Қоғам

Жас велошабандоздар жарысы басталды

Жас  велошабандоздар жарысы басталды

Кеше облысымызда жасөспірімдер арасындағы республикалық «Қазақстан үміті» велокөпкүндігі жарысы басталды.
Өскемендегі Республика алаңына келіп сапқа тұрған жасөспірім велошабондаздар шілденің 17-24-і аралығында сайысқа түспекші. Велобәйгеге біздің жас спортшылармен қатар, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жүйріктері, сондай-ақ, Өзбекстан мен Ресейдің де үміткерлері қатысуда. Естеріңізге сала кетейік, аталмыш велобәйге біздің аймақта осымен екінші мәрте өткізіліп отыр.
Жарыс жолына келіп сапқа тұрған спортшыларға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар сәттілік тіледі.
– Сіздердің араларыңызда еліміздің абыройын әлемдік деңгейде асқақтатар Владимир Винокуров сияқты болашақ чемпиондардың тұрғандарына сенімім мол. Қазір мемлекет спортқа деген қамқорлықтың барлығын жасап жатыр. Велоспортты дамытуда біздің облыстың да әлеуеті жетерлік. Алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіздер, жас спортшыларғы сәттілік тілеймін,-деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өзінің құттықтау сөзінде.
Жарыстың ашылу салтанатына Ұлттық денешынықтыру ғылыми-тәжірибелік орталығының өкілі Сергей Горкушенко және халықаралық дәрежедегі төреші, осы жарыстың бас төрешісі Рашид Хакимов қатысты.

Жас  велошабандоздар жарысы басталды

Алдағы жоспарланған жарыс күндерінде спортшылар қала сыртындағы тас жолдармен «Шешек – Бестерек» (17 шілде), «Шешек – Бозанбай» (18 шілде), «Ушанов – Северный» (19 шілде), қысқа қашықтықтағы – «Солнечный – Бобровка» (21 шілде), алыс қашықтықтағы – «Шешек – Тайынты» (23 шілде) бағыттары бойынша сынға түсетін болады. Соңғы критериум-бәйге 24 шілде күні Өскеменнің орталық алаңында қорытындыланбақ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жас велоспортшылар арасында Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсетіп жүрген алты спортшы да жүр. Олар бұл сайыста өз командалары үшін жандарын салмақ. Құрама қатарында жоғарғы көрсеткіштерге жетіп жүрген астаналық Вадим Бронский туралы да айта кеткеніміз жөн. Винокуровтардың жолын қуып келе жатқан жас спортшымыз қазірдің өзінде айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Чехияда және Италияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлемдік жарыстардың екеуінен де екінші болып келген Вадимді Қазақстанның үміті деп айтуға болады.
-Қазір АҚШ-та өтетін жарысқа дайындалып жатырмыз. Екі ай уақытымыз бар. Шетелде өз мемлекетіміз үшін барымызды салсақ, бүгін өз командамыз үшін тер төгеміз. Біздің спортшылардың арасында әлемдік командалардан да қиын қарсыластар бар. Қазақстандық велошабандоздар оңай шағылатын жаңғақ емес,-дейді Вадим Бронский.
Спортшыларымыз төрешінің ысқырығынан соң орталық алаңнан тура жарыс жолына түсті. 80 шақырымдық алғашқы топтық бәйге Шешек асуынан Ұлан ауданындағы Бестерек ауылына дейін және кері бағытқа жоспарланған.
Велокөпкүндіктің қорытындысын газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқисыздар.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button