Қоғам

Жасыл алаңда – журналист, актер, асаба

Шығармашылық адамдарына да спортпен шұғылдану керек-ақ. Табиғаты нәзік жандарға сыртқы күштерден қорғану үшін… деп ойлауыңыз мүмкін. Оныңыз да дұрыс шығар. Бірақ біздің айтпағымыз басқа.

Шығыстағы журналистер қауымының аяқдопқа ден қойғанына біраз жылдың жүзі болды. Оның басында «Дидар» газеті бас радакторының орынбасары Серік Әбілхан мен аталмыш басылымның спорт журналисі Нұржан Кенжеұлы тұр. Екеуі бастапқыда өзге әуесқойларға қосылып, түрлі алаңдарда, түрлі жарыстарда доп теуіп жүрген. Кейіннен, соңғы екі жыл беделінде Роналду мен Мессиге жанкүйерлік ететін қаламдас інілерінің қарасы молайған соң, жеке команда жасақтады. Елорда мен Талдықорған шәрінде өткен жарыстарға алып барып, ұжымды республикаға таныта бастады.

Әлбетте, аламанға қосар алдында арғымақты жүгіртіп, ащы терін алады. Сол секілді біздің тілшілерге де бап керек болды. Биыл сол мақсатта өз ішімізде (облыс бойынша) тұрақты чемпионат басталды. «Өнер және шығармашылық адамдары арасында шағын футболдан SuperLIGA 16 тұрақты чемпионаты» деп аталған жарысқа бәсеке жоғары болу үшін өнер иелері мен баспасөз қызметкерлері де шақырылды. Сайыстың алғашқы маусымы «Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің 10 жылдығына арналды.

Футболшы «рөлінде» актерлер

«Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Азамат Қасым ағамыздың теннистегі шеберлігіне куәміз. Ол тақтай үстел бетінде жұдырықтай шарға қалай иелік етсе, жасыл алаңда теңбіл допты да дәл солай тебе біледі екен. Ал «31-арнаның» журналисі Жанболат Санияз ағамыз осы жазда ғана Талдықорғанға Сейдахмет Бердіқұлов турниріне барып қайтқан. Сонымен екеуі республикалық басылым мен телеарналардың Шығыстағы тілшілері және мекемелердің баспасөз хатшыларынан бір команда жасақтады.

«Уатсаптағы» топта «Шабыт» ақындарын Мұратхан Кенжеханұлы ағамыз, ал «Көкпекті» газетінің «жауынгерлерін» Дархан Бердібек бастап келетінін жазса, Ерлан Қабатай асабалардың атынан бір команда барын айтып, дауысын жіберді. Өзінің айтуынша, онда жан-жақтан келген «жұлдыз» жігіттер ойнайды, сондықтан команданың аты елде жоқ – «Галактикос». «Жұлдыз жігіттерді» сол сәтте-ақ түсінсек те, «жан жақтанның» мәнісін кейін, жасыл алаңға жиналғанда бірақ білдік.

Шынын айту керек, жастар театрының артистеріне ұсыныс айтылса да, олардың кейін турнир фавориттерінің біріне айналатынына ешкім сенген жоқ. Жасыл алаңды сахнадай көрген актер қауымның бірі Ван Дейк сынды шашын буып, екіншісі Суарестей сұстанып, үшіншісі Питер Краучтай кәдік адымдап, футболшының «рөліне» тез-ақ еніп кетті.

Бұл аталған бесеуден өзге тағы үш ұжым бар: «Алтай» телеарнасы, «Менің өлкем» газеті және «Дидар» газеті.

Сегіз қырлы, бір сырлы

Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттерден құралған сегіз ұжым бір-бірімен бір жарым ай көлемінде айналып ойнап шықты. Жоғарыда айтқанымыздай, артистердің, сосын жан-жақтан жиылған «жұлдыздардың» топтан шығары алғашқы апталардағы кедесулерде-ақ мәлім болды. Олардан кейін «Дидар» газетінің жартылай финалға жолдама аларына ешкім күмәнданған жоқ. Ал енді сенбі сайын екі жүз шақырым қашықтықтан келіп-кетіп жүрген көпектіліктерге кейбір командалардың «обал болдысын» айтып қойғаны анық еді. Алайда талапшыл капитан әрі редактор Дархан Бердібек топтық кезеңнің шешуші ойынына қоластындағы жігіттерді мықтап қайрап алып келіпті.

Ол ол ма, «Көкпектіңіз» жартылай финалда фаворит «Театрды» да жеңіп шықты. Жеңіп шықты да, «Галактикосты» ұтқан «Дидармен» кездесті. Финал!

– Медиахолдингіміздің 10 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл шара аса тартысты өтті. Басынан аяғына дейін интригаға толы болды. Тұрақты чемпионаттың келесі  маусымына биылғыдан қалыс қалған өнер және шығармашылық ұжымдары қатысатынына сенеміз, – деген «Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің басқарма төрағасы Нұрбек Бекен жеңімпаздарды марапаттады. Үшінші орын – «Галактикос», екінші орын – «Дидар», бірінші орын – «Көкпекті».

– Осы турнирде ең көп жеңілген, қақпаға ең көп гол өткізген команда – біз. Кейіннен қарасам, футболист журналистердің ардагері де біз екенбіз. Бұл жарыс мейрам күніндей басталып, мейрам күніндей түйінделді. Өнердегі, шығармашылықтағы жерлестерімізбен жақынырақ араласып, арқа-жарқа болып қалдық. Енді келесі маусымда, Дарын Абашұлы, Ермек Құрманғали бастаған асабалардың өздері төбе көрсетер деген ниеттеміз. Биыл олардың орнын жоқтатпаған дыбыс режиссерлері мен рэперлерге рақмет, – деген «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Азамат Қасым медиахолдингтің үздік ойыншыларға тағайындаған арнайы жүлдесін табыстады. Үздік қақпашы – Ерлан Қабатай («Галактикос»), үздік қорғаушы – Нәдір Сұңғатолда («Театр»), үздік шабуылшы – Еділ Мекешов («Театр»), үздік ойыншы – Дархан Бердібек («Көкпекті»).

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button