Жастар жыл шымылдығын қылқаламмен ашты

Жыл басталды. Жастар жылы. Ендеше 2019 жаңашылдыққа толы болу керек. Сондай бір тың іс-шараға Өскемендегі Өнер музейінде куә болдық.
«ART-Жастар» деп аты айтып тұрғандай, шараның қатысушылары – мектеп оқушылары мен колледж шәкірттері. Олар көрсететін өнер – скетчинг. Бұл дегеніміз – жылдам сурет салу. Аз уақыт ішінде қолда бар керек-жарақпен мазмұнды картина тудыру, барлық көңіл-күй айшықтарын жеткізе білу дегенді білдіреді. Ерекше өнер. Бұдан да тереңірек үңілсек, скетчинг ағылшынның «sketch» деген түбір сөзінен қалыптасып отыр. Скетч – кейіпкерлері аз, комедиялық және сатиралық мазмұнға жеңіл құрылған, шағын бір актілі пьеса. Скетчте күлкілі жағдай, қызық сюжет, тапқырлық үлкен маңызға ие. Яғни бір қорытындыға келсек, аз дүниемен саз туынды жасау – осы кештегі жастардың алдына қойылған міндет.
Өнер музейіне «Дарын» мектеп-лицейінің дарынды оқушылары мен Өскемен көпсалалы технология» колледжінің студенттері келді. Музей ұжымы жас суретшілерді әуелі кәсіби шеберлердің туындыларымен таныстырды. Көпшіліктің назарын көбірек аулаған – Қуаныш Базарғалиев пен Сәуле Сүлейменованың туындылары. Музей қызметкерлерінің айтуына қарағанда, суретшілер АҚШ, Еуропа және басқа шетелдердің галереясында қазіргі кезде танымал қазақстандық авангардты ұсынып отыр.
Көрмені тамашалап болған жас буын екі топқа бөлініп, өз жұмыстарына кірісті. Ол жұмыс – жоғарыда айтқан скетчинг. Қатысушыларға ұсақ-түйек тұрмыстық бұйымдар, түрлі-түсті бояулар, стакандар және өзге де құрал-жабдық берілді. Жас суреткерлердің бір тобы – пейзаж салуға кіріссе, екіншісі суретшілердің жұмыс орны атты картина салып көрмек. 30 минуттың ішінде.
– Оқушылар осы шараға баруға өздері талап-тілек білдірді. Скетчинг деген өнермен өзімізді таныстырды. Балалардың компьютер ойындарынан бас алып, осындай өнер саласына бет бұруы шын қуантады. Мектеп ұжымы мұндай жағдайда тек қолдау көрсетеді, – дейді «Дарын» мектеп-лицейінің ұстазы Роза Сенкебаева.
Жастар өз жылының шымылдығын жаңа өнермен ашты.
Оразай Жеңісұлы