Руханият

Жастық шағымыздың ағасы

Жастық шағымыздың ағасы

Жақсылық деген ұмытылмайтын дүние ғой. Жұмәділ Әділбаев ағаны көрген сайын Өскеменнен қалай үй алғандығым еске түседі. Қазір үйлену оңай болғанымен, үй алу оңай емес. Мемлекетіміз бұл шаруаны реттеп, жастарға үй алу мәселесін әжептәуір жеңілдеткенімен, оның қаржылай ауыртпашылықтары, көбінесе, жеке адамдардың өз мойындарына түседі. Өйткені, бүкіл әлемдегі секілді біздің елімізде де нарық заманының заңдылықтары үстемдік құрып тұр. Ал біздің жастық шағымызда бұл мәселе сәл басқашалау реттелетін. Ол кезде мемлекет салған үйлердегі пәтерлер адамдарға тегін беріледі. Бірақ ол үшін кезекке тұруың керек.
Міне, осы ұжым ішінде кезекке тұру кейде тым ұзаққа созылып кетіп, адамдардың 10-15, кейде тіпті, 20 жылға дейін үйсіз жүретін жағдайлары да кездесетін.
Бір жақсысы, сол кездегі «Дидар» газетінде мұндай созылмалы оқиғалар орын ала қойған жоқ. Журналистердің көпшілігі әрі кеткенде 3-4 жылдың ішінде үйлі болып жатты. Мәселен, мен Марқакөл ауданындағы меншікті тілшіліктен газет редакциясына ауысып келген тұста Суханберді Оразалиев Жібек маталар комбинаты ауданынан төрт бөлмелі кең пәтерге кірді. Суханбердіден босаған қаланың ең бір көрікті тұсына орналасқан екі бөлмелі жайлы пәтер үйді кеңейту кезегін тосып жүрген құрдасым Уәлихан Тоқпатаевтың еншісіне бұйырды. Уәлиханның өзінің де дәл сол Суханберді тұрған үйде екі бөлмелі пәтері болатын. Ол бірден бір үйдің ішіндегі екі пәтердің иесі болып шыға келді. Өкімет ол кезде екі пәтер ұстауға рұқсат бермейтін. Сондықтан Уәлихан сол екі пәтерді қаланың тағы бір жақсы жеріндегі төрт бөлмелі бір пәтерге ауыстырып, даңғарадай кең үйге кіріп, сұлу мұрты майланып шыға келді.
Сонан кейін «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болып істейтін Оңдасын Елубай бес бөлмелі пәтер алғанда, одан босаған төрт бөлмелі пәтер тағы да «Дидарға» бұйырды. Оған Ғалым Байбатыров кірді. Осыдан кейін маған да қаланың ең бір көрікті тұсында тұрған қазіргі облыс әкімдігінің маңайы мен ерке Ертістің жағалауына жақын жерден үш бөлмелі жаңа пәтер алудың сәті түсті. Міне, осының барлығы екі-үш жылдың ішінде болған оқиғалар.
«Дидар» газетінің қызметкерлерінің сол тұстары қаланың ең көрікті жерлерінен жиі-жиі жақсы пәтерлерге ие болуының бір ұшығы сол кездегі газет басшыларына да байланысты еді. Олар сол кездің беделді адамдары болды. Мәселен, мені меншікті тілші қызметіне қабылдаған «Коммунизм туы» газетінің (қазіргі «Дидар») редакторы Манап Салықбаевты Зайсан ауданына келген кезде бүкіл аудан басшылығының орындарынан тік тұрып қарсы алып, қалай құрмет көрсеткендерін өз көзіммен көрдім. Ал Манап аға зейнеткерлікке шыққан кезде газеттің басшылық тізгінін екінші рет қолға алған Жұмәділ Әділбаев бұл қызметке облыстық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушілігінен ауысып келді. Былайша айтқанда, орысы қалың өнеркәсіпті облыстың бүкіл идеология саласын қолында ұстап тұрған еді. Бұл азаматтар беделді болғандықтан, газет қызметкерлері үшін қаланың көрікті жерлерінен жиі-жиі пәтерлер алып тұру мүмкіндігіне қол жеткізе алды.

