Жасырын шағымдар да қараусыз қалмайды

Облыс әкімдігінің Контакт орталығында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облыстық департаменті мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Ерхат Жәлеловпен тікелей байланыс өтті.
Мемлекеттік қызмет құрылымының бұл саласына 2020 жылға қарай мемлекеттік қызметтің 90 пайызын электронды жүйеге көшіру міндеті қойылып отыр.
Тікелей байланыс кезінде балабақша кезегі, әлеуметтік төлем рәсімдеу, анонимді шағымдардың тағдыры сияқты мәселелер бойынша сауалдар түсті.
-Мемлекеттік қызметтің қай салаларында даулы мәселелер жиі кездеседі?
-2018 жылы бізге жеткен шағымның 30 пайызы жер қатынастары саласына тиесілі. Шағымдардың мазмұны бір-біріне ұқсамайды. Қосымша жер телімін алу бойынша көптеген түсінбеушіліктер бар. Мысалы, өзіңізге тиесілі жер теліміне ғимарат салып, көлік жуатын орын ашқыңыз келді дейік. Ол үшін нысан орналасқан бөлікті қосымша телім ретінде қайта рәсімдеу қажет. Ол телім мемлекеттік конкурс арқылы берілуі керек. Жергілікті мамандар осы талапты ескермей, жерді конкурссыз рәсімдеп жатады. Бұл мемлекет үшін шығын, өйткені аталмыш конкурстардан бюджетке кіріс кіруі керек.

-Баламды электронды портал арқылы балабақша кезегіне қойған едім. Басында 531-ші болып тіркелгенмін. Қазір 567 сатыға ығысып қалыппын. Бұл қалай?
-Облыс бойынша екі ақпараттық жүйе бар. Бірі – сіз айтқан Garden жүйесі болса, екіншісі – Damu. Med медициналық порталы. Білім заңы бойынша кезекке тұру кезінде артықшылыққа ие тұлғалар бар. Көпбалалы отбасы мүшелері, тұрмысы төмен отбасылар деген сияқты. «Әскери қызметкерлер» туралы Заңда әскерилерге де кезек басымдығы берілген. Сіздің кезегіңіз осы себептердің бірінен төмен сырғыған болуы мүмкін. ЖМК ауданындағы «Балапан», «Күншуақ» сияқты балабақшаларға іліну өте қиын. Әскерилердің көбі сонда кезекке тұрады. Білім және Қорғаныс министрліктеріне кезек басымдығын араға үш бала салып берсе деген ұсыныс айтып отырмыз.
-Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылғандарға мемлекеттік қызмет саласында қандай көмек түрлері қарастырылған?
-Ондай көмек түрлер баршылық. Мысалы, мүгедектерге салық жеңілдігі қарастырылған. Бұл туралы толық мәліметті «Азаматтарға арналған үкімет» порталынан алуға болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында бірнеше мемлекеттік қызмет түріне бір жолда тапсырыс беру тетіктері әзірленуде. Тұрғындардың өз бетімен жұмыс істеуі үшін интернетке қосылған компьютерлер орнаттық. Бұл бұрыштар қоғамның кез келген өкіліне қолжетімді.
-Мемлекеттік қызметшінің әрекетінен заңсыздық байқалса, видеоға түсіре аламыз ба?
-Мемлекеттік қызметке жүгінуші қызмет көрсетуші тарапынан заңға қайшы әрекет байқаса, видеоға түсіріп, Өскемен қ., Тәуелсіздік көшесі, 4 мекенжайына, usluga_vko@mail.ru электронды поштасына, 8-777-152-28-91 WhatsApp нөміріне жолдай алады. Бұл БАҚ өкілдеріне де қатысты. Бірақ ол материалды әлеуметтік желіге жариялаудың тәртібі бар. Соған сақ болу қажет.
-Анонимді арыз-хаттар неге жауапсыз қалып жатыр? Аты-жөнін айтуға сақтанатын хат иелерінің үніне кім құлақ асады?
-Жемқорлық деректері болмаса, өзге анонимді шағымдар қаралмайды. Заң солай. Анонимді хаттың әрбірін жеке талдамасақ та, жалпы сұрыптау жүргізіп, талдау жасап отырамыз.
-Мемлекеттік қызметшінің әрекетін видеоға түсіруге болады. Ал мемлекеттік қызметкер өзін қорғау үшін ондай әрекетке бара ала ма?
-Қызмет көрсету сәтін аудиоға немесе видеоға түсіруге заң тыйым салмайды. Бірақ оны жариялау үшін жеке тұлғаның рұқсатын алуыңыз қажет. Бұл материалды соттың алдында пайдалана аласыз. Негізінен, мемлекеттік органдардың кеңселерінде видеобақылау орнатылған. Ол туралы ескертпе ақпарат та ілінген.
Есімжан Нақтыбайұлы