Жастар жаңбырға да қараған жоқ

«Табиғат – тал бесігің, аялай біл» деген ұстанымға берік шаһар жастары қолдарына тырнауыш пен сыпыртқы алып, сенбілікке шықты. Белсенді жастар сібірлеп жауған жаңбырға да қараған жоқ.
Демалыс күні игілікті іске жұмылған жастардың дені – Өскемендегі орта және жоғары оқу орындарының студенттері. Даңқ мемориалының алдына жиылғандардың бір ғана мақсаты – өздері өмір сүретін қоршаған ортаның тазалығын сақтау.
– Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін сенбілік биыл да жалғасын тауып отыр. Осы жылы сенбіліктер бір айға созылады. Оған қаладағы әрбір мекемеде, кәсіпорында жұмыс істеп жүрген белсенді жастар, оқу орындарының студенттері қатысады. Сенбілікпен қатар қаламызда осы көктемде «Жасыл өркен» бағдарламасы бойынша 11 мыңнан астам көшет отырғызу жұмыстары жүргізілетін болады – дейді қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ринад Ахметжанов.
Сенбілікке келген студенттерге тырнауыш, сыпыртқы, күрек, қап, жұмыс қолғаптары үлестірілді. Бұл күні тазалық жұмыстары Даңқ мемориалы мен Әуезов даңғылының бойында жүргізілді.
– Мен мұнда студенттеріммен бірге келдім. Ауа райының қолайсыз болуына қарамастан, сенбілікке келіп, ерекше ынтамен еңбек етіп жатырмыз. Облысымыздың орталығы үнемі жарқырап, таза тұруы қажет деп санаймыз. Осындай сенбіліктерге қатысу арқылы қалаға, табиғат-анаға деген махаббатымызды таныта аламыз, – дейді стоматология колледжінің оқытушысы Алмаш Чукубаева.
Сенбілікке 300-ден астам жас қатысып, әрбір оқу орны өзіне тиесілі аумақты тазалады.
Балауса Қожаева