Қоғам

ЖАСТЫҒЫНЫҢ ӘР КҮНІ ЖАНТАЛАСПЕН ӨТЕДІ

ЖАСТЫҒЫНЫҢ ӘР КҮНІ ЖАНТАЛАСПЕН ӨТЕДІ

Бүгінде кез келген банктен несие алып, баспаналы болу немесе шағын кәсіпкерлікпен айналысу қалыпты жағдайға айналған. Десек те, банктен несиеге қыруар қаржыны алып ап, түкке жарата алмай, ақыры ту-талақайын шығарып, қашып-пысып жүргендер де аз емес.
Банктен алған несиесі күндіз күлкісін, түнде ұйқысын ұрлаған қазақ жастарының бірі – Әділ мен Самал. Бұлар әуелде өскемендік дәрігерлердің кеңесімен Риддерге қоныс аударуға мәжбүр болыпты.
– Келе сала жұмыс іздеп, жанталасқан алғашқы аптадан-ақ аурушаң баламыздың денсаулығының беті бері қарай бастағаны бірден байқалды. Өскеменде жүргенде екі күннің бірінде ыстығы көтеріліп, тамағы іріңдеп, лоқсып, құсып, ауруханадан шықпайтынбыз, – деп әңгіме бастаған Әділ осыдан соң ақылдаса келе, ұлдарының болашағы үшін осы қалада қалуға шешім қабылдағандарын айтты.
Әңгімелеріне қарағанда, дәулет қонып, бақ дарыған ағайын-туыс, таныс-тамыр екеуінде де жоқ. Өз сөздерімен айтқанда, қолдаушылары да, қорғаушылары да бір ғана Алла.
– Сондықтан, алғашқы күннен бастап өзіміз секілді мыңдаған қазақ жастарының маңдайына жазылған үрдісті үзбей, біз де пәтер жалдадық. Көзге көрініп тұрған жөндеу жұмысы да жоқ пәтерге ай сайын пәтерақыдан бөлек, 30-35 мың теңгені шытырлатып тұрып санап бергенде, ішің удай ашиды екен, – дейді әңгімеге араласқан Самал. – Қиын, әрине, бірақ, басқа амал қайсы? Әділ екеуіміз кешкілік «Не істеу керек?» деген тақырыптың айналасында бір-бірімізге ақыл қосқан боламыз. Әрі ойланып, бері ойланып, ақыры: «Ай сайын біреуге ақша бергенше, неге несиеге үй алып, соны төлемейміз?» деген байламға келдік.
Есептеп көрсек, бірде аш, бірде тоқ жүрсек те, айлығымызды жеткізуге болатын секілді.
Абырой болғанда, бұл кезде екеуі де жұмысқа орналасып үлгерген көрінеді. Ақшаның астында қалмаса да, ішіп-жем мен киім-кешекке тақыл-тұқыл жететін айлықтары бар.
Сонымен бұлар несиеге үш бөлмелі пәтер алып, ұзақ жыл кезекте тұрып, баспанаға қол жеткізгендей мәре-сәре болады. Шамаларының келгенінше туыс-туғандарын қоныс тойға шақырып, үйлерін көрсетіп дегендей.
Алайда, мұның бәрі уақытша қуаныш екен. Қазақта «Қарыз күліп келеді, жылап қайтады» деген сөз бар ғой. Арада аз уақыт өтпей жатып, белгілі бір мөлшерде қосымша табыс көзі болмаса, несие төлеу оңай емес екендігіне бұлардың көздері әбден жетіп, тығырыққа тіреледі. Енді не істеу керек? Самал келген бетте ескі танысы арқылы жалақысы жарытымсыз болса да, осындағы бір мекемеге есепші болып орналасыпты.
– Ақыры бір жыл ғана істеген жұмысымды тастап, сауда-саттықпен айналысуға бел будым. Өйткені, айлыққа қарап отырсақ, несиені төлей алатын түріміз жоқ. Не нәрсені айта салу ғана оңай ғой. Сауда-саттығыңның да толып жатқан өз машақаты бар көрінеді. Мысалы, сонау Алматыға барасың тентіреп. Ол жерде сен келе жатыр екен деп, көлігімен күтіп тұрған қайбір екі туып, бір қалғаның бар. Уақытты өткізбес үшін пойыздан түсе сала такси жалдап, барахолка базарына тартасың. Содан ол жердегілердің біреуімен айтысып, біреуімен тартысып, енді бірін әкелеп, тағы бірін көкелеп жүріп, алатын заттарыңның бағасын түсірткен боласың. Далада жатқан дүние бар ма? Олардың да өз есептері өздерінде. Кейде бес-он тиын ұтқан болсаң, кей кездері оңбай ұтыласың.
Күні бойы өліп-талып, ақысын төлеп, жалынып-жалбарынып жүріп жеткізген заттарыңды вагонға орналастыру да қып-қызыл ақша. Айналаңның бәрі – жалаңдаған сатушы мен жүк тасушы, тақылдап қалған таксистер. Одан қала берді, жолсеріктер (проводниктер) шығады алдыңнан, екі алақандарын ысқылап. Олардың дегеніне көніп, сұрағанын бермесең, тағы болмайды.
Ал енді осынша бейнетпен әкелген заттарың өтіп кетсе не керегі бар. Дүкенге кірген жандардың тым болмаса біреуі келіп, бір затыңды алса екен деп тұрғаның күні бойы бір құдайға жалбарынып.
Осы шағын ғана сауда орталығында жалға берілген 12 дүңгіршек бар. Солардың арасында жалғыз қазақ – мен. Алғаш келгенімде мұндағылар жан-жақтан қысымға алып, сыныққа сылтау іздеп, сыйғызбай қуып жібергілері де келген. Әйтеуір, бір Алла жар болды, қазір тіл табысып кеттік. Осы тірлігімізге де тәубе дейміз. Сенесіз бе, осы саудамен айналыса бастағалы бір жыл болды. Әзірге түсіп жатқан түсім шамалы, тіпті, жоқ деуге де болады. Әкелген заттарымыздың құнын шығарсақ, соған қуанамыз.
Енді не істейміз? Біреуге жалынышты боп, қол жайғанша, денсаулығымыздың барында ақырын-ақырын тырбанып, тірлігімізді жасай берерміз. Осылайша жанталаспасақ, өсіп келе жатқан ұлымыз бар, үйіміздің кредитін, мына дүңгіршектің ай сайынғы жалға алатын ақысын кім төлейді? «Өмір – күрес» деп үлкендер айтпайтын ба еді? Ендеше, сол өмірге күресу үшін келген жоқпыз ба? – дейді Самал әңгімесінің соңын әзілге бұрса да, салмағы сарыатанға жүк боларлықтай сауал тастап.
Қым-қуыт тіршіліктің таусылып бермес қиындықтарына мойымай, өз-өзіне жігер беріп жүрген қаракөз қарындасымыздың қайсарлығына сүйсініп, еңбегіне табыс тіледік…
Иә, дәл Самалдың тағдырына ұқсап, бірді екі ете алмай, жамылғысын басына тартса, аяғы тоңып, үмітінің оты бірде жанса, бірде сөніп, қаншама қазақтың қайсар қыздары жүр осынау өмір базарында.
Олар жай жүрген жоқ. Өмірдің көлденең тартқан ауыртпалықтарымен, қатал тағдырдың тосқауылдарымен талмай күресіп жүр.
Ал күрес жалғаса бермек.

Серік Құсанбаев

Риддер қаласы.

Осы айдарда

Back to top button