Қоғам

Жастармен кездесті

Жастармен кездесті

Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемендегі Алтай технопаркінде өңір жастарымен кездесу өткізді. Ашық сұхбат, салиқалы пікір алмасу түрінде өрбіген жиында бүгінгі күні жастар арасындағы өзекті деген мәселелер әңгіме арқауына айналып, ұсыныстар айтылды.
Бұл шараға облысымыздың аудандары мен қалалары әкімдерінің орынбасарлары, жауапты басқармалар басшылары, жастар ұйымдарының жетекшілері, студенттер қатысты.
– Жастар, сіздерге мемлекетіміз бүгінде сапалы білім алуға, еңбек етіп, жетістіктерге жетуге, сөйтіп, еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қосуға барлық жағдайды жасап отыр. Қазіргі мынау іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың барлығы да сіздердің болашақтарыңыз үшін жасалуда. Мәселен, бізден басқа бір де бір елде жоқ «Болашақ» бағдарламасы жастардың әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алуына бағытталған, – деп кездесуді бастаған аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жастардың кемел келешегін қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатқан бірқатар игілікті істерді тілге тиек етті.
Жиында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев өңір жастарымен жүргізіліп жатқан жұмыстарға, оның ішінде жастар орталықтары, ұйымдары атқарған шаруаларға тоқталып өтті. Атап айтсақ, жоғары оқу орындарын, кәсіби-техникалық білім беру ошақтарын бітірген түлектерді еңбекпен қамту, жастар арасында кәсіпкерлікті насихаттау, жеке кәсіппен айналысқысы келетіндерге қолдау көрсету, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға, гранттарды ұтып алуға көмектесу, жастардың қылмысқа баруына тосқауыл қою, олардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне жағдай туғызу сияқты мәселелер аталмыш басқарманың тарапынан қатаң бақылауға алынып, жүзеге асырылуда.
– Қазіргі күні кез келген мемлекетте жастар саясатының стратегиялық маңызы жоғары. Өйткені, XXI ғасырда түрлі саяси күштердің белсенділігі күрт артып, олардың кері әсері қоғамның белсенді тобын құрайтын жастарға тиюде. Арнайы жүргізілген зерттеу амалдары анықтағандай, бүгінде посткеңестік елдердегі болып жатқан наразылық шараларының басты екі себебі: жастар арасындағы жұмыссыздық және жеке пайдасын ойлаған топтардың белгілі бір мақсатқа бағытталған ақпараттық кампаниялары, – деп атап көрсеткен Жасұлан Сәрсебаев біздің елде жастардың наразылығын туғызатын жоғарыда аталғандай қандай да бір себеп-салдардың жоқ екенін айтты.
Басқарма басшысы облысымызда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жыл сайын төмендеп бара жатқанын көрсетті. Мәселен, 2012 жылы өңірімізде жастардың 5,7%-ы еңбекпен қамтылмаса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 4%-ға дейін азайған. Ағымдағы жылы одан да төмендету жоспарда бар. Сондықтан Еуропаның көптеген елдерімен салыстырғанда бұл жөнінде өңірімізде, жалпы елімізде ешқандай проблема жоқ. Дегенмен, кейінгі кездері бауырлас ТМД елдерінің кейбірінде етек алған қақтығыстар, наразылық акциялары біздерді қоғамды алатайдай бүлдіретін ондай теріс әрекеттерден сақтану қажеттігін аңғартады. Осы орайда Қазақ елінің болашағы жас буын өкілдерінің қолында екенін ерекше атап өткен аймақ басшысы жүзден астам этностардың өкілдері бір шаңырақтың астында татулықта тұрып жатқан Отанымыздың шаңырағын шайқалтпай, түтінін түзу ұшыру, айрандай ұйыған тұрақтылықтың қаймағын бұзбай сақтауға жастарымыз күш салуы керектігін қадап тұрып ескертті. Пиғылы теріс саяси топтардың жеке мүддесі үшін айтқанына көніп, айдағанына жүріп кетпей, өзіміз тұратын еліміздің, жеріміздің тұтастығын, өсіп келе жатқан ұрпақтың келешегін, жұрттың тыныштығын ойлауға тиіспіз.
Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ кездесу барысында «Жас Отан» жастар қанаты, «Жасыл ел» жасағы, студенттердің құрылыс жасағы, облыстық жастар орталығы сияқты бірсыпыра ұйымдардың жетекшілерінен атқарып жатқан жұмыстары туралы сұрап, білді. Олардың ұсыныс-сұрақтарын тыңдады. Шешімін таппай жүрген проблемаларға баса назар аударды.
Айталық, облыстық жастар орталығының директоры Арайлым Есімбекова аудандарда жастармен жұмыс бір жүйеге түспегенін, Күршім, Көкпекті секілді аудандарда жастар орталықтарының материалдық-техникалық базасы әлі толық жарақталмағанын тілге тиек етсе, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Маржан Бақыт облыстық мәслихат депутаттары арасында жастардың үлесі тым аз екенін алға тартты. Ал Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ректоры Нұрлан Темірбеков жазғы демалыс кезінде құрылыс жұмыстарында еңбек ететін студент жасақтарының жалақыларын көтеру және олардың жұмыс істейтін нысандарын алдын ала анықтап, хабарлау жөнінде ұсыныс білдірді. Ал «Парасат» жастар лигасының өкілі Данияр Тоқтарбаев Өскемендегі мәдениет ошақтары мен спорттық-сауықтыру нысандарының жастар үшін қолжетімсіз екенін алға тартып, облыс басшысынан осы мәселені шешуге ықпал етуін сұрады.
– Бұл жерде айтылған ұсыныстар мен сұрақтар, көтерілген мәселелер тиісті орындардың басшыларына тапсырылады. Алдағы уақытта мүмкіндігінше шешетін боламыз, – деген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жастардың алдында тұрған көптеген мақсат-міндеттерді атап берді.
Олар: меншік формасына қарамастан өңірдегі бүкіл жастар ұйымдарының жұмысын бір жүйеге келтіріп, мемлекеттік мүддеге бағыттау, жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту, «Жас ұлан», «Жас қыран» ұйымдарының белсенділігін арттыру, оқушылардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру, Ресейдің Алтай өлкесінен, Белорусьтің Могилев қаласынан өңірімізге келетін студенттердің құрылыс жасақтарының жақсы дәстүрін биыл да жалғастыру және осы бағыттағы байланыстарды көршілес Қытай, Моңғолия елдерімен де жүргізу және тағы да басқа жұмыстар.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button