Қоғам

Жастар темірден түйін түйеді

Жастар темірден түйін түйеді


Атап өтерлігі, өңірде бұл жобаға қызығушылық танытқан жастар қатары өте көп. Мәселен, Бородулиха ауданында тұратын жас отбасы Ермек пен Әмина Қалиевтар және олардың досы Қасым Оразбаев үшеуі бірігіп өз бизнес-жоспарларын нақты іске асыруды қолға алған.

Олар 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасы арқылы бір миллион теңгенің грантын жеңіп алып, Бородулиха ауылында темірден әртүрлі көркем бұйымдар соғатын шағын ұстахананың жұмысын бастап жатыр. Мақсатшыл жастар өз жобаларын «Железно поможем» деп атапты.

Жақында ұйымдастырылған жобаның ашылу рәсіміне ауылдастар, достармен қатар, аудандық әкімдіктің, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының, «Жастар кәсіпкерлігін дамыту» қоғамдық қорының және аудандық жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысты. Қазақы дәстүрмен шашу шашылып, салтанатты түрде шағын шеберхананың лентасы қиылды. Қуанышты сәтке арнайы жайылған дастархан басында ауылдың имамы Айдар ата бата беріп, жастардың игі бастамасына ауылдастар атынан сәттілік тіледі.

– Бұл біздің ортақ идеямыз болатын. Топ басшысы етіп жігіттер мені сайлады. Менің жолдасым Ермек кәсіби дәнекерлеуші. Біраз жерде жұмыс істеді. Ақыры ойлана келе, өз жобамызды құрайық деген шешімге келдік. Жобамызды құрастыруға, оның атын таңдауға біздегі жастар ресурстық орталығының жетекшісі Диляра Хасенова, жоба үйлестірушісі Ерсін Құдияров көп көмектесті. Оларға қамқорлығы, қолдауы үшін рахмет айтамыз. Биылғы Жолдауда Елбасымыз келер жылды Жастар жылы деп атауды ұсынды. Соған орай ойлаған бастамамыз іске асқаны үшін өте қуаныштымыз, – дейді топ жетекшісі Әмина Қалиева.
Атап өтерлігі, жастар жоба шартына сай келесі жылғы қаңтар айының соңына дейін ауылдағы көпбалалы және табысы төмен отбасыларға қақпа жасап беру, үйге жылу жүйелерін тарту, жөндеу, түрлі дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу секілді қайтарымсыз негізде тегін көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Оларға алғашқы алты айда Zhas Project жобасы арқылы 40 мың теңге шәкіртақы да төленеді екен.

– Әзірге алғашқы траншты, яғни 500 мың теңгемізді алдық, – дейді әңгімеге араласқан Қасым Оразбаев. – Ол қаржыға қажетті жабдықтарымыздың бәрін сатып алдық, іске кірісуге толық дайынбыз. Қалған керекті заттарды қаражатымыздың екінші бөлігі түскен кезде аламыз. Болашақта тұрақты жұмыспен 10 адамды қамтамасыз етсек деген жоспарымыз да бар.

Әзірге жастар өз шеберханаларын ауылдағы бір жекеменшік үйдің ауласындағы гаражға орналастырған. Орын табуға да ауылдастары көмек қолын созыпты. Бұл жерде ұйымшыл жастар алғашқы тапсырыстарын қабылдап та жатыр.

«ШҚО Жастар кәсіпкерлігін дамыту» қоғамдық қорының құрылтайшысы әрі «Железно поможем» жобасының үйлестірушісі Ерсін Құдияровтың айтуынша, жалпы облыс бойынша осындай 175 жоба мақұлданған. Ал Бородулиха ауданынан ұсынылған оннан аса жобаның үшеуі жеңімпаз атанған. Оның бірі – бүгін жұмысын бастаған жоба.

– Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасы – бұл Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік қайта құру және даму банкінің 2017 жылы басталған бірлескен жобасы. Соның арқасында еліміздің белсенді жастары өз кәсіптерін бастауға үлкен мүмкіндік алып отыр. Бүгінгі жобаның ашылуы өзге жастарға үлгі болады, ауылға қажетті үлкен кәсіпорынға айналады деп сенемін, – дейді Ерсін Құдияров.

Айта кетсек, Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасы биыл мамыр айында бастау алып, жобалық өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 30 маусымына дейін жалғасқан. Ал 20 шілдеге дейін грант беру үшін жобалар іріктеуден өткен. Жобаға еліміздің алты өңірі қатысқан екен.

Жоғарыда айтқанымыздай, жоба аясында бастамашыл жастар әлеуметтік жобаларын әзірлеп, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсететін болады.

Дәурен Аллабергенұлы
Мақала Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button