Қоғам

«Жастар–ел тірегі» жобасы қолға алынады

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында жастарды «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» сияқты екі кезеңде жұмыспен қамту қолға алынатын болады. Сондай-ақ өңірде техникалық-кәсіптік кадрларды даярлау мен тұрғындарды жаппай кәсіпкерлікке тарту жұмыстары ширатылады.
Облыс орталығындаНәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың өзекті мәселелері талқыланғансеминар өтті. Оған қалалық, аудандық жұмыспен қамту орталықтарының директорлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімдерінің мамандары қатысты.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев бағдарламаның маңыздылығына тоқталды.
–Үкіметтің алдына қойған он тапсырманың бірі –халықты жұмыспен қамту. Өңірге «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру үшін биыл 8,7 млрд. теңге қаражат бөлінді, оған 12,6 мыңжанды жұмыспен қамту көзделген.Бүгінгі таңда бұл игілікті бағдарламаның шапағатын алты мың адам көріп отыр. Жұмыспен қамтамасыз етудің кешенді жоспарыәзірге 44 пайызға ғана орындалды,сол себепті біз осы бағдарламаны тиімді игерудің барлық мүмкіндіктерін пайдалануымыз керек. Бағдарламаға қатысушылардың тұрақты жұмысқа тұруына, жұмысты электронды биржа арқылы іздеуіне көңіл бөлу қажет,– деп атап өтті Ерболат Ошақбаев.

Семинарға қатысқан Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыспен қамту департаментінің басшысы Бахыт Каширбеков «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар жөнінде хабардар етті.
–Бағдарлама жаңа бағыт –«Жастар-ел тірегі» ұлттық жобасының кешенді шараларынжүзеге асырумен толықтырылды. Жоба «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» сияқты екі кезеңменжүргізіледі. Сонымен қатар аса сұранысқа ие жүз индустриялық-сервистік мамандық бойынша мамандарды даярлаудың жаңа шарттары қарастырылды.Алдыңғы қатарлы 200 жоғары оқу орнының 180 колледжінде үш жыл ішінде 200 мың жасты оқыту жоспарланып отыр. Үш жылда тағы 30 мың жас жастар тәжірибесінен өтеді. Бұған қосымша кәсіпкерліктің негіздеріне баулитын «Бастау-Бизнес» бағдарламасымен 60 мың жас қамтылып, 30 мың жастың бизнес-идеясы жүзеге асырылады, –деген деректерді келтірді департамент басшысы.

Министрліктің өкілі «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында жас кәсіпкерлерге қосымша 1 млн. 800 мың теңгенің 600 гранты бөлінетінін жеткізді. Бұдан бөлек, өз ісін ашуға 6,5 млн. теңге көлемінде бес мың микрокредит және жастар мен көпбалалы аналар арасында якорлы кооперативті дамыту үшін 20 млн. теңге мөлшерінде несие беріледі. Сонымен қатар кәсіптік-техникалық бағыттағы кадрларды даярлауға қосымша қаражат құйылатынын да ескертті. Министрлікте жұмыспен қамтудың мобильді орталықтарын іске қосудың ережелері жасалып жатыр. Қанатқақты жоба әзірге еліміздің төрт аймағында іске қосылған.

Семинарға қатысушылар өздерін толғандырған жұмыспен қамту қызметін жетілдіруге қатысты сұрақтарынаминистрліктің өкілінен жауап алу мүмкіндігіне ие болды.Аудандардан келген мамандар белсенділік танытып, құқықтық заңнамалардың кемшін тұстарын алға тартты, өз ой-пікірлерін еш қысылмастан еркін түрде талқыға салды. Мысалы, Өскемен, Семей қалалары мен Зайсан ауданында жастар үшін салынған жатақханаларды жалға берудің мерзімін ұзартса деген ұсыныс айтылды. Өйткені мамандардың айтысына қарағанда, жатақхананың кейбір тұрғындарында бес жыл жалға алу мерзімі аяқталғанымен, олардың басқа барар жерлері жоқ. Осы уақыт аралығында олар өз баспаналарына қаржы жинай алмаған. Жастардың арасында көпбалалы аналар да, отбасында бір-ақ кісі жұмыс істейтін жанұялар да кездеседі екен. Келесі бір өзектімәселе – ұлттық қордан кәсіпкерліктіңқысқа мерзімді курстарына бөлінген қосымша қаржыны игеру. Облыстан ешқандай тапсырыс түспегеніне қарамастан өңірге осы мақсатқа 52 млрд. теңгеден астам қосымша қаражат бөлініпті.
–Біз бұл қаржыны жыл аяғына дейін игере алмаймыз. Егер жылдың ортасында бөлінсе, бір сәрі. Енді қалған төрт-бес айда ниет білдірушілерді жинап, оларды оқытып әрі жұмыспен қамтып үлгеру мүмкін емес, –деді мамандар.
Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Бахыт Каширбеков көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар республикалық деңгейде қаралып, шешімін табатынына сендірді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button