Қоғам

ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жастардың мәселесінде ерекше мән берді. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі деп атап өтті.

«Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беруіміз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Осы ретте жастарды қолдауға бағытталған нақты шешімдерге қатысты өз көзқарасын саясаттанушы Джабрәйіл Мархиев білдірді. «Президент Жолдауында жас  кәсіпкерлерді қолдау жайы айтылды. Бұл бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі еді. Енді жастарға мүмкіндік беру арқылы біраз дүниелер шешілмек. Мысалы, еңбек ететін жастар көбейеді, жұмыс орындары ашылады. Кәсіби мамандардың саны артады. Бүгінгі қолдау көрсетілген жастар он жылдан кейін Қазақстанның экономикалық қозғаушы күші болуы әбден ықтимал», – деді саясаттанушы. Иә, еліміздегі жастардың жан-жақты, креативті екеніне көз жеткізіп, тиыннан теңге құрастырып жүргені бесенеден белгілі. Енді сол буын өкілдеріне Президент Жолдауы тағы да тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерді іске асыруға ықпал етері анық. Өз кезегінде бұл жерде жаңа дарындардың, тың идеясы бар кәсіпкерлердің саны артады дейді саясаттанушы. «Еліміздегі жас азаматтардың идеялары, әсіресе кәсіпкерлік жағынан ізденістері өте көп. Әлемдік деңгейден қалғысы келмей, көшпен бірге келеді. Жолдауда айтылған жеңілдетілген несие болашақта өз жемісін беретініне кәміл сенемін», – дейді ол.

Сондай-ақ Президент Жолдауында отандық оқу орындарының білім сапасы, студенттердің жатақханамен қамтамасыз етілуі жайлы да айтылды. «Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады. Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі.  Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамда әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі», – деді Президент. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының PHD докторанты Руслан Муханбетқалиұлы жеңілдетілген несие жайлы ойын былай білдірді: «Бізде елдегі университеттердің басым бөлігі мектептер сияқты мемлекеттен қаржыландырылмайды. Ал жоғары оқу ордасының профессорлық-оқытушы құрамының жалақысының өсуі, коммуналдық төлемдері тікелей осы студенттердің оқу ақысына тәуелді. Бізде қазір оқу ақысының жоғары болуы да осыған байланысты. Егер жыл сайын баға өсе берсе, әрине, ата-аналарға балаларын оқытуда біраз қиындық тудырары анық. Осы ретте Президент Жолдауында айтылған білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие берілетіні дұрыс шешім деп есептеймін».

Сонымен қатар Президент студенттер жатақханасы жайлы да сөз қозғады. «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы болуы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім беру экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Мақсатты капиталдың мұндай қорлары әлемдегі озық университеттерде ғылымды және инновацияны қаржыландырудың өзегі саналады», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Бұр ретте  бауырлас түрік елінің моделін келтірсем дейді Руслан Мұханбетқалиұлы. «Мысалы, Түркияда жатақхана мәселесімен айналысатын арнайы департаменттер бар. Ал құрылыс компаниялары оқу-ағарту салаларына қолдау көрсететін болса, салықтық жеңілдіктерге ие болады. Кәсіпкерлермен серіктестік орнатқан кезде осындай бір жағдайды қарастыру керек сияқты. Демек, мемлекет жеңілдік жасау арқылы әлеуметтік инфрақұрылымдық проблеманы шешуге мүмкіндік туады. Президент тапсырма берді. Оны іске асыруда құрылыс компаниялары, билік өкілдері, жоғары оқу орны бір мәмілеге келсе», – деген пікірін білдірді саясаттанушы, ҚазҰУ саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының  PHD докторанты Руслан Ахмағанбетов.

Ал Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты пікірін білдіріп: «Президент сондай-ақ Үкіметке жастарға арналған жаңа 100 мың жұмыс орнын ашуды, оларға кәсібін ашу үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беруді тапсырды. Яғни жас өрендер маман, кәсіпкер ретінде қалыптасып, қоғамның толыққанды мүшесіне айналуы тиіс. Бұл – жастарға балық емес, қармақ берудің бір тәсілі», – деді.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Осы айдарда

Back to top button