Қоғам

Жас жұбайлар жолы Абай шаңырағынан басталды

Жас жұбайлар жолы Абай шаңырағынан басталды


Ержеткен екі жүректің қуана табысып, екі жастың өмір жолына қол ұстасып, бірге аттанатын шағы қандай ғажайып!
Жас жұбайлардың тілекшісі, әлбетте, әрқашан көп. Ал сол екі жас туған отбасында алған өнеге жолымен үлгі көрсетіп, киелі орындарға тағзым етіп жатса, тіпті нұр үстіне нұр емес пе?!

Біз, Абай музейінің шырақшылары, сондай бір тағлымды өнегенің куәсі болдық. Тағдырларын қоcқан екі жас Ернар Смағұлов пен Маржан Мұқанова некелерін қия салысымен Семейдегі Абай музейіне асыққан. Ернар болашақ заңгер, Қазақ инновациялық – гуманитарлық заң университетінің студенті, ал Маржан технолог мамандығын Шәкерім атындағы заң университетінде меңгеруде.

Жас жұбайлар Абай шаңырағында естелік үшін суреттерге түсіп, оларға музей әкімшілігі атынан ескерткіш сыйлықтар тапсырылды.

Абай музейінің ұжымы Ернар мен Маржанның осы бір тамаша бастамаларының одан әрі жалғасын тауып, алғашқы қадамдарын киелі Абай шаңырағынан бастайтын жас отау иелерінің қатары көбейе түсерінен үмітті. Оларды музей ұжымы қашанда қуана қарсы алып, тегін қызмет көрсетуді борыш санайды. Абай арманы – тәуелсіздігіміздің баянды болуы да ұлы ақын айтатын «кеудесі сәулелі» жастардың арқасы, ел болашағы да соларға тәуелді.

Мемлекеттік Абай музейінің ұжымы өз өмір жолдарын Абай аталарының шаңырағына келіп, ұлы дала елінің ұлы ақынына тағзым жасаудан бастаған Ернар мен Маржанға «қадамдарың құтты болсын, отауларың бақытқа толсын!» деген тілек айтады.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі”
Мемлекеттік музейінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button