Жастарды жұмыспен қамту жөнінде қоғамдық тыңдау өтті
Өскеменде «Қазақстан жастар конгресі» жастарды әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту мәселелері бойынша қоғамдық тыңдау өткізді.
Үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының қатысуымен болған жиында «Дипломмен ауылға», «Серпін-2050», «Жастар тәжірибесі» мемлекеттік бағдарламалары қаралды.
Қатысушылардың айтуынша, қолында дипломы болса да университетті енді ғана бітірген жас мамандардың бәрі бірдей жұмысқа орналаса алмайды. Өйткені жұмыс берушілер көп жағдайда өздеріне қажетті мамандардың еңбек өтіліне мән беріп жатады. Сол үшін бүгінде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы қолға алынып, жас кадрлар өңірдің кәсіпорындарында алты ай көлемінде тәжірибе жинауға мүмкіндік алады. Бұған қоса «Дипломмен ауылға» арқылы жастарымыз ауылдық жерлерде жұмысқа тұрып, әлеуметтік қолдауға ие бола алады. Оның ішінде жас маманға 70 АЕК (158 830 теңге) көлемінде бір реттік жәрдемақы, баспана сатып алу немесе салуы үшін бюджеттен 1500 АЕК (3,5 млн. теңгедей) мөлшерінде 15 жылға несие беру қарастырылған.
2014 жылдан «Серпін-2050» бағдарламасы іске асырыла бастады. Бұл бағдарлама арқылы еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі студенттер «Жол қозғалысын ұйымдастыру», «Өрт қауіпсіздігі», «Темір жол құрылысы, жол және жол шаруашылығы», «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану», «Тігін өндірісі және киім пішу» сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алуға жақсы мүмкіндік туғызылды.
– Қазіргі күні еліміздегі ең басты проблема – жастардың миграциясы. Сондықтан үкімет студенттердің, жас отбасылардың мәселесіне жете көңіл бөліп, жастардың басқа жаққа кетуін тоқтату үшін қолдан келген барлық мүмкіндіктерді жасауда, – дейді қоғамдық тыңдауға қатысқан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының әкімшілік бөлім басшысы Раушан Таймулдина.
Қуан Сейіт