ҚоғамТОП

Жасанды интеллект суреттерге жан бітірді

Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада ерекше AI-AR көрменің тұсауы кесілді. Көрменің ерекшелігі сол, мұндағы суреттер сөйлейді. Әне, заманауи технологияның құдіреті!

Облыс орталығындағы кітапхананың заман ағымына сай жұмыс істейтіні баршаға аян. Осыған дейін де оқырмандары мен қала тұрғындарын жаңашыл бастамаларымен қуантып жүрген руханият ордасы бұл жолы белгілі қаламгер Оралхан Бөкей шығармаларының желісімен салынған суреттерге жан бітірді. «Жазушы шығармалары – қылқаламмен» деп аталатын көрмеге суретші Болат Исин мен Бақы Урманченің 19 суреті қойылған. Осылайша Алтайдың Кербұғысы атанған классик жазушының таңдаулы туындылары оқырманға жаңа форматта жол тартты.

– Көрмеге қойылған суреттердің барлығына дерлік арнайы QR-код қойылған. Оларға жан бітіру үшін телефоныңызға арнайы бағдарлама жүктеп, сосын суретке жақындатсаңыз болғаны. QR-код астында сол шығарма туралы автордың немесе белгілі тұлғалардың пікірлері жасырылған. Сондай-ақ осы туынды туралы түсірілген кинофильмдерден және театрландырылған қойылымдардан да үзінділер бар, – дейді кітапхана қызметкері Таңнұр Башай.

Оның айтуынша, көрмеге қойылған суреттердің сапасы жасанды интеллектің көмегімен жақсартылған. Суреттерге қарап тұрсаңыз бояуы қанық, бейнесі анық екенін аңғару қиын емес.

– Суреттер жасанды интеллектің көмегімен сапасы жақсарып, қанық түске ие болды. Байқасаңыз әр суретке екі QR-код қойылған. Бұл осы туынды туралы қазақ және орыс тілдеріндегі анықтамалық. QR-кодты сканерлеу арқылы өзіңізге түсінікті тілде мәлімет ала аласыз. Жаңа көрменің көмегімен ең бірінші Оралхан Бөкейдің шығармаларын заманауи технологияның, жасанды интеллектің көмегімен насихаттауға тырыстық, – дейді кітапхана қызметкері.

Жаңа форматтағы AI-AR көрме оқырмандардың да көңілінен шыққан. Кітапхана қызметкерлерінің айтуынша, көрмені қызықтап келетін оқырмандар да аз емес. Оның үстіне мекеме қызметкерлері әр келген қонағына кітапхананы таныстырып, шағын экскурсия ұйымдастыруды әдетке айналдырған.

– Қаладағы өзіме ұнайтын кітапхана осы еді. Заман талабына сай жұмыс істейтіні қатты қуантады. Студент болып өзге қалаға кеткелі біраз уақыт келе алмадым. Бүгін келгенімде осы көрмені тамашаладым. Өте ұнады. Жазушы шығармаларын дәріптеуде осындай бастамалардың көп болғаны дұрыс, әрине. Жастарды кітап оқуға қызықтыру үшін жасанды интеллектің тигізер пайдасы мол. Тек кітапханадағы оқырман залы бұрынғыдай болса нұр үстіне нұр болар еді. Баяу аққан Ертіске қарап отырып кітап оқығанның өзі адамға ерекше әсер сыйлайды. Мен бұл кітапхананы осы үшін де жақсы көретінмін. Қазір іші сәл өзгерген екен, – дейді оқырман Еркежан Серікжанқызы.

AI-AR көрме кітапхананың тұрақты оқырмандарын ғана емес, өзге адамдарды да қатты қызықтырғанға ұқсайды. Оны әлеуметтік желіден көріп, сол үшін өңіріміздің түкпір-түкпірінен арнайы Өскеменге ат басын бұрған жандар да болған.

– Өткенде ғана біздің кітапханаға Көкшетау қаласынан қонақ келді. Ол көрме туралы Instagram парақшамыздан біліп, көру үшін арнайы келгенін жеткізді, – дейді кітапхана қызметкері.

Өзгерген Өскемен

Бұл кітапханада өлке тарихын насихаттайтын тағы бір көрме ашылған. Ол да заманауи технологиямен үйлескен. «Өзгерген  Өскемен» деген атауға ие бұл көрме биылғы жыл басынан бері жұмыс істеп тұр. Мұнда облыс орталығының көне суреттері көпшілік назарына ұсынылған. Көрменің ерекшелігі де жоқ емес. Арнайы бағдарламаны ұялы телефонға жүктеп алып, фотосуретке жақындатса болды оған жан бітіп, сол суретте көрсетілген ғимараттың немесе нысанның қазіргі бейнесі пайда болады.

– Бұл көрме жылды бастаған ең алғашқы жаңалығымыз болды. Оқырмандардың таңданысында шек жоқ. Қарттарымыз келіп, көрмедегі ескі суреттерден қаланың қай жері екенін бірден тауып, жастық шақтарын еске алып жатса, жастар қауымы Өскеменнің осыншалықты өзгергеніне таңданып жатады, – дейді кітапхана қызметкері.

Өскеменнің ескі суретін сақтаған тұрғындардың да көрменің көркеюіне атсалысуына болады. Олардың қолындағы суреттерді де көрмеге қойып, жан бітіруге кітапхананың мүмкіндігі бар.

Осы айдарда

Back to top button