Қоғам

Жастарды ауылға қалай атртамыз?

Жастарды ауылға қалай атртамыз?


Кеше Өскеменде Тұңғыш Президент күніне арналған «Біздің №1» он сегізінші жастар форумы өтті. Форум алдында жастар ресурстық орталықтары жұмыстарының құқықтық бөлігіне арналған семинар-тренинг ұйымдастырылды.

С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Рухани жаңғыру» залына жиналған жастар активі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласын жан-жақты талқылады.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит келер жыл Елбасының Жарлығымен «Жастар жылы» болып жарияланғанын атап өтіп, соған орай тиісті іс-шаралар жоспары әзірленіп жатқанын жеткізді.

– Жаңа жобалардың аясында, әсіресе бұрын тасада қалып келген жұмыссыз, оқусыз жүрген жастарға жіті мән берілмек. Қазір облыста жұмыспен қамту бағытындағы «Еңбек жастары» және ауыл жастарын қолдау бағытындағы «Жігерлі жастар – ауылға» жобалары қолға алынуда, – деді басқарма басшысы.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Маржан Бақыт Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұсынылып отырған 6 жобаны біркісідей жұмыла іске асыруға үндеді.

– Сондай-ақ біз маңызды мақаланың мән-мағынасын көпшілік арасында түсіндіру, талқылау жұмыстарын қарқынды жүргізуге тиіспіз, – деді Маржан Бақыт.
«Жас проджект» жобасының үйлестірушісі Серік Жүнісов жобаның жұмыссыз және жұмысы бар, бірақ табысы мардымсыз жастарға арналғанын айтты. Биылғы мамырда бастау алған жоба еліміздің алты облысында іске асырылуда, соның бірі – Шығыс Қазақстан.

– Жастарды қоғамдық өмірге тартудың тиімді бір формасы – Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен «Жас проджект» жобасы. Облыста осы бағытта 153 әлеуметтік жоба қолға алынып, олар 286,6 миллион теңгеге қаржыландырылған. Нәтижесінде 504 жұмыссыз, мүгедек жас өз идеяларының тиімділігін дәлелдеп, кәсіптерін ашып отыр, – деген ол Тарбағатай ауданы Қызылкесік ауылындағы Өміржан деген жас жігітті мысалға келтірді. Аталған жас жігіт жоба арқасында алған қаржыға шалғайдағы ауылда Интернет орталығын ашқан екен. Қызметті бүкіл ауыл тұрғындары жаппай қолдануда.

Зайсан аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Олжас Шәріпбеков өздерінің жұмыстары туралы баяндап берді. Ол сонымен қатар «Жастар – ауылға» бағдарламасына Зайсан қаласының енбейтінін, осы мәселені шешу қажеттігін айтты.

– Көптеген жастар Зайсанның өзіне келіп еңбек еткісі келеді, бос жұмыс орындары да жетерлік. Десек те, Зайсанның қала дәрежесі болғандықтан, ауылға арналған осы бағдарлама бойынша пәтер ала алмайды, – деп түсіндірді Олжас Шәріпбеков.

Курчатов қаласындағы «ҮМЗ» фабрикасының басшысы, жұмысшы жастар кеңесінің төрағасы Михаил Байтеряков «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып жүрген 50 студенттің кәсіпорында іс-тәжірибеден сәтті өткенін алға тартып, жастарды фабрикаға жұмыс істеуге шақырды. Ал Шәкәрім университетіндегі жастар парламентінің спикері Ерасыл Айтбергенов Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Алтай өңірінің айрықша аталуы бүкіл өлке тұрғындары үшін зор мәртебе екенін атап, өз құрдастарын ұсынылған жобаларды іске асыруға қатысуға үндеді.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ 1 курс магистранты, «Серпін» бағдарламасының түлегі Әбілқайыр Батырбай аталған бағдарлама аясында биыл университетті 134 жас бітіргенін, олардың барлығы жұмыспен қамтылғанын айрықша атап көрсетті. Олардың 30-ы Шығыс Қазақстан облысында қалып, еңбек етуде.

– Шынын айтар болсақ, ең алғаш оқуға түскен кезде осында қаламын деп ойлаған емеспін, туған өңіріме қайтып, жұмыс істегім келді. Бірақ көп ұзамай-ақ ол ойымнан айнып қалдым. Облыста жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде, ары қарай еңбек жолымда Шығыста бастағым келеді, – деген ол жастардың ауылға неліктен барғысы келмейтінін айтты. Оның ойынша, жастарға екі жайт кедергі, біріншісі – Интернеттің жоқтығы не болмаса жылдамдығының аздығы, екіншісі – баспананың жоқтығы. Осы мәселелер шешілсе, жастар ауылға ағылары сөзсіз деп санайды болашақ маман.

Облыстағы сегіз жоғары оқу орны мен 86 колледжде 66 мыңнан астам студент білім алуда, сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы бойынша өңірдегі бес ЖОО мен 10 колледжде оңтүстік облыстардан келген 3349 студент оқып жүр.

Жиында, сондай-ақ Семейдегі электр-техникалық колледжінің студенті Далер Мусов та сөз алып, өзінің және оқу орнының жеткен жетістіктерін атап өтті.
Соңғы кездері мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау шаралары көрсетіліп келеді. Айталық, «Жастар практикасы» бағдарламасына 1446, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына 351 азамат тартылған. 314 жас тұрғын үй сатып алуға және салуға бюджеттік несие алыпты. Ал «Жасыл ел» еңбек жасақтары қатарында осы жазда 1475 адам жұмыс істеген, олар негізінен жұмыссыздар, мектеп оқушылары мен студенттер.

«Біздің күшіміз – білімде. Білімімізді шыңдай білсек, алынбайтын белес жоқ. Мемлекет бізге мол мүмкіндіктер беріп тұр, сол мүмкіндіктерді мүлт жібермей, әрбір жас өз ертеңі үшін еңбек етуі керек». Келелі басқосуға жиналған жалынды жастар осындай түйін жасады.

Вставка:

Облыстағы жастар саны, яғни, 14 пен 29 жас аралығындағы тұрғындардың саны биыл 264 990 адамды құраған, бұл – жалпы облыс халқының 19,1 пайызы. Жастардың 166 021-і қалаларда (62,6 пайыз), ал 98 969-ы ауылдық жерлерде (37,4 пайыз) тұрады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button