала Шакирян теңізші болуды армандап, фамилиясын балалар үйінде жазғызғанда, аты-жөнін Александар Матросов деп жазғызып жіберген.
Жоғарыда аталған мақалаға келсек, Н.Бори¬сов КСРО әскери мұрағатының құжаттарын ден қоя зерттеп, 1941 жылдың 24 тамызында жау дзотының аузына денесімен құлап, ең бірінші болып осындай ерлік жасаған политрук Александр Панкратов екенін ІІ Дүниежүзілік соғыс тарихын зерттеушілердің назарына ұсынды. Н.Бори¬сов өз мақаласында Орта Азиядан бес қазақ – Сұлтан Баймағамбетов, Сүн¬детқали Есқалиев, Жұман Қара-құлов, Жанғазы Молдаға¬лиев, Ақәділ Сухамбаев және бір өзбек Тастемір Рүстемовтің есімдерін атайды.
Осы мақала шығысымен, солар¬дың ішінде елге тарап, аты аңызға айналған Александр Матросовтың ажал шашып тұрған жау дзотын құлай жауып, жанын қиған оның ерлігін жалғастыр¬ған қазақтар мен қазақстандықтар туралы ізденіс алаш жерінде кеңінен басталып кетті.
Белгілі жазушы, публицист, филология ғылымдарының кандидаты 2014 жылы өмірден озған бейімбеттанушы Тоқтар Бейісқұлов қазақстандық матросовшылар жайында деректер жинауға бел шеше кіріседі. Тынымсыз ізденіп, тапқан деректерінің негізінде «Лениншіл жас» газетінің 1968 жыл¬ғы 9 мамыр күнгі санында «Қазақстандық матросов¬шы¬лар» деген мақаласын жариялайды. Дәл сондай қаһармандық жасаған қазақ-стан¬дықтар қанша екен деген сұрақ елдің милетшіл азаматтарын терең ойландырды. Жерлесіміз Ұлы Отан соғысының ардагері, Волгоград қаласының құрметті азаматы Әбдірахман Өміржанов-тың «Қоса¬рым бар» деген мақа¬ласы «Лениншіл жас» газе¬тінің 1969 жылғы 7 ақпандағы санында жарияланды. Сталинград үшін ұрысқа қа¬тысып, аты аңызға айналған қаланы қорғап қалған қазақстандықтар аз емес. Бұрынғы Семей облысы, Абай ауданының Бес¬тамақ деген жерінде 1917 жылғы 18 шілдеде дүниеге келген Жанғазы Молдағалиев – солардың бірі. Жанғазыға ағайын болып келетін Әбдірахман атамыз батырдың өмірін, ерлігін зерттеп, мақалалар жазып, үлкен үлес қосты. Әбдірахман Өміржанов¬ 1963-1968 жылдар ішінде 1943 жылдың 23 қазанында Украинаның Елизарово селосынан үш шақырым жердегі, Чернопаровка маңындағы 167,2 биіктікке орна¬ласқан жауға шабуыл кезінде көзсіз ерлік жаса¬ған 39-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы, 120-шы полкінің екінші рота-сы¬ның командирі Жанғазы Молдағалиев туралы 495 беттік құжаттар жинап, жария еткен. Зерделі жандардың көп жыл қадағалап ізденуінің нәтижесінде қазақстандық матросовшылардың саны көбейе түсті.
ШОВИНИЗМНІҢ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН ЕРЛІК…
Кейінірек Тоқтар Бейісқұлов жинаған деректерінің ауқымын кеңейте келе, «Кеудесін оққа тосып…» деген екі баспа табаққа жуық кітапшасында қос шығысқазақстандық: шарлық Петр Карелин, аягөздік Сабалақ Оразалинов және Максим Южа-ков, Григорий Постольников, Иван Скуридин, Александр Васильев, Әбілқасым Арғынбаевтардың есіміндерін анықтап, Матросовтың ерлігін қайталаған қазақстандықтар санын 15 адамға жеткізеді.
