Қоғам

Жат ағымдарға қарсы бірлескен іс-қимыл қажет

Жат ағымдарға қарсы бірлескен іс-қимыл қажет


Облыстық дін істері басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен А.Пушкин атындағы кітапханада «Өзара іс-қимыл – бейбітшілікке бастар жол» тақырыбында өңірлік конференция-диалогы өтіп, онда мемлекет пен діннің қарым-қатынасы, дәстүрлі емес діндердің қоғамдық санаға ықпалын әшкерелеу, діни экстремизмнің алдын алудағы азаматтық институттардың орны мен атқаратын қызметі, радикализм, лаңкестік және экстремизм идеяларынан сақтандырудағы дәстүрлі исламның тарихи маңызы сияқты мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Конференция жұмысына Астанадағы «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің дінтанушы ғалымдары, қалалар мен аудандар әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, дін істері жөніндегі мамандары, құқық қорғау органдарының, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, дін істері басқармасының және дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары қатысып, пікірлерін ортаға салды.

Облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Ернат Қыдырмоллаев қарастырылып отырған мәселелердің қазіргі қоғам үшін, әсіресе жастардың болашағы үшін аса өзекті екендігіне тоқталып, қатысушыларға оған қарсы тұрудың нақты жолдарын көрсетуді ұсынды. Астанадағы «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті ректорының ғылыми кеңесшісі, философия ғылымдарының РһD докторы, теолог, исламтанушы, ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі Мұхитдин Паттеев дінаралық диалог бейбітшілік кепілі екендігін нақты мысалдармен жеткізсе, аталған университеттегі оның әріптесі, теолог, исламтанушы, Қазақстан дінтанушылар конгресі қоғамдық бірлестігінің діни сарапшысы Мұхан Исахан саяси-экономикалық және әлеуметтік дағдарыс кезінде бейбітшілікке үндейтін мұсылмандық ұстаным қағидаттарына тоқталды. Екі ғалым да таза Исламның атын жамылып, оның құндылықтарына күйе жағушылармен күрес әсте толастамайтындығын атады.

Ал Астана қаласы әкімдігі дін мәселелерін зерттеу орталығының деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық көмек беру бөлімінің меңгерушісі Лимана Қойшиева теріс ағымдар қызметінен зардап шеккендерге оңалту шараларын жүргізу тәжірибесімен бөлісті. Ол әсіресе, әйелдер жамағатымен жүргізілген жұмыстар жайында баяндады.

Атап өтерлігі, мұндай фактілер биыл біздің өңірде де кездескен болатын. Мәселен, салафизм бағытын ұстанатын, өзінен он жас үлкен жігіттің айтқанына сеніп, оған тұрмысқа шығуға келіскен, сөйтіп дәстүрлі емес діни ағымның жетегінде кеткен, кейін теолог мамандардың көмегімен әрең отбасына оралған он жеті жасар бойжеткен туралы бұған дейін газетте жазғанбыз.

Дін мәселелерін зерттеу орталығы мамандарының айтуынша, биыл жазда Ұлан ауданындағы Сібе көлінің жағасында ұйымдастырылған төрт күндік семинар деструктивті ағымдардың алдын алуда біраз мәселені шешіп, үлкен ықпалын тигізген. Енді өңірдегі діни уәждеріне байланысты екпеден бас тартатын отбасылармен бірлескен жұмысты жалғастыру қажет.

– Екпеден бас тартатындарды райынан қайтаруда біздің орталық пен денсаулық сақтау саласы мамандары бірлесе жұмыс істеп келеді, бұл шаруа алда жалғасын табады, – дейді Ернат Қыдырмоллаев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің маманы Лиля Нұртаева бүгінде тек діни уәждеріне ғана байланысты емес, екпеден бас тартатындар жай адамдар да барлығын айтып, оларға түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілетіндігін айтты. Облыстағы ішкі істер саласының, жастар ұйымдарының, ЖОО-ның өкілдері радикалды діни идеологияға қарсы тұрудағы өз ойларымен бөлісті. Мәселен, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрайымы, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Маржан Бахытқызы облыстың қалалары мен аудандарында жастардың бірыңғай мәліметтік қорын құру керек деген ой айтты.

– Сол арқылы олардың қандай іспен шұғылданып жүргенін бақылауда ұстауға болады. Себебі, қазір мектеп түлектерінің қайда жүргені туралы да деректер жоқ. Үнемі жастарды жинап форум, флеш-мобтар өткізгеннен гөрі, осындай маңызды шаруаларды қолға алсақ, – дейді Маржан Бахытқызы.
Ал өңірдегі жетекші дәстүрлі діни ағымдардың өкілдері тек жұдырықтай жұмылып, қоғам болып күрескенде ғана деструктивті ағымдардың қызметіне тоқтау сала аламыз дейді.

– Бұл мәселеде мемлекет тарапынан да, мешіттер, имамдар жағынан да аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Оны жасырмаймыз. Салафизм ағымының жетегінде адасып жүргендерді тек өзіміздің патриоттық сезімімізбен, ұлтшылдығымызбен, ата-бабамыздың мұрасын, салт-дәстүрін мақтан тұтумен, жерімізді бағалаумен, елімізді қорғаумен ғана баса аламыз. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының қолданыстағы тиісті заңнамасын сақтау қажет. Бәріміз қоғам болып бірлесе күш салуымыз керек, – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен аймағы бойынша өкіл имамы, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай.

Кезекті өңірлік конференция-диалогтың қорытындысын шығарған жиналғандар өзге мақсаттағы діни ағымдардың ықпалын тек бірігіп қана әлсірете аламыз деген ортақ шешімге келді. Сондай-ақ қазақстандық қоғамның конфессияаралық келісімін нығайтуға, мемлекеттің дін саласындағы саясатын іске асыруға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары мен дін істері басқармасының және дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары Алғыс хатпен марапатталды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button