Қоғам

Жастарды жұмыспен және баспанаменқамту күн тәртібінен түспейді

Жастарды жұмыспен және баспанаменқамту күн тәртібінен түспейді


Кеше аймақ басшысының бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығыменжетекшілігімен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісі өтті. Жиында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру барысы, бұқаралық спорт түрлерін дамыту туралы мәселелер қарастырылды, сонымен қатар, жалақы бойынша берешектің алдын алу, қан айналымы жүйесі ауруларын азайту, кәмелетке толмағандардың репродукциялық денсаулығын қорғау шаралары жайында ақпараттар тыңдалды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Сембиновтің мәліметтері бойынша, өңірде жастар саясатын іске асыру тиісті жоспар негізінде орындалуда. Жастар саясатын іске асыру тұжырымдамасының басым бағыттарының бірі – жұмыспен қамту мәселесі. Қазіргі кезде облыстағы жастардың 3,6 пайызы жұмыссыздар қатарында, былтыр бұл көрсеткіш 4,8 пайызды құраған-ды. Еліміз бойынша жастардың 4,3 пайызы жұмыссыз жүр. Бұл бағытта аймақта атқарылған шаруалар жетерлік. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 948 адам оқытылған, олардың 435-і, яғни, 46 пайызы – жастар. Сол жас азаматтардың 251-і еңбекпен қамтылып отыр. Жылдық жоспар аясында 100 әлеуметтік жұмыс орны құрылуы керек еді, нақты жұмыспен қамтылғандар 552 адамды құрап отыр, олардың 186-сы – жас азаматтар. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының түлектеріне арналған «Жастар іс-тәжірибесі» жобасы шеңберінде 539 адамға қолдау көрсетіліпті. «Дипломмен – ауылға» жобасы бойынша 315 адам 46 миллионнан астам теңгенің көтермеақысын алған.

Тұжырымдаманың келесі негізгі бағыты – жастарды баспанамен қамту. Бүгінгі таңда баспана кезегінде алты мыңнан астам жас тұр, бұл – кезектегілердің төрттен бірі. Әсересе, тұрғын үймен қамту мәселесі Өскемен (1 873 адам) мен Семейде (1 915 адам) өзекті болып тұр. Осыған орай өңірлік «Жастар баспана» жобасы әзірленіп, қолға алына бастады.

– Жастарға қатысты тағы бір маңызды проблема – қылмыс. Осы жылдың алғашқы 10 айы бойынша жас азаматтар тарапынан 4 081, оның ішінде кәмелетке толмағандармен 334 қылмыс жасалған. Қылмыстың алдын алу, жастардың бос уақытын ұйымдастыру мақсатында тамыз айында арнайы комиссия құрылып, оған түрлі сала мамандары тартылды. Қазіргі кезде облыстың 15 өңірінде көмекке зәру жастары көп «тірек» ауылдар анықталып отыр, жұмыс ең алдымен сол елдімекендерден бастау алмақ, – деп баяндады басқарма басшысы.

Мұнымен қоса, әрбір ауылдық округтегі жұмыссыздар қатарынан 236 адам «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жастардың бос уақытын ұйымдастыруға тартылатын болады.

– Мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын орындау қатаң қадағалануы тиіс. Жұмыспен қамту мәселесіне басты көңіл бөлуді сұраймын. Бұл ретте «Диgломмен – ауылға» бағдарламасының орындалуын ширату керек. Жас отбасыларды баспанамен қамту мәселесі де күн тәртібінен түспек емес. Сонымен қатар, жат діни ағымдарға барынша тосқауыл қою бойынша жұмыстар күшейтілсін, – деп түйіндеді мәселені Нұрымбет Сақтағанов.

