Қоғам

Жақсылық Үшкемпіров Марқакөлге неге келді?

Жақсылық Үшкемпіров Марқакөлге неге келді?


Теректі ауылындағы Әбілхан Хамитов басқаратын «Марқакөл-А» шаруа қожалығы 1996 жылы құрылған болатын. Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын қожалықта бүгінгі таңда 25 адам тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар 62 гектар жерге бидай, 70 га күнбағыс, 20 га көпжылдық шөп өсіріліп, бұл дақылдар да мал азығы үшін пайдаланылады. Шекаралық жүйенің арасындағы әжептәуір кең алқапты барша талаптар мен келісімдерге сай рәсімдеп алған Әбілхан Айтқалиұлының осы аралықта тек өзіне ғана тиесілі 3000 гектар жері бар екен. Осы алқаптың 182 гектары – егістік, 200 гектары – шабындық, қалғаны жайылымдық жер.

Түлік жағына келер болсақ, «Марқакөл-А» шаруа қожалығында қазіргі кезде 150 ірі қара мен 400 бас қазақтың жабы тұқымдас асыл тұқымды жылқысы өсіріліп жатыр. Нақтылап айтар болсақ, қазақтың жабысын орыстың ауыр жүк тартатын (тяжеловоз) жылқысымен будандастыру нәтижесінде алынған ерекше тұқым. Ол ғылыми түрде «Қаба типті қазақтың жабы тұқымдас жылқысы» деп аталады. Өйткені, осы ғылыми жұмыстардың барлығы – кезінде Қаба өңіріндегі «Қаба» совхозында Әбілханның ағасы Әсімхан Хамитовтың тікелей күш салып, ғылыми тұрғыда ерінбей атқарған еңбегінің жемісі. Тебінге бейім, Қабаның аязды, қалың қарлы қатаң табиғатына төзімді осы будан он-он бес жылдық тынымсыз еңбектің нәтижесінде дүниеге келді. Сол кезде совхоздың бас зоотехнигі болған Әсімхан Айтқалиұлы 1989 жылы осы жұмыстар барысында Ресейдің Рязань қаласында кандидаттық» диссертация қорғаған болатын.

– Бастапқыда бұл шаруаның маңызын ұғынбай, кәдімгідей кедергі жасағандар да көп болды, – дейді Әбілхан. – Дегенмен, Әсімхан ағайым жалықпай еңбектеніп, барын салып жүріп, өз бағытының дұрыстығын дәлелдеп шықты. Асыл тұқымды айғырларды сонау Ресейден тасыды. Он екі жыл Төсқайың ауылдық округінің әкімі болып қызмет істеген кезінде де ойына алған жоспарын үзбей, одан әрі дамытумен болды.

Зейнет демалысына шыққан соң ғалым-зоотехник кезінде «Азамат» шаруа қожалығы» деп аталған шаруашылығын інісі Әбілханның қожалығымен біріктірді де, өзі оның сенімді көмекшісіне, кеңесшісіне айналды.

Қаба типті жабы тұқымдас жылқының атағы бүгінде талай жерге мәлім болып отыр. Одан айғыр, жас жабағылар мен құнандар сатып алу үшін Төсқайыңға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп жататын адамдарды талай көргенбіз. Ал Қабаға қазақтың әйгілі ұлдарының бірі, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, жылқы тұқымын асылдандырумен көптен бері айналысып келе жатқан ғалым-зоотехник Жақсылық Үшкемпіровтің келуі – шын мәніндегі айтулы оқиға.

– Біздің жылқыны көргенде Жақсылық шынымен таң қалды, – дейді Әбілхан Айтқалиұлы. – Байыптап қарап, үңіле зерттеген ол бір кезде бізге қарап: «Керемет, – деді басын шайқап. –Жігіттер, жылқының мынадай тұқымынан айырылуға, оны жоғалтуға біздің ешқандай хақымыз жоқ!».

Өзінің қоластындағы шаруа қожалығында 3 мың жылқысы, 4 мың ірі қарасы бар, сол шаруашылықтың арқасында екі-үш ауылды асырап отырған Ж.Үшкемпіровтің бұл сапарда көздеген мақсаты төмендегідей екен. «Күршім ауданымен жақын танысқым келді, – дейді чемпион. – Әйгілі Марқаның көлін тамашалап, атағы дүрілдеп келіп жататын Қаба типті жабы тұқымды жылқыны өз көзіммен көріп, реті келсе, кейін осы өңірден айғыр, бір жарым жасар жабағылар сатып алып, өз жылқымның қанын ауыстырсам деймін».

Ал «Марқакөл-А» шаруа қожалығының ұжымы ет-сүт бағытындағы қазақтың ақбас сиырын асылдандырып, жылқымен бірге одан әрі молайта беруге күш салуда. Әбілхан асыл тұқымды екі жас бұқаны Жаңа Шүлбідегі «Лазарев ЖШС» атты шаруашылықтан әрқайсысын 320 мың теңгеден сатып алып келген екен. Сондай-ақ, олар Жарма ауданындағы «Шалабай» шаруа қожалығымен келісім-шарт жасасып, ірі қараны асылдандыруды одан әрі дамытуды қолға алып жатыр.

Шекаралық жүйенің ішінен орын тепкен сиыр фермасы мен жылқы ауылы үшін барлық жағдай жасалған. Жарық бар, телефон байланысы тұрақты. Малшылар теледидар көріп отыр.

Қожалықтың өзінде бес доңғалақты, үш шынжыр табанды трактор, ГАЗ-53, ЗИЛ-131 жүк автомобильдері бар. Бір автобус пен екі «УАЗ» көлігі де сақадай сай. Егін орағы кезінде комбайн әрдайым әзір тұрады. Ал паркте кесетін, тесетін аспаптар, токарь станоктары, дәнекерлегіш агрегаттар тегіс жұмыс істеп тұр.

Өнегелі де іскер жанұяның отанасы, жұбайының сенімді серігі Жайлы Қабайқызы кәсіпкерлікпен айналысады. Оның қоластында халыққа қызмет істеп жатқан дүкен, наубайхана, дәмхана бар.

Ұлағатты отбасында тәрбиеленген ұл-қыз да талапты әрі еңбекқор болып өсті. Үлкен ұлдары Аянның мамандығы – зоотехник, ол қазір әкесінің жанында тиянақты тірек болып, бар шаруаны дөңгелентіп жүр. Екінші ұлдары Айдын – шекара әскерінің подполковнигі, ол қызметті Тараз қаласында атқаруда. Ал қыздары Алина Өскемендегі бір банкте несие бөлімінің қолдау қорында жұмыс істейді.

Еліміздің Шығысындағы шалғай шет, қиян өлкеде тірлік кешіп жатқан «Марқакөл-А» шаруа қожалығының келешекке жобалаған шаруалары ауқымды. Әбілхан Айтқалиұлын жақсы білетін біз оның қандай қиындықтарға жолықса да межелеген биіктен көздеген уақытта көрінетініне күмәнсіз сенеміз. Сондықтан да, бұл шаруашылықтың болашағы мығым, атқаратын істері әркез өнімді де нәтижелі.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы

Осы айдарда

Back to top button