Облыстың идеологиялық жұмыстары сеніп тапсырылды

Осы мақаламызда біз әңгімелегелі отырған Жұмәділ Әділбаев ағамыз өмірдің өршілдігінен қуат алып, шыңдалып өскен, өзіндік қасиетке ие, тұлғалы азамат. Ол ат жалын ерте тартып мініп, өмірге де ертерек араласыпты. Жастық шағының жалындап өткендігін өмірбаян жолдарына-ақ айқын аңғаруға болады.
1964 жылы орта мектепті бітіріп, сауаттылығының арқасында облыстық “Коммунизм туы” газетіне әріп қатесін түзетуші корректор болып қызметке орналасқан ол осы шағын қызметімен шектеліп қалмай хабар, мақала жазып дағдыланып, макет жұмыстарына да араласа бастайды. Журналист мамандығы үшін аса қажетті өткірлігі, елгезектігімен, жұмысты жедел атқару қабілетімен және қазақ, орыс тілдерін қатар меҢгерген жан-жақтылығымен бірден көзге түсіп, көп ұзамай-ақ облыстық газеттің білдей бір әдеби қызметкері дәрежесіне көтеріледі.
“Әлсіз адамды тағдыр билейді, әлді адам тағдырын билейді” деген батыс даналарының тамаша сөзі бар. Ал біздің қазақ халқы “талпынған жетер мұратқа”, “талапты ерге нұр жауар” дейді. Сол айтқандай, Жұмекең де алдына үлкен мақсаттар қойып, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, өндірістен қол үзбей білім көтереді. Сөйтіп, ол өзінің көптеген қатарластары жоғары оқу орнын бітіріп келіп, еңбек жолдарын енді бастағанда, оларға қарағанда өндірісте ысылып, едәуір тәжірибе жинақтаған, кез келген салада қалам тербеуге әзір журналист ретінде қалыптасып үлгіреді. Газеттің хабар, кеңес құрылысы, өнеркәсіп және күрделі құрылыс бөлімдеріне меңгеруші болып, өнеркәсіпті өңірдің күрделі проблемаларының газет бетінде көрініс тауып жатуына ұйтқы болады.
Осы тұста орда бұзар отызына толар-толмас жастағы талапты жігітке облыстық партия комитетіндегілер назар аударды. Оны ұйымдастыру-партиялық жұмыс бөліміне нұсқаушылық қызметке шақырды. Мұнда да ол өмірдің қайнаған ортасында жүрді. Өзіне жүктелген жұмыстарды жауапкершілікпен атқарып отырды.
1983 жылы өзі қызмет істеген облыстық газетті басқаруға жіберіледі. Дегенмен, екі жылдан кейін облыстық партия комитетіне қайта шақырылып, үгіт және насихат бөліміне меңгеруші болып тағайындалады. Сөйтіп, әлі қырық жасқа толып үлгірмеген жігітке үлкен облыстың идеологиялық жұмыстарын жүргізіп отыру жауапкершілігі сеніп тапсырылады. Сол кездің өлшемімен айтатын болсақ, бұл кез келген әріптесіміздің маңдайына жазыла бермейтін үлкен жетістік еді.
Дегенмен, өмір деген сайрап жатқан даңғыл жол емес қой. Әсіресе, сол тұста жоғарғы кызметтегі қазақ кадрлары ілуде бір кезДесетін Өскемен секілді өнеркәсіпті қалада тұрып, облыстық партия комитетінде жұмыс істеу қазақ жігіттері үшін жеңіл болған жоқ. Олар өздерін үнемі бабында тұратын қайраулы қылыш секілді сезініп, сақадай сай әзірлік пен өткірлікке, батылдыққа дағдыланды. Кеудені тік, намысты биік ұстады. Осындай жігерімен, сауаттылығымен, жан-жақты біліктілігімен елдің көзіне түсіп, құрметіне бөленген азаматтардың бірі – Жұмекең.