Бұқаралық спорт түрлерін дамыту туралы салалық басқарма басшысы Асқар Можанов баяндама жасады. Ведомство жетекшісінің айтуынша, өңірде өткізілетін спорттық-бұқаралық және денешынықтыру-сауықтыру іс-шаралары жылдан-жылға артып келеді. Былтыр 3 000, ал биыл осындай 3 500 іс-шара ұйымдастырылып, оларға 50 мың адам тартылған. Келесі жылдың межесі – 3 700 іс-шара өткізу.Мекеме білім басқармасымен бірге жалпы білім беретін мектептерде спорт түрлері бойынша арнайы сыныптардың ережесін, оқу жоспарын бекіткен. Өкінішке қарай, Бесқарағай, Тарбағатай және Шемонайха аудандарындағы мектептерде осындай арнайы бейіндегі сыныптар құрылмаған болып шықты.Облыста денешынықтырумен және спортпен шұғылдану үшін 3 149 спорттық нысан жұмыс істеп тұр. Алайда, басқарма басшысының өзі бұлардың әлі де болсын жеткіліксіз екенін атап өтті. Орта мектептердің спорт залдары кешкі уақытта да босамайтын көрінеді.

– Облыстағы спорт бапкерлерінің біліктілігін арттыруға да көңіл бөлу керек. Оларға арнайы оқыту семинарларын өткізген жөн. Ал аудандар мен қалаларда көптеп ашылған хоккей қорапшалары, футбол, волейбол, баскетбол алаңшаларын түгендеп шығу қажет. Олар мектептердің, пәтер иелері кооперативтерінің, не болмаса балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің қарамағында болуы тиіс. Әйтпесе, олардың көбі қараусыз қалып отыр, – деді осы ретте облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Жиында мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов жалақы бойынша берешектің қалыптасуының алдын алу тегершіктерінің орындалуы туралы ақпарат берді. Қазіргі кезде облыс бойынша еңбекақы бойынша қарыз 150 миллион теңгені құрап отыр, мұндай жағдай негізінен Өскемендегі үш және Семейдегі бес кәсіпорында орын алған. Бүгінде ұйымдармен тиісті жұмыстар жүргізілуде, жыл соңына дейін берешектердің басым бөлігі өтелуі тиіс.

Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлімді азайту шаралары туралы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндеті атқарушы Ғалия Жуасбаева ақпарат берді. Облыста қан айналымынан болған өлімдер соңғы бес жылда 46 пайызға төмендепті, яғни 100 тұрғынға шаққанда 447-ден 239-ға дейін. Бұл республикалық көрсеткіштен жоғары. Осы жылдың тоғыз айында аталмыш көрсеткіш өңірімізде 23 пайызға қысқарыпты. Қазіргі басты мәселе – кардиолог мамандардың жеткіліксіздігі.

– Тиісті құрал-жабдықтармен жарақтау проблемасы кезең-кезеңмен шешілетін болады. Ал кадрлармен қамту – аудан-қала әкімдерінің міндеті. Жыл соңына дейін осы мәселені пысықтап, қай елдімекенге қанша маман қажет екенін анықтаңыздар. Ары қарай бұл іспен жергілікті атқарушы билік айналысады, – деді осы орайда Нұрымбет Сақтағанов.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова кәмелетке толмағандардың репродукциялық денсаулығын қорғау жөніндегі профилактикалық шаралар турасында есеп берді. Баяндамадан белгілі болғандай, биыл облыста кәмелетке толмаған қыздар арасында жүкті болудың алты дерегі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе аз. Мәселенің басты себебі мектептерде жүйелі жыныстық тәрбие жұмыстарының жоқтығы және ата-аналардың, жастардың жауапсыздығы. Түсіндіру жұмыстары жүргізілгенмен, нәтижесі аз және жеткіліксіз. Енді басқарма 10-сыныптан бастап міндетті түрде салауатты өмір салтын ұстану, отбасын жоспарлау курстарын енгізуді көздеп отыр.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары фактілер бойынша оқу орындары басшылары тәртіптік жазаға тартылғанын, алайда ата-аналар жауапсыздығына қатысты ешбір шара қолданылмағанын алға тартып, түсіндірме жұмыстарын ширатуды тапсырды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button