Жасанды түсік жарға жығады

Соңғы кезде Денсаулық сақтау министрлігінің «16 жастан бастап ата-ана келісімінсіз медициналық қызмет тұтынуға, оның ішінде түсік жасатуға рұқсат беру» туралы ұсынысы қоғамның қызу талқысына түсуде. «Қызды қырық үйден тыйған» ұлт болған соң ба, министрліктің ұсынысы қазақ қоғамының қатты наразылығын тудырып жатқаны шындық. Осы орайда бұл мәселеге біз де назар аударып, өзімізше зерттеп көрдік.
Қазақ халқы қыз балаға әрқашан құрметпен қараған ғой. «Қыз деген қонақ» деп, бұлаңдаған бойжеткенін төрге отырғызып, басынан құс ұшырмайтын да біздің халық. Бірақ сол қыздарымыздың қадірі соңғы кезде неге қашты? Таяқты лақтырсаң, келіп қыздарымызға тиеді. «Бұзылған кім?», «Баласын дәретханаға тастаған кім?» десек, қазақтың қызы болып шығады. Қыздарымызды қаралауға келгенде, бәріміз алдымызға жан салмайтын болып алдық. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігінің «ата-ананың рұқсатынсыз 16 жастан түсікке рұқсат беру» туралы әңгімені бекер қозғамағандығын да іштей түйсінеміз. Шындап келгенде, бұл – ойланарлық үлкен мәселе.
Ақиқатында, бұл дегеніңіз қыз тәрбиесін әбден қолдан шығарып алғанымыздың айқын айғағы болса керек. Қолдан келер шара жоқ. Желкілдеп өсіп келе жатқан ұл мен қызды тәрбиелеуге педагогикамыздың өзі де дәрменсіз болып тұрғаны ғой. Олай болмаса, министрлік мұндай ұсыныс жасамас еді. Кейбір деректерге қарағанда, елімізде жыл сайын 15-19 жас аралығындағы 20 мың жасөспірім жүкті болып, оның 10 мыңға жуығы түсік жасататын көрінеді. Мысалы, 2016 жылы елімізде 79 мың әйел түсік жасатқан болса, оның мыңнан астамы, нақты айтқанда 1418-і 15-16 жас аралығындағы қыздар екен. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегі бойынша, өңірімізде 2017 жылы ерте жүктілік бойынша 304 бойжеткен есепке алыныпты. Ал 2018 жылдың 6 айында ғана 98 жасөспірім қыздың аяғы ауыр болып, оның 72-сі босанып, 26 бойжеткен жасанды түсік жасатқан екен. Көрдіңіз бе, бесіктен белі шықпай жатып, түсік жасататын қыздарымыздың қатары жыл сайын көбейіп отыр. Неге? Бұған кінәлі кім? Отбасы ма, әлде қоғам ба?

Ал Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Исмағамбетованың келтірген дерегі тіпті естен тандырады. Оның айтуынша, «жастардың 70 пайызы алғашқы жыныстық қатынасқа 15 жасқа дейін, яғни мектепте жүргенде-ақ түсіп үлгереді екен». Сұмдық-ай десеңізші, сонда мектепте оқып жүрген қыздарымыздың дені бүлінген бе? Министрлікке мұндай деректі ұсынып жүрген кім? Қайдан шыққан статистика бұл? Ақиқат болса, баяғы апаларымыздың тілімен айтқанда, қай бетімді шымшиын? Сонда біздің ұлағатты ұстаздарымыз кімдерді тәрбиелеуде?
Қалай десек те, «жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, министрліктің біртүрлі әңгімені қозғауына осындай статистикалардың әсері көп екені даусыз.
Жалпы, жастардың сексуалды мәдениетін көтеру керек. Бұған бүгінгі қоғамда ешкімнің де қарсылығы жоқ. Бірақ қалай? Мектеп оқушыларына мүшеқап таратумен немесе түсік жасатумен мәселе түбегейлі шешіле ме? Салдары қандай болмақ? Ұлттың болашағын ойлаған зиялы қауымның министрліктің бұл ұсынысын құп алмай, өре түрегеліп, алаңдаушылық білдіруі өте заңды. Оның үстіне ешқандай ата-ана жасөспірім қызының өзінің рұқсатынсыз түсік жасатуын мақұлдай қоймасы анық.
– 16 жастан бастап жасанды түсік жасатуға рұқсат беру – ақымақтық. Бұған ешқашан да жол беруге болмайды. Егер Денсаулық сақтау министрлігі мұндай ереже, мұндай заң қабылдайтын болса, қыздарымыз өздерін қалай болса солай ұстайтын болады. Тіпті ата-анасына айтпай, бір емес, бірнеше аборт жасатуы да мүмкін ғой. Сосын, баласының жағдайын ата-анасынан артық кім білуі мүмкін? Қандай дәріге аллергиясы барын, бұрын қандай аурумен ауырғанын аборт жасататын жасөспірім қыз дәрігерге ешқашан айтпайды. Сосын ол қыз аборт жасатамын деп, ажал құшуы әбден мүмкін. Ұлт болашағын ойласақ, қыз тәрбиесін мықтап қолға алуымыз керек. Мәселені шешудің жеңіл түрін таңдамай, керісінше ата-ананың, мектептің жауапкершілігін күшейтетін заңдар қабылдайық. Жігіттерімізге жауапкершілік артайық. Өзі қазақтың саны көп те емес қой. Егер бұған жол берсек, қалай көбейеміз? Оның үстіне қазіргі таңда жастар арасында бедеулік дегеніңіз де өршіп тұр. Ал 16 жасында аборт жасатқан жасөспірімнің қайтадан құрсақ көтеретініне қандай кепілдік бар? Тереңнен тамыр тартқан салт-дәстүріміз қайда қалады? Қазақтың қызы ақ босағаны пәк болып, таза болып аттаған емес пе. Иә, жасөспірімдер арасында балалықпен от басып, аяғы ауыр болып жатқандар бар шығар. Бірақ мен жастардың 70 пайызы жыныстық қатынасқа мектеп қабырғасында түседі деген ақпаратқа күмәнмен қараймын. Үкіметтік емес ұйымдардың зерттеуіне де сене беруге болмайды. Орыс мектептері үшін жауап бере алмаймын, бірақ қазақ мектептерінде әлі де болса тәрбиенің діңгегі мықты, – дейді Өскемендегі дарынды балаларға арналған мектеп-лицей-интернатының директоры Айгүл Абдуллина.