Осы ұрысқа көтеру кезінде жаудың жасырын дзоты кенеттен оқ жаудырып қоя береді де, шабуылға көтерілген жауынгерлер еш қалқасы жоқ жерге жабысып бас қорғалауға мәжбүр болды. Осы ұрыстағы жеңіс тек осы дзоттың көзін жойғанда ғана келеді. Ал бас сауғалар бұталарға дейін 30 қадам бар еді. Жер бауырлай жылжыған қазақ сарбазы әуелі қолындағы екі гранатасының бірін дзот аузына лақтырғанымен, аз-кем үнсіз қалған жау пулеметі қайыра ажал төкті. Оқ тиген сол қол сырқырап барады, екінші гранатадан қайыр болмады. Бар амал – пулеметті кеудемен жабу ғана. Сабалақ орнынан тіке көтеріліп, кеудесімен дзотты жапты. Дүние тымтырыс күй кешті. Батыр ештеңені сезінбеді. Абдырап қалған жау оқжауғыштарының көзін автоматпен Алексей Кузнецов құртты. Кедергіден құтылған рота атакаға көтерілді.
Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің мұрағатында қазақ жігітінің ерлігі көптеген жауынгерлердің өмірін сақтап, оның майдандас серіктері жаудың 200 жауынгерінің көзін құртып, екі бірдей елді мекенді азат етті деп жазылған. Атамыздың денесін санитарлар тауып алса, рота писары оны өлдіге санап, аралдағы бауырластар зиратына есімін ойып жазады.
Жылдар өткен соң, медқызметтің доғарыстағы аға лейтенанты А.Афанасьева (Пушкова) ханым Александр Матросовтың ерлігін қайталаған еңсегей денелі қазақ жігіттің медсанбатқа әкелген кезде тамыры бүлкілдеп соғып жатқанын аңғарып, өмірін ажалдан арашалап қалу үшін барын салғанын еске алып, өз бетімен іздеу салады. Дәрігерлердің жанталасы босқа кетпей, атамыз ажалды жеңіп шығады. Қанның көп кетуі әрі жарақаттың ауырлығынан Сабалақ ұзақ емделді. Ал ол құрамында соғысқан рота бұл кезде Берлинді бетке ұстап, батыр сарбазын мүлдем естен шығарады.
Соғыстан кейін Қызыл Тулы 131-ші Ропшин дивизиясының ардагерлер кеңесі майдандастарын іздестірген кезде, Сабалақ Оразалиновтың тірі, 2-Алматы бекетінің жүк бөлімінде кезекші болып істейтінін әрі жеті бала тәрбиелеп өсірген өнегелі отағасы екенін біле алды.
Кеңестік кезеңде С.Оразалиновтың ерлігі жайында Қазақстан журналистері көптеген мақалалар жазды.
1980 жылы Қазақ теледидары Сабалақ Оразалинов туралы: «Ваш подвиг не померкнет в веках» атты деректі фильм түсіріп, оны КСРО орталық арналары бүкіл Қызыл империя бойынша көрсетті. Осы көрсетілімнен кейін С.Оразалиновқа КСРО-ның түпкір-түпкірінен хат-хабар қарша жауады. Соның бірі – Дондағы Ростов қаласындағы майдангер Константин Чернышевтың жеделхаты мынандай: «Дорогой Сабалак, совершенный вами героический подвиг, мужество и отвага в период Отечественной войны золотыми буквами вписаны в историю ленинградского военного округа. Ваше имя и подвиг бессмертны…».
Атамыздың КСРО-ның Эстония, Ленинград және басқа өңірлерінде тұратын майдандас серіктері кеңес-партия органдарына Сабалақ Оразалиновқа КСРО Батыры атағын беру мәселесін көтерді. Бірақ орыстың әсіреұлтшылдығы парасатты санадан жоғары түсті.
1990 жылы Мәскеудегі әскери баспа құрастырушылары Социалистік Еңбек Ері, артиллерияның бас маршалы В.Толубко, Кеңес Одағының Батыры генерал-полковник П.Горчаков, жазушылар А.Алтайский, А.Коваленко, т.б. болып табылатын «Бессмертное племя матросовцев, 1941–1945» деген жинақ шығарды. Онда ІІ Дүниежүзілік соғыстың орыс-неміс майданындағы өз денесімен жау дзотының амбразурасын жапқан 300-ден аса жауынгерді сөз етті. Тірі қалған алты адамның аты-жөндері А.Ударов, С.Кочнев, В.Майборский, Т.Райздармен бірге Сабалақ Оразалинов аталады.
Бауыржан Момышұлы: «Өліні қа¬дірлемеген, тіріні құрметтемейді» деген. Сабалақ Оразалинов – қандай құрметке болсын лайық ұлт батыры. Аякөздіктер өз батырына кезінде ала алмай кеткен батыр атағын алып беруге күш салады деп сенеміз.
Серік Әбілқасымұлы, Жарма ауданы.