«Қазақ тілі» қоғамын алғаш құрушылардың бірі

Жұмекеңнің іскерлік қасиетінің өзі бір үлкен әңгіме. Мұның өзі оның кез келген жағдайда жедел шешім қабылдай алатын тапқырлығымен, ойының алғыр, тілінің өткірлігімен ұштасып жатады. 1990 жылы елімізде партия комитеттері таратылар қарсаңында ол облыстық газетке редактор болып қайта келген кезде алғашқы нарық қиындықтарының басталғаны белгілі. Міне, осы тұста, біздер облыстық газеттің қызметкерлері, Жұмекеңнің жоғарыдағыдай алымдылық, шалымдылық қасиеттерінің пайдасын біраз көрдік. Жұрттың көбі алты айлап жалақыларын ала алмай жүргенде, біздің жалақымыз бір ай да болсын кешіктірілген емес.
Жұмекең облыстық газеттің редакторы ретінде тәуелсіздіктің баянды етілуіне, насихатталуына үлес қосып, облыста “Қазақ тілі” қоғамын алғаш құрушылардың бірі болды. Газет ұжымы мен оның журналистері тәуелсіздік мәселесі, нарық экономикасы, кәсіпкерлікті насихаттау тақырыптары бойынша ұйымдастырылатын республикалық конкурстарға жиі қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болып жүрді.
Осыдан біраз жыл бұрын, яғни, Жұмекеңнің тұсында газеттің бай тарихын жинақтау, редакцияда еңбек еткен аға ұрпақ өкілдерінің еңбегі мен есімін есте ұстау мақсатында көптеген жәдігерлердің басын құраған газеттің жеке мұражайы ашылды. Осы іске белсене үлес қосқан журналист Айтмұханбет Қасымовтың осы тақырыпқа арналған жеке кітабы жарық көрді.
Жұмекеңнің өзі зейнеткерлікке шыққанымен, үйде жатып қалмай ел өміріндегі жұмыстарға белсене араласуда. Ол бұл күндері облыста құрылған Қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі, облыстық журналистер ұйымының төрағасы, дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының директоры, Шығыс Қазақстан техникалық университеті баспасөз қызметінің басшысы. Оған ұзақ жылғы жемісті қызметі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері мемлекеттік атағы мен басқа да көптеген марапат белгілері тапсырылған.
Аты әлемге аңыз болып тараған іскер де бай адам Генри Фордтан “Сіз өмірге қайта келген жағдайда кім болғанды қалар едіңіз?”– деп сұраса: “Кім болсам да бәрібір, тек осы әйеліме қайта жолықсам болғаны” деп жауап береді екен. Сол айтқандай, Жұмәділ ағамыз бен сүйіп қосылған жұбайы Әсия жеңгеміз екеуі қатар жүрген кездерінде қос аққудай жарасып, тартымдылықтарымен назар аудартып, өмірде бір-біріне тірек болып, сыйластық пен жарастықта бақытты өмір сүріп келеді. Әсия Төлахметқызы Өскемен қаласы деңгейінде көптеген жауапты қызметтер атқарған. Әлі де еңбектен қалған жоқ. Бұл күндері Жұмекеңмен бірге ұл-қыз тәрбиелеп жеткізіп, бақытты ата-әже де атанып, өмірдің тағы бір қызығын бастан өткеруде.
Жуықта Фейсбук әлеуметтік парақшасын қарап отырғанымда қазір «Дидарда» еңбек етіп жатқан жас журналистердің мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа үйге кіріп, мәре-сәре болып жатқан суреттерін көріп, жағымды жаңалыққа ерекше қуанып қалдым. Бұл – журналистердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған игілікті дәстүр қайта жалғасын тапты деген сөз. Қазір қатарластарым мен құрбы-құрдастарымды көрсем, олар менің жастық шағымның белгісіндей болып, көзіме оттай басылары анық.
Біздің сол жастық шағымыздың қамқоршыларының бірі болған Жұмәділ ағамыз болса, бүгіндері жетпіс жастың биігіне көтеріліп отыр. Жұмекеңе ұзақ өмір, мықты денсаулық, отбасына баянды бақыт тілейміз.

Сұңғат Әліпбай,
Журналист.

Осы айдарда

Back to top button