Қоғам

Жастар адам жанын емдеді

Жастар адам жанын емдеді


«Жөтеліп жүргендер ғана дәрігерге, ал қалғандары театрға барады». Белгілі британдық актер Алек Гиннес осылай деген екен. Біз бұл сөзге имандай сеніп келеміз. Беталысымыз – шаһардағы іргелі білім ордаларының бірі – С.Аманжолов университеті. Неге театр емес дейсіз бе? Бұл жерде бір емес, он бір шығармашылық ұжым өнер көрсетпек. Актерлердің өзі кілең студенттер.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің үлкен залында ине шаншар орын жоқ екен. Айтқанымыздай, еліміздің жеті қаласынан, тоғыз жоғары оқу орнынан 10 студенттер театры келіпті. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Атырау, Талдықорған, Тараз және Көкшетаудың жастары бас қосты Өскемен төрінде. «Ұлы өнер – ұлт жаңғыруы» атты республикалық фестиваль басталып та кетті. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген жастарға сәтсапар тілеген соң, жарық өшті, зал сілтідей тынды…

«Ана жолы сіз менің өлеңімді оқығанда… Өзім танымай қалдым. Әншейін жабайы өлеңге жан бітіріп жібердіңіз»… деді бойжеткен.

«Жоқ, Ләзтай, қайта сенің өлеңің маған қанат бітіргендей болды», – деді жас жігіт.

Таныдық. Тахауи Ахтанов, «Махаббат мұңы». Тақырып көрермен жастарға ұнады білем. Ыстық алақандарын ұзақ соғып, ілтипат білдірді. Бұл байқауда жергілікті ЖОО-ның намысын қорғаған – «Шабыт» болатын. Жетекшісі – Ертай Хасенов. Өскемен атынан өнер көрсеткен екінші бір студенттер театры – «Жалынды жастар» «Қайран ұлым» атты мән-мағыналы спектакльді көпшілік назарына ұсынды. Алайда аталмыш театр байқауға қатыспады.

Елордадан келген үш театр да үздікке пара-пар өнер көрсетті. Атырау жастарының «Мұнай-махаббаты» көрерменнің ерекше ықыласына ие болды.
Халық болып екі күн бойы боямасыз өнермен суындап, сарайымыз ашылып, санамыз сауығып қайттық. Жасы үлкен кісілерге студенттердің осы ойын-сауығының өзі бөлек бір риясыз театр болып көрінді шамасы. Қауқылдасып, кәудірлесіп бара жатқан сөздерінен аңғардық.

Айтпақшы, 11 ұжымның ішінде, Нұр-Сұлтан қаласынан келген С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің шәкірттері үздік деп танылды. Олар «Сәкенді» сахналаған болатын. Бірінші орынды І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Жас түлек-тері» алды. Екінші орын – Еуразия Ұлттық университеті, «Шаңырақ» театры. Үшінші орынды үш ЖОО бөлісті: Тұран университеті, Шәкәрім университеті және Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті.

Жастар адам жанын емдеді

Осы орайда қазылар алқасының жастарға берген бағасына тоқталайық.

– Жастар жалпы жақсы өнер көрсетті. Әлбетте, бұл кәсіби актерлердің ұжымы емес. Сол себепті кейбір кемшіліктерге кешіріммен қарауға тырыстық. Алайда қазақ тілінің қарапайым орфоэпиялық заңдылығын сақтамаған тұстары болды студенттердің. Бұл үлкен әбестік, оны жетекшілерге ескерттік. Ал «Ақ желкеннің» (С.Сейфуллин атынд. Қазақ агротехникалық университеті) жастары оқ бойы озық келді. Қойылымдары әрі салмақты, әрі тарихи мән-мағыналы. Бастысы соны халыққа жеткізе білді, – дейді облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі Сақан Әкелеев.

Аманжолов университетінің проректоры Амангелді Төлемісов фестиваль келесі жылы жалғасын тапса деген тілеген жеткізді.

– Жастар жылындағы ерекше жаңалық деп ойлаймын. Тамаша байқау, дәстүрге айналса нұр үстіне нұр болар еді. Эстафетаны бас жүлдені иеленген білім ордасы жалғастырса деген тілегіміз бар, – деді ол.

ШҚМУ атынан сынға түскен шәкірттер де құр алақан қалмады. Жүрсін Жұмабаев «үздік ер адам рөлі» аталмын жеңіп алса, Гүлбибі Сейдәлі «эпизодттық үздік әйел рөлі» аталымына лайық болды.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button