Кезінде Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев түсік жасауға заңды түрде тыйым салу туралы ұсыныс жасағаны белгілі. Асыл дініміз ислам да жасанды түсік жасатуды құптай қоймайды. Ғұламалардың айтуынша, дініміз бір ғана жағдайда баланы алуға рұқсат береді екен. Егер баланы босану әйелдің өміріне қауіп төндірсе ғана жасанды түсік жасатуға болады. Онда да 120 күнге дейін алынуы тиіс. Ал ата-аналар қауымы министрліктің біртүрлі ұсынысына қалай қарайды?
– Әрине, бетін аулақ қылсын. 16 жастағы қызым біреуден алданып, ауыр аяқ болып қалған жағдайда, мен оған ешқашан да жасанды түсік жасатуға рұқсатымды бермес едім. Неге дейсіз бе? Өйткені оның өкінішпен өмірін өткізгенін қаламаймын. Алғашқы баланы алдырту өте қауіпті. Өйткені тұрмысқа шыққан әйелдің өзі абортты ауыр қабылдайды. Ал түсік жасатқан жасөспірім қыз үшін бұл – үлкен трагедия. Болашақта оның бала сүю қабілетінен де айырылуы ғажап емес. Әрі түсік жасату – адам өлтірумен пара-пар, яғни қылмыс. Айтыңызшы, олай болса, мен өз перзентімді қалайша қылмыс істеуге итермелеймін? Одан да мәселені шешудің өзге жолдарын қарастырғанымыз жөн, – дейді өскемендік ата-ана Жазира Жакашева.
¬– Біз өз балаларымыздың білімді, тәрбиелі, бәсекеге қабілетті болғанын қалаймыз. Сол үшін барымызды саламыз. Түрлі үйірмелерге береміз. Бірақ өмірге қажетті ең басты нәрсені назарымыздан тыс қалдырамыз. Ол – балаға жыныстық тәрбие беру мәселесі. Тіпті қазақ отбасында бұл – жабық тақырып. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Бұл мәселені елемеудің соңы өкінішке апарып соғады. Бұрын біздің кезімізде мұндай мәселелер қыздар жиналысында қозғалып, талқыланатын. Қазір мектепте қыздар жиналысы өтті дегенді құлағым шалған емес. Осынау дәстүрді қайта жаңғырту керек, – дейді Калима есімді тағы бір ата-ана.
Иә, мәселені шешудің өзге жолдарын мамандар қарастырмады деуге болмас. Бірақ нәтижесіз. Бұл мәселені шешудің жолдары біздің облыстың білім басқармасының назарынан тыс қалған емес. Тіпті мектептің жоғарғы сынып оқушыларына репродуктивті денсаулықты қалай сақтау керектігі жөнінде 17 сағаттық арнайы курс енгізудің жайы да талай талқыланған-ды. Облысымызда 2016 жылы аяғы ауыр болып қалған алты оқушы қыз тіркелсе, 2015 жылы бұл екі есе көп болған. Сөйтіп, оқушыларды сексуалды тәрбиелеу курсы облыстың бес мектебіне енгізілетін болып, ата-аналар кеңесі білім басқармасына жасөспірімдердің жүктілігі жоғары мектептерді анықтап, мұндай курсты сол мектептерге енгізуді ұсынған болатын.
Десек те, Денсаулық сақтау министрлігінің «ата-ананың келісімінсіз 16 жастан түсікке рұқсат беру» туралы ұсынысы тығырықтан шығудың жолы емес. Қайта мұндай шешім жағдайды одан сайын ушықтыра түспек. Біраз адаммен сөйлесіп, пікірін білгеннен кейін, біз де осындай тұжырымға келдік. 16 жастан абортқа рұқсат беру – тастанды балалардың санының азаюына ықпал етеді дегенімізбен, бұлай істеуге әсте болмайды. Қайта қыз баланы тәрбиелеу мәселесін қоғам болып қолға алуымыз керек. Өйткені ұлттың болашағы қыздарымыздың қолында. Қызды құртса, болашағымызды балталағанымыз. Ендеше өз тамырымызға өзіміз балта шаппайық дегіміз келеді.
Мейрамтай Иманғали