«Жастар және бизнестің» жеңімпаздары атанды

Өскеменде техникалық және кәсіптік білім беретін орта оқу орындары студенттері мен мектеп оқушылары арасында «Жастар және бизнес» атты бизнес-жобалар конкурсы өтті. Конкурстың мақсаты – жастарды кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға ынталандыру. Бизнес-жобалар конкурсына облыстың аудандары мен қалаларындағы 11 мектеп, 11 кәсіптік және техникалық білім беретін оқу орындары студенттерінің 34 жобасы қатысты.
Облыс кәсіпкерлері палатасының бастамасымен жыл сайын өткізіліп келе жатқан дәстүрлі конкурс 4 аталым бойынша өтті. Сайыстың «Агробизнес» аталымы бойынша Ұлан ауданындағы Герасимовка орта мектебінің оқушысы Аружан Кенжебекқызы мен Яна Мумлева жеңімпаз атанды. Оқушылардың Герасимовка орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі Николай Иманжановтың жетекшілігімен жасаған «Шағын агрофирмаға арналған сепкіш-бүркегіш құралдар» жобасы ауыл шаруашылығы саласына қажетті деген үздік жобалардың көшін бастады.
«Жеке кәсіп» аталымы бойынша «Шығыс Қазақстанның өсімдіктерін жеке кәсіпкерлікте қолдану мүмкіндігі» жобасымен Өскемендегі №9 мектептің оқушысы Виктор Гриневич, «Шығыс Қазақстанға арналған бизнес-жоба экономикалық реформалар бағдарламасы» аталымында Өскемен экономика және қаржы колледжінің оқушысы Никита Грицай жеңімпаз болып танылды. Ол «Автокөлік жабындысы – сұйық резина» жобасын ұсынған. «Әлеуметтік жоба–әлеуметтік маңызды мәселелерді шешудің негізі» аталымының бас жүлдесі тағы да Ұлан ауданы, Герасимовка орта мектебінің оқушысына бұйырды. Оқушы Екатерина Ларкинаның бизнес-жобасы «Сабын шығару өндірісінің студиясын құру \”деп аталады.
Конкурс жеңімпаздары білім басқармасы мен кәсіпкерлер палатасының бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Конкурсқа қатысушылардың бизнес-жобалары қызықты екенін айтқан бизнес қауымдастықтарының өкілдері оларға ынталандыру сыйлықтарын табыс етуді де ұмытпады. «Балхаш-Нан» ЖШС директоры Канат Ақшалов төрт қатысушыға инженерия және робот техникалары мектебінде оқуға сертификат берді. «Шығыс Қазақстанның туристік қауымдастығы» бірлестігінің директоры Аскар Оразбаев үш қатысушыға «Балақай» сауықтыру лагерінде демалуға жолдама беріп, қатысушылардың бірі – Данель Нұргалиеваға бірлескен бизнес ынтымақтастықта болуды ұсынды.
Жанаргүл Мұқатай