Жастарды алаңдатқан ең басты үш мәселе қайсы?

Ынтымақ Толқын
Өскеменде Жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған кезекті семинар-тренинг өтті. Екі күнге созылған шара барысында қатысушылар жастармен қалай жұмыс істеу керектігін үйреніп, шешендік өнерді дамыту жөнінде жаттықтырушылардан кеңес алды.
Жастар саясатын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отырған бұл шараның басты мақсаты – өңірдегі жастар ресурстық орталықтары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру арқылы жас буын өкілдерімен тығыз байланыс орнату. Тренингке Астанадан халықаралық дәрежедегі мамандар келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
– Мұндай тренингті былтыр да өткізген едік. Нәтижесі жаман емес болған соң биыл ауқымды түрде ұйымдастыруға бел будық. Қазір семинарға Жастар ресурстық орталықтарынан 12 бөлімнің мамандары қатысып жатыр. Семинардың алғашқы күні жастармен жұмыс істеудің негізгі үш бағыты бойынша өтеді, – дейді облыстық Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Данияр Жүнісов.
Жалпы, Жастар ресурстық орталығының негізгі қызметі – жастарға әлеуметтік және тұлғалық тұрғыдан дамуға жәрдемдесу. Олардың заман талабына сай цифрлы сауаттылығын арттырып, кәсіпкерлік қызметін жандандыруға бағдар беру. Осы мақсатта аталмыш орталық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен, «Отбасы» банкімен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Жастар керуені» жобасын әзірлеген. Жоба аясында облыс төңірегінде ақпараттық жұмыс жүргізіліп, ауыл жастарымен кері байланыс орнатылды.
– «Жастар керуені» жобасымен Тарбағатай, Самар аудандарына барып қайттық. Қазір жастарды алаңдататын ең басты үш мәселе бар: жұмыссыздық, баспана және білім. Осы тақырыптар бойынша ақпараттық жұмыстарды жүргіздік. Жұмыс барысында жастарға шағын кәсіпті бастаудың жолдары және оған қалай қолдау табуға болатыны туралы түсіндірдік. Сондай-ақ баспаналы болу үшін жастарға қандай бағдарламалар бар екенін де айттық. Қазір жастармен кері байланыс орнаған. Бізге хабарласып, өздерін қызықтырған сұрақтардың жауабын алып жатыр, – деді Данияр Жүнісов.
Екі күндік семинардан қатысушылар көп нәрсе күтетінін жасырмады. Әр ауданнан келген мамандар өздерінің жұмыс тәжірибелерімен бөліспек.
– Мұндай шаралардың берері мол. Семинардан тың бастамаларды үйренуге болады. Бізге де керегі сол, себебі жастар жаңашылдықты талап етеді. Жастардың ағымына еріп, олардың талабына сай жұмыс істеу үшін жас мамандармен өтетін осындай кездесулер жиі ұйымдастырылғаны жөн, – дейді Шемонайха ауданы жастар ресурстық орталығының директоры Юлия Морозова.
Семинардың алғашқы күні Сабыржан Кеңшіліктің дәріс оқуымен басталды. Ол қатысушыларға жастармен жұмыс істеудің негізгі үш қағидасын айтып, осындай шетелдік орталықтардың жұмыс барысын мысалға келтіре отырып талқылады. Оның ойынша, біздің елдегі жастар орталықтары мен шетелдердегі орталықтарды салыстыруға келмейді. Атқарылып жатқан жұмыстардың да саны бар, сапасы жоқ. Эстония, Финляндия, Литва сияқты елдерде осындай орталықтар жылына 20-50 адамнан аспайтын аудиториямен жұмыс істеп, белгілі нәтижеге қол жеткізеді. Ал біздің елде жылына мың адамды, тіпті 5 мың адамды қамтыған шаралар ұйымдастырылады. Сәйкесінше жұмыс сапасы да төменгі деңгейден аспай жатады. Сондай олқылықтардың орнын толтыру үшін біліктілігі жоғары маман даярлауымыз керек.
– Бұл – Қазақстандағы өте жас сала. Елімізде жүйелі түрде жұмыс істеп келе жатқанына бес жылдай болды. Білім мен медицина саласы сияқты ғасырлар бойы дамып, нақты бір жолға түспегендіктен олқылықтары да аз емес. Жастармен жұмыс істеу де екі жақтың келісімімен ерікті түрде болуы керек. Олай болмаған жағдайда атқарылатын жұмыстан нәтиже шықпайды. Шетелдік әріптестеріміз осы қағиданы ұстанады. Белсенділігі төмен жастарды қоғамдық өмірге тартуға баса назар аударған жөн. Ең бірінші, олардың қажеттіліктерін біліп, соған орай жоба дайындауымыз керек, – дейді Астана қаласындағы жастар қызметкерлері қауымдастығының жаттықтырушысы Сабыржан Кеңшілік.
Айта кетейік, екі күнге созылған семинарға тоғыз аудандық, екі қалалық және облыстық Жастар ресурстық орталықтарының өкілдері қатысты. Семинар-тренинг соңында қызметкерлерге курстан өткендігін растайтын арнайы сертификаттар табысталды.