Қоғам

Жастарды жат ағымдардан сақтануға шақырды

Жастарды жат ағымдардан сақтануға шақырды


Өскеменде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Жастар жылы» аясында «Жастардың рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыту және мемлекеттің зайырлылық тірегін нығайту» тақырыбында республикалық семинар-тренинг конференциясы өтті.

Қазақ-Американ еркін университетінде өткен конференцияның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының бөлім басшысы Жарас Аханов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаев, «Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад ал-Жинди, Шанхай ынтымақтастық ұйымының жастар кеңесі ұлттық бөлімінің басшысы, Орталық коммуникациялар кеңесі жанындағы «Маңызды» сараптамалық алаңының жетекшісі Нұрлан Өтешев қатысты.

Конференция алдында оқу ғимаратының кіреберісінде қатысушыларға арналып сирек кездесетін діни кітаптардың, ұлттық қолөнер бұйымдарының, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде қолданылған заттардың көрмесі ұйымдастырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова күн тәртібіндегі тақырыптың өте өзекті әрі уақтылы көтеріліп отырғанын, жастар мәселесі мемлекеттік саясаттың аса маңызды, басым бағыттарының бірі екенін айта келе, қазіргі уақытта негізгі басымдық ағартушылық мәселелеріне, ғасырлар бойы жинақталған бай мәдени мұрамызды терең зерделеуге беріліп отырғандығын атады.

– Облысымызда жастардың рухани-адамгершілік тұрғыдан дамуына барлық жағдай жасалған. Біз қоғамның, әсіресе жастардың таным-түсініктерін кеңейту, дұрыс жолды таңдап, рухани кемелденуі мен сапалы білім алуы үшін кешенді шаралар қабылдап келеміз. Біздің білім беру мен сауат ашу бойынша бірнеше бағытымыз бар. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей тапсырмасымен дінтану, теология саласына қажетті мамандар даярлауға үлкен мән беріліп келеді. Облыстық бюджет есебінен 80 арнайы грант бөлініп, Өскемен мен Семейде жастарымыз теологиялық білім ала бастады. Оң тәжірибені жалғастыру үшін біз «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетімен тығыз байланыс орнатуға мүдделіміз, жақында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қоятын боламыз, – деген Әсем Нүсіпова биыл жыл соңына дейін облыстық Халифа Алтай мешітінде сирек кездесетін жәдігерлерден құралған, Қазақстандағы ислам тарихынан мол мағлұмат беретін Ислам мәдениеті мұражайының ашылатындығын жеткізді.

Әсем Нүсіпованың айтуынша, 2017 жылы теологтардың білімдеріне жасалған талдау жергілікті дін қызметкерлерінің санаулы бөлігінде ғана арнайы білімнің барын анықтаған. Сол себепті облыс орталығындағы Халифа Алтай мешітінің негізінде дін қызметкерлеріне арналып үш айлық курстар ашылған. Білім беру бағдарламасына дінтану, теологиямен қатар еліміздің Конституциясы мен заңдарын, мемлекет тарихын оқыту енгізілген. Нәтижесінде 2017 жылы 156, 2018 жылы 64 имам білімін арттырған.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының бөлім басшысы Жарас Аханов пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Алау Әділбаевтың баяндамалары семинарға қатысушылардың тақырыпқа деген қызығушылықтарын арттырды.

– Жастар қай кезде де қоғамның негізгі қозғаушы күші болған. Қай ұлттың болмасын болашағы мен ертеңі – бүгінгі жастарға тікелей байланысты. Елбасымыз ағымдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жастар барлық салада қолдау табуда. Жастарға артылар жүк те, жауапкершілік те көп. Елдің жарқын келешегі ел жастарының қайрат-жігеріне, білімі мен талаптылығына тәуелді, еңбекқорлығы мен арман-мұратына байланысты, – деді Алау Әділбаев.
Ал Жарас Аханов Жастар жылында қазақстандықтардың маңызды қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған қарапайым және түсінікті қолдау құралдарын әзірлеу керек» деген Елбасының сөзін алға тарта келе, жастардың қоғамдық ортаға тез бейімделіп, өз орындарын табуы үшін барлық күш-жігер жұмсалатынын жеткізді.

