Жақсы жар болудың сыры неде?
Адам өміріндегі ең маңызды дүние – жар таңдау. Жар таңдауда қателеспей, өмірлік сыңарыңды адаспай тапсаң, жолыңның болғаны. Мынау өмірде жаныңа жақын жарыңнан артық сені ешкім түсініп, демеу де бола алмайды. Ал бүгінгі қыздарымыз күйеулеріне жақсы жар бола алып жүр ме? «Ақмоншақтың» бүгінгі санында осы мәселені сөз еткелі отырмыз.
Жалпы, біздің халық қашаннан-ақ жар таңдау мәселесіне ерекше көңіл бөлген ғой. Әсіресе, ер-азаматтың өмірде айы оңынан туып, жұлдызының жануы алған жарына тікелей байланысты деп білген.
Жақсы болса алғаның, үйіңнен кісі кетпейді,
Жаман болса алғаның, шын досың да шеттейді, – дейді біздің қазекем. Жақсы әйел шаңыраққа шуақ шашып, жылуға бөлейді. Ер-азаматтың тілеулес дос-жаранының көп болуы да, жоқ болуы да – алған әйеліне байланысты.
– Мен күйеуіммен ұзақ отасып тұра алмадым. Тойымыз өткеннен соң, бір жылдан кейін ажырасып кеттік. Өйткені, күйеуімнің туыстары біздің жарасып жақсы үй болып кетуімізге мүмкіндік бермеді. «Жаңа отбасын құрып жатыр-ау, мазасын алмайық» деп ешкім де ойламады, – дейді Анар есімді келіншек. Өзінің айтуынша, Анар күйеуінің туыстарынан әбден шаршаған көрінеді. Осыған бола, күйеуі екеуі талай сөзге келіп, керілдесіп қалыпты. Ақыры болмаған соң, Анар үйден кетуге мәжбүр болған екен.
Айтыңызшы, бұл жерде Анардың қылығына не айтуға болады? «Туысың көп» деп күйеуін кінәлағаны дұрыс па? Қайта әрбір туыспен тіл табысып, көңілін табуға неге тырыспады? Өкінішке орай, біздің көптеген қыздарымыз тұрмысқа шыққан соң, күйеуін өзінің жеке дүниесіндей меншіктеп алатын секілді. Оның да ата-анасы, апа-қарындасы мен іні-бауыры, жора-жолдасы бар екенін есінен шығарып алатындай. Күйеуін өзінің туған-туысымен араластырмау – оны тамырынан ажырату, қуанышынан айыру емес пе? Бұл – жалғыз Анардың ғана емес, көптеген аруларымыздың басындағы жағдай.
Үйге келген қонаққа бола қабақ шытып, ұрыс-керіс шығару әсте жақсы әйелге жарасымды қылық емес. Осы орайда сөзіме тұздық болуы үшін ел аузындағы бір әңгімені баяндай кетсем деймін. Бірде Қаз дауысты Қазыбек би ел аралап жүріп бір үйге түсіпті. Ерінің үйде жоқ екеніне қарамастан, әйелі қонақтарды қадірлеп күтіпті. Сонда Қазыбек би риза болып:
Мінген атың жақсы болса – бұл дүниенің пырағы емес пе?
Алған жарың жақсы болса, жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе? – деген екен.
Біле білсек, ұлы адамдардың бәрінің дерлік артында ақылды әйелдер тұр. Күйеулерінің жақсысын асырып, жаманын жасырып отыратын ақылды әйел де – ер адамның байлығы. Қазақтың «бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» деген дана сөзі өмірдің өзінен алынған.
Осы орайда қыздарымызға сүйгеніңді бақытты ету, жақсы жар болу өз қолыңда дегіміз келеді.
Мейрамтай Иманғали