Жақсы дәстүр жалғасын тапты
Көкпекті ауданындағы Үлкенбөкен ауылында жәрмеңке ұйымдастыру кеңес үкіметінен бұрын кең етек жайған болатын. Ауылда әлі күнге дейін Базарная площадь деген көше бар.
Міне, сол ежелден келе жатқан жақсы дәстүрімізді ескере отырып, үлкенбөкендіктер бұл игі істі қайтадан жалғастыруды қолға алды. Жәрмеңке өткізу қазіргі дағдарыс кезінде қолда барды үнемдеуге, қолда жоқты арзан, қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік туғызатыны рас. Ауыл жәрмеңкесінің ерекшелігі, бұл жерге ет, сүт, жеміс-жидек сияқты күнделікті өмірге қажетті азық-түлік түрлері ғана емес, халыққа керек-жарақтың бәрі шығарылады. Халықтың өзінен артылып отырған кейбір заттар да сұнда сатылады.
Өмір бойы мал шаруашылығында жұмыс істеген ақсақал өзінің атқа керек ер-тоқым, жүген, арба сияқты заттарын саудаға шығарса, енді бір тұрғын бау-бақшасынан алынған өнімдерін әкеліп, көпке арзан бағамен ұсынды. Ауыл тұрғындары қажетті азық-түлігін айырбас жасап та алып жатты.
Ауыл әкімшілігі жәрмеңкенің жәй өтпей, мәнді болып өтуін ойластырып, түрлі ойындар, іс-шаралар ұйымдастыруды да қолға алып отыр.
Әнел Назарханова
Көкпекті ауданы.