Жастарды сынай берген жөн бе?
Менің пікірімше, үлкендердің «ұят» сөзі кейде жастардың жеке ойын, іс-әрекетін шектейді. Құрдастарымның дені бұл сөзіммен келісетін шығар. Себебі, көбі басқалардың сын сөзіне қалудан қорқады.
Қазіргі біздің қоғамда әйел ерімен ажырасса, бойжеткен тұрмыс құрмай жүкті болса, қыздар ашық-шашық киінсе, ұят саналады. Бір қызығы, қазақта осы сөз көбінесе әйел затына қарата айтылады. Мәселен, қысқа белдемше, көйлек киген қыз көрсе, «әке-шешесі не қарап отыр» деп сынға алады. Ал егер жігіт әскерден жалтарса, «армияда күш көрсетеді» деп ақтайды. Еркек әйеліне қол көтерсе, «өз тілінен тапқан болар» деп жарын кінәлайды.
Ешкімді ақтағым келмейді, бірақ кез келген адамның өз құқығы барын ұмытпау керек. Әркім не қаласа, соны істесін деген сөз емес, ұнатқан заты мен ісінен бас тартпаса екен деймін. Өмірде қиын жағдайға тап болған адамдар өзгелердің осы өсегіне қалмас үшін кейде қате шешім қабылдап та жатады.
Сіз де, біз де аяғымызды шалыс басатын кездер кездеседі. Оның қателік екенін уақыт өте түсініп, ұялып та жатамыз. Көп адам өз кезі келгенде ағаттығын ұғады. Өзгенің олқы әрекетін сөз етіп керек емес. Әркім ісі мен сөзі үшін өзі жауап берері анық.
Меніңше, нағыз ұятсыздық ол – жалған сөйлеу, ұрлық жасау, басқа адамның қадір-қасиетін қорлау, ақысын жеу, әке-шешеге масыл болу, жұмыстан қашу, орынсыз мақтану.
Мадина Болатханова,
студент