ТОП

Жастарға жайлы студенттер үйі

Жатақхананың жоқтығы білім қуып қалаға келген жастардың басындағы үлкен мәселеге айналғаны қашан. Жаңа оқу жылы басталған сайын көтерілетін жатақхана жыры бүгінде ақырындап болса да шешіліп келе жатыр. Былтыр Өскемендегі студенттер қалашығында кәсіпкер ШҚУ студенттеріне арнап заманауи студенттер үйін салды.

Студенттер үйін салған Өскемендегі «Радмир және Рамир» ЖШС -нің жетекшісі Назым Сейтқазина кәсіпкерлікпен 2006 жылдан бері айналысып келеді. Бастапқыда фото қызметтер көрсету және пәтерлерді жалға беру бағытында жұмыс істеген ол кейін жұбайымен  ақылдаса келе қалада студенттер жатақханасын салуды ұйғарады.

«Радмир және Рамир» ЖШС-нің мемлекеттік тапсырыспен салған жатақханасы жоғары оқу орны қалашығында орналасқан және студенттер үшін өте ыңғайлы жерде тұр. Қаланың барлық оқу орындарына жаяу баруға болады. Төрт қабатты жатақханада қазір 117 студент тұрып жатыр. Асхана, дүкен, сұлулық салоны, спорт залы және конференция залы да жатақхана ішінде орналасқан.

– Бізге студенттердің басындағы жағдай жақсы таныс. Жатақхананың жетпейтіндігінен талай жас пәтер жалдап тұрып жатыр. Өзіміз де студент болдық. Облыс орталығынан жайлы, заманауи жатақхана салып, студенттеріміздің тұрмысын жақсартсақ деген мақсат, тілекпен осы жобаны бастап кеттік. Әрине, біз жобаға өз қаржымызды да салдық. Құрылысты жүргізуге «Даму» қорынан көрсетілген мемлекеттік қаржылай қолдаудың үлкен көмегі тиді. Біз 400 млн. теңгеге жеңілдікпен несие алдық. Жатақханада жайлы тұру үшін барлық жағдай жасалған. Бізде оңтүстік, солтүстік өңірлерден келген студенттер де тұрып жатыр. Студенттердің әрқайсымен жеке сөйлесіп, хал жағдайын біліп отыру әдетіме айналған. Олардың алыстағы ата-аналары қашанда балалары үшін алаңдап отыратынын білемін. Жатақхана деген үлкен балабақша деп айтады ғой, – дейді Назым Шайқуалиханқызы.

Кәсіпкер жатақхана құрылысына 2021 жылдың сәуір айында «Bereke Bank» арқылы  несие алған. «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында «Даму» қоры субсидия есебінен қарыздың пайыздық мөлшерлемесін 6%-ға дейін азайтты. Сондай-ақ қор кәсіпкерге жетпей тұрған сомаға кепілдік те берген.

 

Жатақханада  екі, үш, төрт адамдық 32 бөлме бар. Барлық бөлмеде санитарлық гигиеналық тораптар, кір жуғыш машина, тұрмыстық техника бар, ас әзірлейтін аумағы да бар.

Бір сөзбен айтқанда, студент жастар мұнда өз үйінде тұрып жатқандай сезінеді. Оқу орны бес минуттық жерде тұр. Сабақтан келген соң тамақтарын дайындап, киімдерін жуып, тынығып, демалалуға, сабаққа дайындалуға барлық жағдай жасалған. Ғимараттың жертөлесіндегі спорт залда түрлі секциялар бойынша жаттығулар өтеді. Демалыс күндері осы жерде би кеші өткізіліп тұрады екен. Студенттердің курстық жұмыстарын, жобаларын әзірлеуге қажетті полиграфия қызметі де осы ғимаратта орналасқан.

Жатақхана ақысы айына  – 30 мың теңге.  Қазір қалада пәтер бағасы бұдан үш-төрт есе қымбат. Оған қоса жол шығыны тағы бар. Демек жатақхана барлық жағынан тиімді.

– Үшінші курста оқимын. Болашақ мамандығым – тарихшы. Өзім Зайсан ауданынан келіп оқып жатырмын. Биыл осы студенттер үйінде екінші жыл тұрып жатырмын. Алатын 70 мың теңге шәкіртақымның 30 мыңын жатақханаға төлеймін. Өскеменде осындай студенттер үйінің салынғаны біз үшін көптен күткен қуаныш болды. Дегенмен де қарапайым жатақхананың өзіне қолы жетпей жүрген қаншама студент бар әлі, – дейді студенттер үйінің старостасы Дильназ Салауатқызы.

Оқу орнына жақын жерде, студенттер үйінде тұрып оқысақ деп армандап жүрген жастар аз емес. Қазір дәл осы студенттер үйіне тұруға кезек күтіп 95 студент тіркеуде тұр.

Облыстағы студенттер жатақханасына деген зәрулікті жою үшін бір емес, бірнеше жатақхана қажет. Кәсіпкер Назым алдағы бір, екі жылдың ішінде осы студенттер қалашығынан тағы бір осындай студенттер үйін салуды жоспарлап отыр.

Авторы: Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button