Қоғамдағы жастардың жауапты миссиясы туралы «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор, ғылым докторы Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад ал-Жинди мен Орталық коммуникациялар кеңесі жанындағы «Маңызды» сараптамалық алаңының жетекшісі Нұрлан Өтешев кеңінен тоқталды.

– Қоғамның ары қарай дамуы өсіп келе жатқан жастарға байланысты. Қазір дін саласында сауатты білім алуға барлық жағдай бар. Мысалы, біздің университетте әлемнің барлық бұрышынан студенттер келіп оқиды. Жоспарға сәйкес енді Шығыс Қазақстаннан оқуға түскен студенттерді оқыту көзделуде. Бұл өз кезегінде өңірді білікті теологтармен қамтуға мүмкіндік береді, – деген Мухаммад аш-Шаххат Абдулхамид Мухаммад ал-Жинди мұнан соң исламның ізгі құндылықтарын жиналған қауыммен бөлісті.

– Бүгінгі жиында айтылған ақпараттардың қатысып отырған жастарға берері мол болды. Қазір ғаламторды ашып қалсаңыз, діни тақырыпта өзіңіз іздеген ақпараттың бәрін табасыз. Түрлі ағымдар туралы да мәлімет көп. Сырттан келетін, теріс жолға итермелейтін ұйымдар да бар. Алайда тек соның дұрыс бағытын ғана таңдап алу керек. Жастар мешіттерге барып, қысылмастан имамдардың ақыл-кеңесін алып, білмегенін сұрау керек. Ал имамдарымыз өз кезегінде жастарға дұрыс бағыт сілтеуі тиіс, – деді Нұрлан Өтешев.

Жиында Алматы қаласы әкімінің қоғамдық даму мәселелері бойынша кеңесшісі Нұрлан Кикимов басқа өңірлерге қарағанда Шығыс Қазақстан діни ахуалға мониторинг саласында әлдеқайда алда тұрғанын атап өтті.

Атап өтсек, 2015-2018 жылдар аралығында облыстың жергілікті атқарушы органдары арқылы 4442 сайт пен бейнематериалдарға мониторинг жүргізіліп, оның ішінде экстремистік және террористік бағыттағы 1338 материал (аудио, бейне, мәтіндік материалдар, әлеуметтік желідегі аккаунттар және т.б.) анықталған. Ал 2019 жылдың қаңтар, ақпан айларында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитетіне теріс бағыттағы 43 материал жіберіліп, ағымдағы жылдың 13 наурызындағы дерек бойынша солардың ішінде 15 материал бұғатталған.

– Облыста діни ахуал тұрақты. Өңірдегі діни жағдайға, сонымен қатар интернет-ресурстарға тұрақты мониторинг жүргізіп тұрамыз. 2017-2018 жылдары жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі бойынша облыс тұрғындарының 84,3 пайызы діни ахуалға және ақпараттық-насихаттық топтар қызметінің тиімділігіне, конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатқа оң бағасын берген. Былтыр жастармен 1428 ақпараттық-түсіндірмелік іс-шаралар өткізіліп, оған жүз мыңға тарта адам қатысты, – деді облыстық дін істері басқармасының басшысы Әнуар Абдулдин.

Қазір облыста 265 мыңға жуық жас бар. Бұл облыс тұрғындарының 19 пайызы. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен Жастар жылын өткізу бойынша арнайы Жол картасы әзірленіп, бекітілген. 55 тармақтан тұратын құжат: тұрғын үй қолжетімділігін қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, талантты жастарды қолдау, жастардың өзін-өзі дамытуы, жас отбасы, денсаулық және әлеуметтік қамту және тірек іс-шаралары секілді негізгі бес бағыттан тұрады.
Республикалық конференцияның екінші бөлімі әр аймақтан келген сала мамандарының, қалалар мен аудандар әкімдері орынбасарларының, ішкі саясат бөлімдері басшыларының қатысуымен өткен өңіраралық тәжірибе алмасуға арналып, «Ақпараттық-түсіндіру жұмысы», «Теологиялық жұмыс», «Дін және жастар» сияқты тақырыптық алаңдардың жұмысымен және Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да ұйымдастырылған дөңгелек үстелде жалғасты.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button