Қоғам

Жастардың бастамасымен өткен жүздесуде тың ұсыныстар айтылды

  Жастардың бастамасымен өткен жүздесуде тың ұсыныстар айтылды

Кеше облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Өскемендегі Ертістің сол жағалауындағы резиденция-аралда жастармен кездесті. Жастар облыс басшысына сауалдар қойып, өз ұсыныстарын жеткізді.
Шараға жастар ұйымдарының өкілдері, аудандық және қалалық жастар орталықтарының жетекшілері, «Серпін-2050» бағдарламасының қатысушылары жиналды. Бұл кездесудің жастардың бастамасымен өткенін айту керек. Аймақ басшысы оларға осынау бастамалары үшін алғыс білдіріп, кездесуді бейресми мәнерде өткізуді ұсынды.
– Мен қызметіме байланысты халық арасында көп боламын. Сол кездесулерде жастар тарапына үнемі сын айтылады. Өз басым жастардан көп үміт күтемін. Барлық жасқа кінә артуға болмайтынын үнемі айтып жүремін. Бұл кездесу сұрақ-жауап түрінде өтпеуі керек. Өздеріңізді неғұрлым еркін сезініп, ашық сөйлессек қана бұл кездесудің пайдасы болады. Облыс тұрғындарының төрттен бірін жастар құрайды. Сондықтан сіздердің ұсыныстарыңыз бен идеяларыңыз біздің жұмысымызға, бағытымызға әсер етуі тиіс. Біз сіздерден ылғи да тың идея, ақылға қонымды ұсыныстар күтеміз, – деді облыс әкімі.
Бұдан кейін сөз алған облыстық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Маржан Бақытқызы облыс басшысына талапты жастарға үнемі қолдау білдіріп келгені үшін алғыс айта келе, осындай бейресми кездесулер жергілікті аудан және қала басшыларымен де өтсе деген тілегін білдірді. Ол сондай-ақ облыста заңды тіркелген 80-ге жуық жастар ұйымының санаулысы ғана нақты жұмыспен айналысып отырғанын атап, әріптестерін белсенді болуға шақырды.
-Біздің облыста 100-ден астам жастар ұйымы бар. Олардың 80-ге жуығы заңды түрде тіркелген. Ал нақты іске келгенде солардың саусақпен санарлық бөлігі ғана көзге түсіп жүр. Сондықтан бос ұран мен даңғой жарнамаға толы акциялар мен форумдардың кезеңі өткенін әрқайсымыз жақсы түсінуіміз керек. Олай болмағанда, біз саясатпен емес, саясат бізбен айналысатын болады, – деген пікірін айтты. Өңір басшысы бұл ұсынысты құптап, барлық басшыларға жастармен жиі-жиі бейресми кездесулер өткізу бойынша тиісті тапсырмалар беретінін жеткізді.
Ал С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенті Юлия Миронова Қытай, Моңғолия, Ресей және Шығыс Қазақстан жастарының басын қосқан студенттік лагерь дәстүрге айналса деген ұсыныс айтты.
Кездесуде Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысынан келіп, мемлекеттік грант бойынша білім алып жүрген жастар да белсене қатысып, «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасының жемісті жүзеге асуына қолайлы жағдай туғызып отырған облыс басшылығына алғыстарын жеткізді.
Ұландық жастар өзге замандастарына жастар саясатына бюджеттен тыс инвестиция тартудағы тәжірибелері туралы мағлұмат ұсынса, зыряндық Шолпан Мұсабаева аймақаралық интеграция аясында Ертіс күнін мерекелеу жөнінде ұсыныс тастады. Бұл идеяны құптаған аймақ басшысы Ертіс күні мерекесін халықаралық деңгейге шығаруға болатынын, оған Қытай мен Ресейдің де бірнеше өңірлерін тарту керектігін жеткізді. Аталмыш идеяны пысықтап, іске асыру облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаевқа тапсырылды.
Абай аудандық жастар орталығының жетекшісі Мейіржан Смағұлов өздерінің бастамасымен құрылған аудандық этноауылды мәдениет және білім басқармаларының ұйымдастыруымен өтетін саяхаттар маршрутына енгізуге көмек көрсетуін өтінді. Бұл ұсыныс та қолдау тапты. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ жастары болса, студенттер қалашығына хоккей модулі қажет деген тілек білдірді. Облыс басшысы аталмыш ауданға жақын орналасқан хоккей модулі бар екенін еске сала келе, қолда бар спорт нысандары жастарға толмайынша жаңасын салу мәселесі кешеуілдейтінін ескертті.
Ашық әңгіме, терезі тең сұхбат түрінде өткен кездесу барысында облыс басшысы жастар бастамасын дамыту орталықтарының жұмысын сынға алды.

  Жастардың бастамасымен өткен жүздесуде тың ұсыныстар айтылды

– Мемлекеттік шаралардың кейбіріне жастарды мәжбүрлеп апару әдетке айналған. Бұл – дұрыс емес. Ондай шараларға жастар өз еркімен баратындай жағдай қалыптастыру керек. Осы орайда жастар орталықтары дұрыс жұмыс істемей отыр. Осындай орталықтар құрудағы мақсаттарымыздың бірі соңынан замандастарын ерте білетін серкелерді тәрбиелеп шығару болатын. Әзірге ондай көшбасшылардың қарасы тым аз екенін көріп отырмыз. Жастар орталықтары жалпыға ортақ мәселелерді шешіп, әрбір жаспен жұмыс істеуі тиіс, – деген облыс әкімі жастардың ең негізгі міндеті арандатушы ақпарат-насихаттарға бой алдырмай, берекесіз құбылыстардан аулақ болу екенін қадап айтты. Көрші елдерден білім алуға облыс бюджетінен грант бөлу жөніндегі ұсынысқа өңір басшысы жергілікті бюджет есебінен гранттар бөлу мәселесінде жетім балалар мен тапшы мамандықтарға басымдық берілу керек деген уәж айтты. Кездесу соңында белсенді жастар облыс басшысымен естелік суретке түсті.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button