Руханият

Жасыл әлемге жетелейтін кітапхана

Жан дүниеңіз жасыл әлемге құштар, болмысыңыз табиғатқа жақын болсын десеңіз Өскемендегі өзгеше кітапханаға барыңыз. Ол жерде сіз жап-жасыл әлемге тап боласыз. Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың №2 бөлімшесінде «Борис Щербаковтың жасыл үйі» атты экологиялық жоба басталды.

Жасыл әлемге жетелейтін жаңа жобаның мақсаты –еліміздің экологиялық жағдайымен жұртты таныстырып, табиғатты қорғауға шақыру.

– Өскелең ұрпақты экология туралы ойлауға бағыттайтын жоба №2 қалалық кітапхананың базасында жүзеге асырылады. Мұнда біздің жерлесіміз, биология ғылымдарының кандидаты, жазушы Борис Щербаков авторлық курстар өткізеді. Курстарда Борис Васильевич балаларды Шығыс Қазақстанның флора және фауна әлемімен таныстырады. Ашық сабақтарға қаланың эколог мамандары да шақырылады, – деп жазды қала әкімі Жақсылық Омар Фейсбук әлеуметтік желісінде.

Көпшілік оқырманға арналған бұл кітапхананың қоры енді жоба авторының кітабымен толыға түскен. Әр оқырман өзіне ой салар кітаптарды оқып, табиғат тілін түсіндірер игілікті іс-шаралардың куәгері болам десе осы кітапханаға баруына болады.

– Кітапханамызда балаларға, жасөспірімдер мен ересектерге арналған қорымыз бар. Кітап қоры 43 мың данадан асады. Студенттерге де цифрлық әдебиет қарастырылған. Осында жүзеге асатын жоба авторы орнитолог, биология ғылымдарының кандидаты Борис Щербаковтың да 36 кітабы бар. Енді оның еңбектеріне сүйене отырып, Шығыс Қазақстанның, Өскемен қаласының экобайлығын жастарға дәріптейтін боламыз, – дейді кітапханашы Сәуле Жүнісбекова.

Қоршаған ортаны қорғап, экологиялық жүйеге жанашырлық таныту әрбір жанның басты мақсаты болуы керек. Өйткені табиғат біздің тынысымыз.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button