Қоғам

Жастық шағы өткен мекенге саяхат жасап қайтты

Жастық шағы өткен мекенге саяхат жасап қайтты

Облыста өткен жерлестердің алғашқы форумы қарсаңында Ресейдің Мәскеу қалалық думасының депутаты, «Благовест» халықаралық қайырымдылық қорының негізін қалаушы Зинаида Драгункина А.Матросов атындағы балаларды сауықтыру лагерінде болды. Ол Үлбі жағалауының әсем жерінде Оқушылар сарайына келуші жасөспірімдермен кездесті.

Бұл орынның таңдап алынуы бекер емес екен. Өйткені, көп жылдар бұрын Зинаида Драгункина осы лагерьде демалған көрінеді.

– Біз лагерь маңындағы қыратқа көтерілген кезде менің жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Бір кездегі кетеуі кеткен лагерьдің орнында бой көтерген коттедждер мен абат-тандырылған алаңды көру қандай ғанибет, – деп бөлісті өзінің алғашқы әсерлерімен Зинаида Драгункина. – Лагерь адам танымастай болып өзгеріпті. Мен балалардың біздің болашағымыз екенін түсініп, олардың игілігі үшін барлық күші мен қаражатын жұмсайтын адамдардың алдында басымды иемін.

Бүгінде «Благовест» халықаралық қайырымдылық қорының құрылғанына жиырма жылдан асса, біздің облыс-та он жылдан бері оның өкілеттігі жұмыс істейді. Облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиевтің айтуынша, «Благовест» қоры біздің аймаққа балалардың протездік-ортопедиялық орталығын сыйға тартқан екен. Орталық немістің «Отто воск» фирмасының құны 500 мың АҚШ доллары тұратын құралымен жабдықталған. Сонымен қатар, аталған қор есебінен көмекке өте зәру 200 қазақстандық балаға 2,5 млн. теңгенің материалдық көмегі көрсетіліпті.

Көмекке зәру және тұрмысы төмен отбасыларының балаларын қор қаражаты есебінен шетелдегі сауықтыру орындарына жіберу жақсы дәстүрге айналған. Мәселен, осы он жылдың ішінде аталған бағдарлама бойынша 157 балғын демалыпты. Ал биыл ғана біздің өңірден 10 жетім бала Қара теңіз жағалауы мен Анапада денсаулықтарын түзеуге аттанбақ. Оларды Зинаида Драгункина немересі Сашамен бірге Мәскеуге дейін жеткізіп салады.

Осы сапар барысында З.Драгункина өзінің балалық және жастық шақтары, студенттік жылдары өткен барлық орынды аралап шықты. Кенді Алтайға келген алғашқы күнін кіші Отаны – Риддер қаласында өткізді, риддерлік басшылардың жетім балаларды баспанамен қамту турасындағы бастамасына ризашылығын білдірді. Қаланың көрікті жерлерін аралап, тұрғындармен кездескен ол Риддерді болашаққа қанат жайған қала деп атады. Өскеменде лауазымды қонақ Александр Протозановтың ескерткішіне тағзым етті. Өйткені, кезінде жас, жалынды комсомол белсендісін Мәскеуге жұмысқа жіберген нақ осы адам, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болатын.

Зинаида Драгункина жерлестер форумын-дағы өзінің рөлін былайша айқындап берді.

– Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ пен Владимир ПУТИН екі ел арасындағы мәңгілік достық туралы келісімді ұзартты. Біздің міндетіміз – осы келісімді нақты іс-әрекетімізбен бекіте түсу. Жерлестеріміздің қай-қайсысының да өзінің кіші Отанына берері бар. Менің ұстанымым – балаларға инвестиция құю, – деді депутат. – Риддерде маған тамаша ұсыныс түсті. Неге Қазақстан мен Ресейге шығармашылық ұжымдармен алмасуды қайта жаңғыртпасқа? Біз шығысқазақстандық әртістердің өнерлерін тамашаласақ, менің балалық шағым өткен жерге ресейлік өнерпаздар келер еді. Мәскеудің театрлары өз спектакльдерін, ал мұражайлары көрмелерін Шығыс Қазақстанға әкеле алады. Соған орай қазақстандықтардың да бізге ұсынатын дүниелері көп болмаса, аз емес деп ойлаймын.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button