Жасанды бүйрек
Ынтымақ Толқын
Жаңа технологияның тағы бір жетістігі – жасанды бүйрек. Жуырда АҚШ ғалымдары бүйректің баламасын сынақтан өткізді.
Қазір қоғамда созылмалы бүйрек ауруларынан зардап шегетін науқастар жетерлік. Оларды сырқаттан ада етудің ең тиімді жолы – бүйрек трансплантациясы. Алайда осы сырқатқа шалдыққандар саны жыл санап артып, донор тапшылығы туындай бастады. Осылайша, науқастар біртіндеп диализге тәуелді болды. Бірақ олардың көбі үзіліссіз диализге төзе бермейді. Ғалымдарды толғандырған бұл мәселе жасанды бүйрек ойлап табуға түрткі болды.
Жасанды бүйрек науқастарды бүйрек диализі мен көптің қалтасы көтере бермейтін трансплатациядан құтқарады деп болжап отыр мамандар. Бұл ретте Сан-Францискодағы Калифорния университеті мен Вандербильт жоғары оқу орнының мамандары жоғары жетістікке жете алды. Kidney Project аясында жұмыс атқарған ғалымдар бүйректің мүмкіндіктерін орындай алатын кофе шыныаяғындай имплант әзірлеген. Бұл құрылғы жоғары деңгейлі өткізгіш сүзгі блогынан және адамның бүйрек жасушаларынан тұрады. Бірінен соң бірі орналасқан 15 сүзгі қойылған жасанды бүйрек адам ағзасындағы иммундық реакцияларға ұшырамайды. Ал құрылғыдағы тірі жасушалар қанды сүзіп қана қоймай, қан қысымын бақылау үшін гормондардың бөлінуі сияқты адам бүйрегінің маңызды қызметін атқарады. Жасанды бүйректе сүзгілерден бөлек ультрафильтратты өңдейтін биореактор бар. Ол қандағы артық қалдықтарды бөліп, зәрге айналдырады. Құрылғы адамның ағзасына қауіпсіз әрі берік материалдан жасалған. Имплант түтіктермен қатар орналасқан тамырлармен және қуықпен байланыстырылған. Ал тазартылған қан құрылғыға қосылған тамырлар арқылы айналымға қайта қосылады да, қалдықтар түтікшемен қуыққа жіберіледі.
Жасанды бүйрек адамның қан қысымынан қуат алады және сырттан келетін ешқандай түтікшелерге тәуелді емес. Сонымен қатар дәрігердің бақылауын да қажет етпейді. Алайда, әзірлеушілердің айтуынша, бұл құрылғы адам бүйрегінің барлық қызметін орындай алмағанмен науқастардың еркін тамақтанып, икемді қозғалуына және денсаулығының жақсаруына септігін тигізеді. Дәрі-дәрмекке тәуелділіктен арылуға да көмектеседі.