Қоғам

ЖАСТАР ТАНЫМАЛ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

«Бірдеңе ашсам, бірдеңемен шұғылдансам ғой. Арманымдағы кәсіпті қалай ашсам? Алғашқы қадамымды неден бастасам, қалай жасасам екен?» деген оймен жүрген жандар жетеді. Аймақтық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен  өткен «Кәсіп talks» бизнес форумында өңірдің танымал кәсіпкерлері бизнеспен шұғылдансам деген жастарға өз кеңестерін беріп, табысты болудың құпияларымен де бөлісті.

Белгілі кәсіпкерлердің ынталандыруға, қазіргіше айтсақ, мотивацияға толы әңгімелері кездесуге жиналған жастардың бірде-бірін бейжай қалдырмады. Өзіңнің хоббиіңді, сүйген ісіңді де бизнеске айналдыруға болатынын естіген олар «Кәсіп talks» форумында талқыланған түрлі тақырыптардан талай қажетті дүниені көкіректеріне түйіп қайтты.

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ және С.Аманжолов атындағы ШҚУ студенттерінің қатысуымен өткен бизнес форумда аймақ кәсіпкерлері палатасының директоры Қайрат Мамырбаев «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өз кәсібін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге, жастарға көрсетіп жатқан мемлекеттік қолдаулары туралы әңгімелеп беріп, тәжірибеден өтетін жұмыс орындарын таңдар кезде кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгінуге шақырды. Аймақ кәсіпкерлері палатасы қызметкерлерінің кеңесін жыл сайын 1,5 мыңнан астам кәсіпкер алып келеді.

Аймақтық іскер әйелдер кеңесі жанындағы  «Авангард плюс» жас кәсіпкерлер мектебінің үйлестірушісі Христина Дорошенко ЖОО студенттерін Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында басталғалы жатқан жаңа оқу маусымына шақырды. Мектепте жастар кәсіпкерлікпен айналысудың жолдарын теория жүзінде оқып қана қоймай, кәсіпкерлердің өздерімен пікірлесіп, тәжірибелерін үйрене алады. Екі ай көлемінде аптасына бір рет өтетін оқу курсында жастар  «Казцинк»,  «Торговый дом» ЖШС, «Өскемен-Молоко» кәсіпорны,  «Best» білім беру орталығы, « Алтай балы», «Why not» сән салоны сияқты облыс орталығындағы шағын кәсіпкерлік субъектілерінде болып, олардың жұмысымен танысады.

Аймақтық кәсіпкерлер палатасының жанындағы туризм комитетінің, облыстағы  туристер қауымдастығының төрағасы,   «Көгілдір бұғаз» демалыс базасының басшысы Аскар Оразбаев,  «Рахат Қисановтың менеджмент мектебі»,  «2ГИС-Өскемен» ЖШС басшысы Рахат Қисанов, интеллектуалдық Imom’s кешінің ұйымдастырушысы Аяжан Төлепбергенова, тағы да басқа белгілі кәсіпкерлер студенттерге кәсіпкерлікпен айналысудың қыр-сырын ұқтырып, өздерінің бизнестерімен, жетістікке жетудің жолдарымен таныстырды.

– Қалай ойлайсыңдар, даму, өркендеу деген не? Демалыс базасында бірінен соң бірі көп үйлер салынып тасталған болса ма, әлде бұл үйлерде комфорт, қолайлы жағдайлар жасалып, бұрынғыдан да қызықты бола түссе ме? Қашанда сапалық көрсеткіш сандық көрсеткіштен жоғары тұрады. Түйінді осыдан түю керек.  Нарықтағы бәсекелесің сенің бизнесіңнің өркендеп бара жатқанын ұғу үшін не істеу керек екенін. Сендер нарықта өздеріңе дейін жұмыс істеп жатқан бәсекелестеріңнен көп артық, қолайлы нәрсе ұсынуларың керек, – деп түсіндірді кәсіпкер Асқар Оразбаев нарықта танымал болып, өркендеудің басты жолы тұтынушыға сапалы қызмет көрсетуде екендігін. Кәсіпкер Рахат Қисанов форумға қатысушыларға  бизнесті қандай қағидаларға сүйеніп құру керектігін, кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлердің көп жіберетін қателіктері, кемшіліктері жөнінде әңгімелеп, өзінің өмірлік, кәсіпкерлік тәжірибесімен бөлісті.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button