Жат елде жалауымызды желбіретті
Грецияда жүзуден халықаралық лицензиялық жарыс өтті. Бұл жарысқа Қазақстанның спортшылары да қатысты. Өскемендік Роман Трусов бәсекелестері арасында үздік көрсеткішке жетіп, жат жұртта жалауымызды желбіретіп, Әнұранымызды ойнатты.
Роман барсс әдісімен 50 метрлік қашықтықта жүзуде алдына жан салмады. Сондай-ақ, 200 метрлік қашықтықта да суырылып алға шығып, көмбеге бірінші болып жетті. Осылайша, өскемендік өрен екі бірдей алтын медальды иеленді. Бұған қоса 100 метрлік қашықтықта барсс әдісімен жүзуде күміс медальды еншіледі. Абсолюттік есепте және FINA кестесінде жинаған ұпайы бойынша жеңімпаз атанды.
Енді мамыр айында Теміртау қаласында тағы бір лицензиялық жарыс өтеді. Осы соңғы сынақта Роман Лондон Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізер деген сенімдеміз. Романды жаттықтырушылар Анна Сафонова мен Александр Смолеев баптап, жарыстарға даярлауда.