Спорт

Жастарымыз үздіктер қатарында

Өскеменде теннистен 18 жасқа дейінгі жастар арасында үшінші санаттағы ITF Juniors турнирі мәресіне жетті. Әдеттегідей облыс орталығындағы «Smash» теннис орталығында өткен халықаралық жарыста қазақстандық жастар табысты өнер көрсетті.

Мәселен, бозбалалар арасындағы сайыста сынға түскен Ілияс Маратұлы финалға дейін іркілмей жетіп, шешуші ойында ғана қарсыласына жол беруге мәжбүр болды. Турнир барысында бірнеше жарқын жеңіске қол жеткізген Ілияс жарыстың соңғы ойынында ресейлік Амирхамза Насридиновтен айласын асыра алмады, есеп 2:6, 1:6.

Есесіне, жұптық сында жолымыз болды. Қарағанды теннис мектебінің түлегі Виталий Зацепин жоғарыда айтқан Насридиновпен бірге финалға жолдама алып, онда ресейлік Даниэль Хазиме мен Олег Колниновтың жұбын сенімді жеңді, 6:1, 6:4.

Ал қыздар арасындағы жарыста алматылық Іңкәр Дүйсебай мен ресейлік Кристина Сидорованың жұбына тең келер қарсылас табылмады. Финалда қос мықты қазақстандық Әдемі Аманкелді мен Сати Әубәкірованың жұбын 7:5, 7:6 (7:0) есебімен қапы қалдырып, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Бұл ретте, Іңкәрдің жекелей сында жартылай финалға дейін жеткенін айтқан абзал.

Жалпы, бұл – соңғы уақытта Өскеменде ұйымдастырылған алғашқы жарыс емес. Естеріңізге салайық, осыдан біраз бұрын қаладағы теннис орталығының корттарында жасы 16-дан аспаған теннисшілердің екі бірдей бәсекесі өткен болатын. Оның бірі ATF Junior 16 and under Ust-Kamenogorsk деп аталып, Азия құрлығы мықтыларының басын қосса, екіншісі Tennis Europe сериясының аясында ұйымдастырылған-ды. Осы ретте, бұл жарыстардың алғашқысында екі бірдей шығысқазақстандық теннисші үздіктер қатарынан көрінгенін айтқан жөн.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button