Қоғам

Жастар қозғалысының штабы құрылды

Жастар қозғалысының штабы құрылды


Өскемендегі достық үйі-қоғамдық келісім орталығында «Көшбасшы бол» жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» атты республикалық жастар қозғалысының құрылтай конференциясы өтті.

Басқосудың ашылу салтанатында сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев елімізде жастар саясатын жүзеге асыруға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.

Конференция барысында қатысушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасын» талқылап, пікірлерін ортаға салды.

Жиын барысында «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының облыстық штабын құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамында өңірдің белсенді жастары мен этнобірлестік мүшелері бар. Басқосуға қатысушылардың келісімімен «Вайнах» шешен-ингуш хореографиялық тобының жетекшісі Равиль Юнусов қозғалыстың көшбасшысы болып тағайындалды.

Конференцияда «Жаңғыру жолы» қозғалысының 2018-2020 жылдарға арналған стратегиясы бекітіліп, барлық қатысушыға құрылымы мен ережесі түсіндірілді. Сондай-ақ аудандардағы үйлестірушілері анықталып, іс-шаралар жоспары әзірленетін болды.

– Жастар ұйымы көп. Соның бірі – «Жаңғыру жолы». Біздің басты мақсатымыз – Елбасының саясатын насихаттау. Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы Нұрсұлтан Назарбаев саяси жүйеде, экономикада және қоғамымыздың рухани саласында ауқымды бастамаларды іске асыруды жүктеді. Ал таяуда Мемлекет басшысы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бес әлеуметтік бастаманы ұсынды. Жалпы, Елбасымыз жастар мәселелерін үнемі назарында ұстап келеді. Сондықтан біз де еліміздің гүлдендіру жолында аянбай еңбек етуге тиіспіз, – дейді Равиль Юнусов.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button