Руханият

«Жастар» театрының өнерін тамашалады

«Жастар» театрының өнерін тамашалады

Өткен апта Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің студенттері үшін нағыз өнер мерекесі болды. Бұл оқу ордасының студенттері үш күн бойы Астана қалалық жастар театрының қойылымдарын тамашалап, бір демалып қалды.
Облыс орталығында тұңғыш рет өткен Қазақстан драма театрларының ХХІІІ республикалық фестиваліне қатысуға келген Астанадағы «Жастар» театры шығысқазақстандық студенттерді де өз өнерімен тәнті етті. Жоғары оқу орнының басшылығының өтінішін жерге тастамаған астаналық жастар театры үш күн қатарынан университет сахнасында өнер көрсетті. Алғашқы күні жастар театры классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты шығармасының желісімен сахналанған «Көзіме бір көрінші бала ғашық» атты қойылымды студенттер назарына ұсынса, екінші күні С.Дүйсенбиевтің «Махаббат миниатюралары» театрландырылған қойылымын, ал үшінші күні Т.Мицуллиннің «Диляфруздың төрт күйеуі» комедиясын ұсынды. Әр қойылымды студенттер қауымы ерекше қызығушылықпен тамашалады. Өйткені, әр қойылымнан жастар театрына тән өзіндік қолтаңбаның лебі есіп тұрды. Ән мен биге, пластикаға толы қойылымдар арманшыл жастардың көңіл күйін дөп басып жатты. Бір атап айтарлығы, үш қойылымның да режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Театр актерларының арасында Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин секілді есімі кино әлеміне де танымал болып келе жатқан таланттар бар. Әсіресе, өнерсүйер қауым оларды «Қазақстан» телеарнасындағы «Қара шаңырақ» телесериалы арқылы жақсы біледі.
Труппаның жетекшісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Мұхтархан Манаповтың айтуынша, жастар театры Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2007 жылы құрылыпты. Небәрі сегіз жылдың ішінде театр талай биікті бағындырып, төрт халықаралық, төрт республикалық байқаулардың бас жүлдесін жеңіп алыпты.
– Қойылымдардың барлығы маған ұнады. Шынымды айтсам, талайдан мұндай дүниелерді көрмеп едім. Болашақ қазақ өнерінің шамшырағы да осы – жастар,- дейді ШҚМТУ-дің тау-кен және металлургия факультетінің студенті Дана Оралханова.
Айта кетейік, Өскеменде өткен Қазақстан драма театрларының ХХІІІ республикалық фестивалінде астаналық Жастар театры Жеңістің 70 жылдығына орай Қазақстанның халық жазушысы С.Жүнісовтің «Тырау-тырау, тырналар…» драмасын сахналап, «Жоғары деңгейлі шығармашылық үйлесім» аталымымен марапатталған болатын.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button