Қоғам

Жастар жұмысқа тартылса…

Семейде облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың төрағалығымен кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиын барысында асырап алған отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі талаптар мен мектеп асханаларын жаңғырту, жастар жылына арналған іс-шараларды іске асыру мәселелері қаралды.

Мектеп асханаларын жаңғырту жобасының шарты бойынша конкурсты жеңіп алған кәсіпкерлер өз есебінен мектеп асханаларын қайта жабдықтап, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Ал облыстық білім басқармасы өз тарапынан олардың қызметтерін тұтынуға кепілдік береді, яғни жалға беру мерзімін жеті-он жылға дейін ұзартады.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік инвестжобасы үшін конкурстық құжаттаманы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік өңірлік орталығы әзірлеген.  Асханаларды жаңғырту үшін жөндеу жұмыстары мен қажетті жабдықтардың тізімін мектеп директорлары ұсынған. Ал ас мәзірін әзірлеу үшін технолог-мамандар жұмысқа  тартылыпты.  Аз қамтылған отбасы балаларына тегін ыстық тамақ беру құны бүгінгі күні 309 теңгені, қалған оқушылар үшін  350 теңгені құрайды.

Облыстық білім басқармасының мамандары Өскемен қаласының мектеп асханаларында жаңғырту жүргізілгеннен кейін жағдай айтарлықтай өзгергенін атап өтті. Келесі жылы Семейдің 44 мектебінде  асханаларды жаңғырту жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Жиын барысында «Жастар жылында» атқарылған іс-шаралар да сөз болды. Мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты – жастардың  білім алуына мүмкіндік жасау. Соңғы мәліметке сүйенсек,  облыс бойынша 264 990 жас бар. Жастардың 182 мыңға жуығы жұмыс істеуге қабілетті,  олардың 175 мыңы жұмыс істейтіндер.  Ал 6,9 мың жас жұмыссыздар қатарын толықтырыпты.

Техникалық білім алатын студенттерді жұмыспен қамтамасыз ету үшін «Қайратты жастар» іс-шарасы өтеді. Осылайша, студенттер зауыттардың ішкі тыныс-тіршілігімен таныса алады. Жыл сайын «Студенттік көктем» сайысы,  бос орындар жәрмеңкесі,  түрлі тренингтер мен сайыстар ұйымдастырылады. «Zhasproject» жобасының 80 пайызы жұмыс істеп тұр. Облыс бойынша «Jasa» жобасы бойынша 57 жоба үздік деп танылған. «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 1300 жасқа мүмкіндік беріліп, екі кезеңнен өткен 330 жас 505 мың теңгеден грант иегерлері атанып отыр.

Сондай-ақ Әсем Нүсіпова патронаттық отбасыларды,  сабаққа қатыспайтын балаларды бақылауға алуға  назар   аудару керектігін айтты.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button