Қоғам

Жастарға барлық жағдай жасалады

Облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат Өскеменде өңірдегі жастар өкілдерімен бейресмитүрде кездесу өткізді.Олардың қатарында жастар ресурстық орталықтарының директорлары, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары, Президенттік жастар кадрлық резервінің, үкіметтік емес ұйымдардыңөкілдері, жұмысшы, шығармашыл жастар, жас кәсіпкерлер, студенттер, волонтерлер болды.

Облыс әкімінің орынбасары айтқандай, «кездесу мақсаты – жас көшбасшылармен танысу, жастар саясаты туралы пікір алмасу» болды. Әлішер Мархабат жастардың жан-жақты дамуы мемлекет саясатындағы басым мәселе болғанын және болып қала беретінін атап көрсетті. 2020 жыл Президент бастамасымен Волонтер жылы болып жарияланған, бұл – Жастар жылының қисынды жалғасы. Осы жылы жастар үшін жағдай жасау жұмыстары жалғасады.

Кездесуде жастар замандастарының табыстары мен жеңістері туралы білді. Аймақтың бұрыш-бұрышынан келген жастар зияткерлік, шығармашылық, волонтерлік жобалары, бизнес-идеялары, ірі жобалар мен чемпионаттарға қатысқандары туралы айтты.

Мәселен, Зияткер жастар қауымдастығының жетекшісі Қуаныш Молдақашев Семейдеқазақша зияткерлік ойындар өткізеді. Ол ғылымға қызығушы жастарға арналған зияткерлік алаңдардың көптеп ашылуын қалайды. Ал суретші Ольга Чавкинаның картиналары облыстық іс-шараларда бірнеше рет ұсынылған. Дарынды қыз «100 жаңа есімнің» қатарына еніп отыр.

  • Екінші жыл қатыранын WorldSkills республикалық чемпионатында облыс командасы көшбастап келеді. Мұндай нәтижеге облыс басшылығының техникалық білім саласына көрсеткен қолдауы арқасында қол жеткізілді. Біз осымен тоқтамай, кәсіби шеберліктерімізді дамыта береміз, – деді Семей электр-техникалық колледжінің студенті, Worldskills Kazan-2019 Әлем чемпионатының жеңімпазы Исажан Райысов.

Кездесуге Президенттік жастар кадрлық резервіне іліккендер де қатысты, Өскемен білім бөлімінің сектор меңгерушісі Юлия Овечкина мен Семей колледжінің директоры Қасымбек Ақжалов жобаға қалай қатысқандары туралы айтып берді.Естеріңізге салсақ, Президенттік жастар кадрлық резервіне өткен 300 адамның отызы – Шығыстың өкілі, олардың алтауы облыста жұмыс істеп жүр.

Сондай-ақ жас музыкант, кәсіпкер Арлан Сүлейменов «Co-Music» жеке мектебін қалай ашқаны жайында әңгімеледі. Кәсіпкерлік негіздерін оқи жүріп ол бизнес-жобасын сәтті қорғайды да «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша грант ұтып алады.

Ал Үлбі металлургиялық зауыты жастар бірлестігінің жетекшісі Михаил Байтеряков 2017 жылы құрылғанӨскеменнің жұмысшы жастар кеңесі туралы айтты. Жұмысшы жастар мұқтаждар үшін еріктілер акцияларын өткізіп тұрады, балалар үйін қамқорлыққа алған.

– С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың «Мейірім» еріктілер қозғалысында 200-ден астам волонтер студент бар, – деді қозғалыс төрайымы Назым Аманжолова. – Осы жылдың Волонтер жылы болып жарияланғанына қуаныштымыз. Бұл еріктілер қозғалысының дамуына серпін бермек. Біз Волонтер жылына, Абайдың 175 жылдығына белсене қатысуға әзірміз.

Кездесуде жастар пікір алмасып, мемлекеттік жастар саясатын өзектілендіру, жастар ісі комитеттері мен жастар ресурстық орталықтарының төрағаларын сайлау, жастарда «soft skills» дағдыларын дамыту идеяларын талқылады.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button