Жатақхана құрылысы жанданды

Шығыстың білімді жастары жатақханасыз қалмайды. Облыс әкімдігі студенттер үйінің құрылысын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асырмақ. Семейге келген аймақ басшысы жеке кәсіпкердің қаражатымен күрделі жөндеуден өткен жатақхананы аралап көрді.
Титов көшесінде орналасқан бұл ғимарат кезінде әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың интернаты болған. Бірнеше жыл бойы бос тұрған ғимаратты жеке инвестор сатып алып, оған күрделі жөндеу жүргізген. Атап айтқанда, мұнда су құбыры, электр және кәріз жүйелері, сондай-ақ жылу жүйелері толығымен жаңасына ауыстырылды. Сонымен қоса, жаңа терезелер орнатылып, еурожөндеу жұмыстары атқарылыпты. Негізінен бұл нысан 350 орынға шақталған. Енді инвестор, облыс әкімдігі келісе отыра, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде ғимаратты Қалматаев атындағы медициналық колледжге жатақхана ретінде жалға бермек. Кәсіпкердің бұл ойын облыс әкімі құптап отыр.
– Президенттің студенттерді жатақханамен қамту тапсырмасына келер болсақ, осы жылы облыстық білім басқармасының қаржыландыруымен электр техникалық колледждің жатақханасын қайта қалпына келтіреміз. Сондай-ақ осы ғимаратты ретке келтірген кәсіпкермен, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шарты жасалатын болады. Осылайша 1 қыркүйекке дейін Семей қаласы 800 орынға арналған екі жатақханамен толығады. Тұтастай алғанда, жақын уақытта 11 жатақхананы ретке келтіруіміз қажет. Оның екеуін іске қосатын күн алыс емес. Қалған 9-ы бойынша жер учаскелері берілді. Соған сәйкес жобалау жұмыстары қарқын алды. Олардың ішінде біреуінің құрылысы басталып та кеткен, – деді Даниал Ахметов.
Айта кетейік, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» негізінде 2022 жылдың соңына қарай Қазақстанда студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу көзделген. Бұл ретте Қарағайлы шағын ауданында медицина университетіне қарасты тағы бір жатақхана бой көтеріп келе жатқанын айта кеткен орынды. Осы күндері оның құрылысы үдей түскен. Жобаға сәйкес, бес қабатты нысан жеті корпустан тұратын болады. Оның нәтижесінде қосымша 1000 студенттің әлеуметтік мәселесі шешілмек.
Жақсылық Мұратқали
Семей.