Қоғам

Жасаған жиһаздарына кепілдік береді

Жасаған жиһаздарына кепілдік береді


Ержанның қолынан шыққан есік, терезе, үстел, басқа да ағаштан ойып жасаған бұйымдарды көріп қайран қалдым.

Ауласы атшаптырым. Бәрін осында жасайды. Ағашты жонатын, қыратын, оятын станогы, басқа да құрал-жабдықтары рет-ретімен тұр. Ауланың төбесі жартылай жабылған. Шашылып жатқан ештеңе көрінбейді, айналасы тап-таза.

Ержан Шідербаевтың негізгі мамандығы – экономист. Алматы ауыл шаруашылығы институтын тәмамдаған. Оқу бітіріп, ауданға келгенде біраз жыл экономист болды. Бала кезінен кішкене орындық, дөңгелек үстел сынды түрлі заттарды әжептәуір жасайтын. Бірақ дендеп көңіл қоймаған екен. Осы кезде айта кетерлік жайт, көршісі немістің ісмер ақсақалы болыпты. Оның ауласына кірген сайын Ержан жасалған бұйымдарына қайран қалатын. Уақыты болғанда барып көмектесіп тұратын. Қасында жүріп, ағашты қалай өңдейтінін, құрал пайдаланудың әдіс-тәсілін үйренеді. Ұсталықтың мәнін терең түсінеді. Тұрғындардың көбі сол кісіге тапсырыс беретін. Ерекең де ұста болуға қызықты.

– Кейін ол кісі тарихи отанына кеткен соң көршілер бұйымтайларын маған айтатын болды. Біртіндеп өңір жұртшылығы тапсырыс бере бастады. Сөйтіп, ұсталыққа ауыстым. Экономист мамандығымды жайына қалдырдым. Бұл жұмысты істегеніме он сегіз жылдан асты. Елдің сыйлағаны шабыт берді. Ісімді жауапкершілікпен, мерзімінде орындауға күш саламын. Өзім Бақты ауылында туғанмын. Кішкене кезімде аудан орталығына көшіп келіп, тұрақтап қалдық. Абай мектебін бітірдім. Ұста болу оңай емес. Мына қисық біткен саусақтарымды көрдіңіз бе?! Электр арасы тіліп түсірген. Целлофан дорбаға орап ап, ауруханада әрең тіктірдім. Содан осылай қисық бітті, – деп езу тартты Ержан.

Әнеукүні бір азамат тапсырыс беріп, артынан «Есіктеріңіз қымбаттау екен, дүкенде арзан» деп алмай кетіпті. Бір тоқсаннан кейін қайта келіп, «Дүкеннің есіктері желіммен жасалған екен, біраз уақыттан соң шашылып қалды» деп тұрған көрінеді. Ержан тақтайларды өзі сатып алады. Бұл қомақты қаржыны талап етеді. Жылына жұмысына екі көліктің тақтайы кетеді. Нені істесе де қиюластырып, бір-біріне кіргізіп, шегемен істейді. Қаққан шегелерімнің орны көрінбейді. Сатарда он жылға дейін кепілдік береді. Алғандардың ешқайсысы ренжіп алдына қайта келген емес. Сонымен қатар қазақи ою-өрнекпен безендіріп, заманға сай әдемі, көрнекті істеуге тырысады.

– Мақсатым – шаруамды кеңейтіп, аудан орталығынан жиһаздарымды сататын дүкен ашу. Мүмкіндік болса, бірнеше адамды жұмыспен қамтысам деймін. Үкімет кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетіп жатыр ғой. Мен де кәсібімді дөңгелетіп, өңір тұрғындарына пайда тигізсем деген жоспар бар, – дейді ұсталығымен ауданға танымал Ержан Шідербаев.

Аралап жүріп ауласында бірнеше көлікті шашып тастағанын да байқадым. Сөйтсем, Ержан кейінгі жылдары елдің көліктерін де жөндеп, қалпына келтіреді екен. Бесаспап шебер деп осыны айт!

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button