Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді басты міндет санайды
Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, қоғамға жат қылықтардан, діни теріс ағымдардан сақтандыру, дер кезінде алдын алу, алдағы уақытта қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінің жұмысын ширату, үздік қалалық, аудандық ардагерлер кеңестері байқауының жеңімпаздарын анықтау, 2016 жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылау мәселелері облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпованың қатысуымен өткен облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа жиынында кеңінен талқыға салынды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев жиналғандарды Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, егемендік алған ширек ғасырда өңірде осы аға буынның тікелей араласуымен атқарылған ұлан-ғайыр шаруаны қысқаша баяндап берді.
– Шынын айтсақ, 1991 жылы Елбасы Өскеменге алғаш келгенде, апаратын жеріміз де болмаған еді. Оған осында отырған көбіңіз куәсіздер. Өскемен қалалық әкімдігінің залында өткен жиында Президентіміз: «Әлі талай заман өзгереді. Үлкен зауыттар, кәсіпорындар ашылады. Жұмыс орындары құрылады, балаларымыз шетелде оқитын болады. Бәрі жақсы болады. Мына отырған жастар, Сіздер соған куә боласыздар. Тек шыдамдылықпен төзе білу керек», – деген болатын. Сонда маған мемлекеттік қызметші ретінде мұның бәрі қалай болар екен деген ой келген еді. Елбасының сондағы айтқандары бүгінде толық орындалғанына көзіміз жетіп отыр. Біз осындай бақытты күнде бас қосып отырмыз, – деді Айтқазы Шерубаев.
Мұнан соң Үржар аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысы өзгелерге үлгі ретінде ұсынылып, арнайы дайындалған сюжет көрсетілді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрланбек Сандыбаев бастауыш ұйымдардың жұмысына үлкен мән берілетінін, қажетті жабдықтармен, байланыс құралдарымен қамтылғанын атады. Барлық ауылдық округтерде ардагерлер, бөлмелері ашылған. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында, діни экстремизмге жол бермеу бағытында ауыл имамдарымен, ішкі саясат бөлімімен, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалымен бірлескен семинарлар, дөңгелек үстелдер жиі өтеді. Ауданда жалпы 10 567 ардагер тіркелсе, оның ішінде сегіз Ұлы Отан соғысы, 394 тыл ардагері бар. Олар қажетті әлеуметтік көмектермен, жеңілдіктермен қамтылған. Соңғы жылдар ауылдық округтерде бес мүсін, 19 ескерткіш, бір мемориалдық тақта, 11 мектепте құрмет тақтасы орнатылса, бес мектепте ҰОС ардагерлеріне арналған сыныптар ашылған. Аудан басшылығымен ардагерлерге барлық тиісті қамқорлықтар жасалған. Алакөлге барып денсаулықтарын түзесе, екі рет Астанаға барып қайтқан. Енді келер жылы Абай мұражайына, «ЭКСПО-2017» көрмесіне баруды жоспарлауда.
Айтқазы Шерубаев облыстық ардагерлер кеңесінің биыл атқарған жұмысын қорытындылап, алда назар аударар міндеттерге тоқталды.
– Мәселен, қалалық, аудандық ардагерлер кеңестері аудан, қалаларда өткен барлық іс-шараны өз есептеріне кіргізе бермей, нақты құрылған жоспар аясында жұмыс атқарғаны дұрыс. Қосымша бастауыш ұйымдарды ашу арқылы ардагерлер қозғалысының қатарын толықтыру, тірек бастауыш ұйымдарының жұмыстарын өзгелерге үлгі ету және ешбір ардагерді назардан тыс қалдырмау қажет. Оларға жылы қабақ пен жылы сөз де үлкен медеу. Тимуршылар тобы жыл көлемінде нақты жұмыс істегені жөн. Ең бастысы, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу тұрақты әрі толассыз жүруі керек, – деді ол.
Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу бойынша «Үздік қалалық және аудандық ардагерлер ұйымы» байқауының жеңімпаздары анықталып, аудандық ардагерлер ұйымдарының арасында бірінші орынға Күршім, екінші орынға Ұлан, үшінші орынға Зырян аудандық ардагерлер ұйымдары ие болды. Жастар ұйымдарымен тығыз әріптестігі үшін Зайсан аудандық ардагерлер ұйымының жұмысы арнайы аталды. Ал қалалық ардагерлер ұйымы арасында бірінші орынға Риддер, екінші орынға Өскемен қаласының ардагерлер ұйымы ие болды. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге әскери қызметшілерді тарта білгені үшін Семей қалалық ардагерлер ұйымының жұмысы да аталып өтілді. Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова оларға арнайы диплом мен ақшалай сыйлық табыс етті.
– Ардагерлерге лайықты қолдау болады. Келер жылдан бастап зейнетақы қазіргіден 20 пайызға өседі. 2017 жылы облыстық ардагерлер үйінің мәселесін шешетін боламыз. Облыс әкімінің қолдауымен барлық ҰОС қатысушылары мен мүгедектері облыстық «Дидар», «Рудный Алтай» газеттерін облыс бюджеті есебінен тегін жаздырып алады. Ардагерлерге қатысты мәселелердің барлығын Сіздермен бірлесе шешеміз. Ал Айтқазы Сейітұлын 25 жылдық ұлық мерекеге орай «Құрмет» орденімен марапатталуымен құттықтаймыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Дәурен Аллабергенұлы