Руханият

Жас жазушы оқырмандармен жүздесті

Тәуелсіз елімізде талантты жастардың қатары көбейіп келеді. Жаңа Қазақстанның жастары өнерімен өзгені мойындатып, талантымен топ жарып жүр. Облысымыздың мақтанышына айналған осындай таланттардың бірі – жас жазушы Әділ Әуезхан жуықта бәйгелі болып қайтқан болатын.

Алтайдың атырабы – сөздің киесі қонған қасиетті өлке. Қара сөздің қас шеберлері Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров бастаған проза көшінен дара із қалған мекен. Осы қатардағы, туған топырақ, өскен өңірдің өрнегін өз мәнерінде қаламға арқау етіп, өлке әдебиетіне өзінің ізін қалдырған жазушы Мүсілім Құмарбектің жолы да, жөні де басқа. Біз тілге тиек етіп отырған жас жазушы Әділ Әуезхан –  сол қарымды қаламгер Мүсілім Құмарбектің ізбасары. Болар ұлға батасын беріп, бағыт сыйлап кеткеніне жұрт енді куә болуда. Жас жазушы қаламұшындағы үмітті жалғап, үлкен белеске бет бұрды. Жуықта Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының «проза» номинациясы бойынша жүлделі II орынды жеңіп қайтты. Алғаш рет бәйгеде асығы алшысынан түскен жас қаламгермен оқырман қауым жүздесу жасап, шығармашылық беталысымен танысып қайтты. Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында өткен «Жастықтың шұғыласы» атты кездесуге келген оқырман қауым жас жазушыны сұрақтың астына алып, қаламгердің қымсына берген жауаптарына қызыға құлақ түрді.

– Мен –  шығармашылыққа мақсатты түрде келген адаммын. Өзім жоспарлағандай 25 жасымда ғана қолыма қалам алдым. Ал оған дейін тек қана кітап оқумен айналыстым. Енді міне, жоспарда бар шығармаларды біртіндеп жаза бастадым. Бұл жолғы бәйгеде бағы жанған шығармамды Оралхан Бөкей атында өткен прозалық байқауға арнап жазған едім. Алайда белгілі себептермен ол байқауға қатыса алмай қалдым. Содан шығарманың бағын сынап көрмек ниетпен Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауына жіберген едім. Осылайша бұл шығарма менің әдебиет әлеміндегі жолымды ашып бергендей болды, – деді кездесу барысында жас жазушы Әділ Әуезхан.

Қаламгермен жүздесуді ұйымдастырушылар креативті түрде өткізді. Ұқыпты қаламгердің уақытын ұтымды пайдалана білді. Оқырман сұрақтарына қысқа да нұсқа жауап бергенмен, жас қаламгер «жазу азабы» туралы кеңірек толғанды. Қаламгер проза еркелік пен албырттыққа бағынбайтын жанр екенін, еңбектенбей еш нәтиже шықпайтынын о баста түсінгенін тілге тиек етті. Жазушы болуына қаламгер атасы Мүсілім Құмарбектің шығармашылық ғұмырнамасының, тұлғасының тікелей әсер еткенін оқырман сұрауы бойынша айтып берді. Кездесуге келген жұрт экраннан кеш авторының шығармалары бойынша салынған иллюстрацияға қарап, қаламгер әңгімелерінің тақырыптарын тауып, жазушымен бірге талқылады. Осылайша жас жазушы Әділ Әуезханмен болған жүздесу ән-күйсіз-ақ әуезді нотада, көтеріңкі көңіл күйде өтті.

Алтай Ғали-Асқар 

Осы айдарда

Back to top button