Қоғам

Жастарға жүктелер міндет зор

Жастарға жүктелер міндет зор

Өскеменде облыстық ішкі саясат басқармасы жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен Елбасы Жолдауын жастарға түсіндіру мақсатында старостат форматында кездесу өтті.
Бұл жиында «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Президент Жолдауы, Елбасының «Ұлт жоспары ‒ қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласы талқыланды. Кездесуге қала мектептерінің 9-10 сынып старосталары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы жастармен жұмыс істейтін ұйымдар жетекшілері мен белсенді жастар қатысты.
– Жастар ‒ Қазақстанның болашағы, бұл ‒ адам капиталына құйылған инвестиция. Ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ әрбір Жолдауы ‒ жастар саясатын жүзеге асырушы жаңа бағыт. Ұлт Көшбасшысы жас қазақстандықтарға үлкен үміт артып отыр. Біздің облысымызда 328 мың жас тұрғын бар, – деген іс-шара модераторы, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Сембиновтың сөзінен кейін бірқатар мазмұнды баяндамалар оқылды.
«Елбасы Жолдауындағы басым бағыттарды жүзеге асыруда жастарға жүктеліп отырған міндеттер» атты баяндама жасаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси бөлімінің кеңесшісі Сымбат Рамазановтың Мәскеудің алдыңғы қатарлы оқу орнынан білім алса да, өз еліне оралып, жастарға қолдау білдіріп жүргені мақтауға тұрарлық. Старостат аясында «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» идеясы жайында облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлмира Ілиясова сөз қозғады. Сондай-ақ, «Бірлік пен жасампаздықтың 25 жылдығы» тақырыбында баяндама жасаған Іскер әйелдер қауымдастығы Өскемен филиалының мүшесі, комсомол қозғалысының ардагері Надежда Степанчук жастарды білім алуға, еңбек етуге үндеді. Қалалық мәслихат депутаты, кәсіпкер Сергей Коротин де өз ойын білдірді. Кездесу барысында жас мемлекеттік қызметкерлер ант қабылдап, он шақты жасты «Нұр Отан» партиясына қабылдау рәсімі өтті.
– Өтіп жатқан іс-шара жастар үшін өте маңызды. Қазақстанның болашағын ойлайтын әрбір жас партия құрамына енсе, еш ұтылмайды деп ойлаймын. Мәселен, «Нұр Отан» партиясының құрамындағы жастар мәслихат депутаттарының сайлауына 20 жастан бастап қатыса алады. Алдағы қызметтеріне де тек оң әсерін тигізеді, – деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ольга Булавкина.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Арайлым Есімбекованың айтуынша, мұндай шара жастардың белсенділігін арттыру үшін дәстүрлі түрде жылда өткізілетін көрінеді.
‒ Елбасының жыл сайынғы Жолдауын халыққа насихаттау мақсатында жастардың басын қосып, «Нұр Отан» партиясының жанындағы «Жас Отан» жастар қанатымен бірге осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Жастардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыру мақсатында бұл шараның рөлі зор, – дейді Сымбат Рамазанов.
Алдағы уақытта іс-шара облыстағы барлық қалалар мен аудандарда ұйымдастырылып, өз жалғасын табады.

Назерке Серікбек

Осы айдарда

Back to top button