Қоғам

Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы

Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы


Аймақтағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Шығыс – адалдық алаңы» жобасының аясында Өскемендегі облыстық полиция департаментініңәкімшілік полиция басқармасында және Семей қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында«Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз» акциясы өтті.

Облыстық ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс бөлімі, полиция департаменті, облыстық, Өскемен жəне Семей қалалық жастар ресурстық орталықтары мен «Жас Отан» жастар қанатыұйымдастырған іс-шараның мақсаты – мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын түсіндіру, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру болды.

Жастар жағы белсенділік танытқан акция барысында мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне,кеңес алуға келген тұрғындар мен қала қонақтарына сыбайлас жемқорлық пен пара берудің құқықтық жауапкершілігі түсіндіріліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық парақшалар таратылды.

Семейдің ерікті жастары да облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында дәл осындай тақырыпта акция өткізді.

Акция барысында «Бұл жерде пара алмайды!», «Сыйлықтар қабылдамайды!» деген көрнекілік жазулары бар үлестірме материалдар таратылды. Пара беру қылмыс екені және екі айлық есептік көрсеткіштен аз сыйлық немесе ақша ұсыну әкімшілік құқық бұзушылық болып табылатыны ескертілді.

– Акцияға атсалысқан «Жас Отан» жастар қанаты, жастар мәслихаты, Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университетінің студент жастарына жастар орталығы атынан алғыс білдіреміз, – деді Семей қалалықжастар ресурстық орталығының директоры Олжас Соғымбай. – Қаламыздағы 85 мың жастың арасында әртүрлі әлеуметтік мәселелер бар. Біз осал топтағы жастарды қоғамға қайта бейімдеуге тырысамыз. Олардың осындай шараларға атсалысуына ықпал етеміз. «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен – ауылға», «Бизнестің жол картасы – 2020», «7-20-25» мемлекеттік бағдарламаларын жастар арасында насихаттау басты мақсатымыз. Өз еңбегімен күн көрген жас ешқашан жемқорлыққа жол бермейді.

– Акция барысында біз тұрғындармен әңгімелесіп, талдау жасаймыз. Мамандандырылған ХҚКО ұжымымен танысып, онда сыбайластыққа жол бермеу үшін қандай жұмыстар жүріп жатқандығын және осында қанша бейнекамера орнатылғандығын тексереміз, – деді жастар ресурстық орталығының кеңесші-заңгері Асхат Асқаров.

Аталған ХҚКО өткен жылы ғана ашылған. Қала тұрғындары бұл жерден қысқа уақытта жүргізуші куәлігін алып, өз автокөліктерін шұғыл тіркете алады. Осы екі қызмет түрін екі сағат ішінде ресімдеу мүмкіндігіне ие.

– Бізде арнайы автодром бар, – деп түсіндірді акцияға қатысушыларға мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының мемлекеттік автоинспекторы Ерлан Мұхамеджанов. – Автодромда кандидат ешбір жетекшісіз өзі емтихан тапсырады. Автокөліктің ішінде де, сыртында да бейнежазба камера бар.

Семейдегі жастар ресурстық орталығының директоры Олжас Соғымбайдың айтуынша, кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі. Бүгінде басты назар көбінде сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күресуге аударылып отыр. Бүгінгі акция – соның бір дәлелі.

Дәурен Аллабергенұлы,
Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button