Қоғам

Жас ұрпақты ұлттық тәрбиемен сусындатып келеді

Өскемендегі №45 орта бейінді мектепте «Ұлттық  құндылықтар – тәрбиенің түп қазығы» атты  облыстық  ашық  семинар өтті. Ондағы мақсат – ұрпақ санасына ұлттық  құндылықтарды сіңіру, әріптестер өзара тәжірбие алмасу.

Ұлттық нақышта безендірілген білім ордасының ішінде ұлттық киім киген ұстаздар мен оқушылар жүздері бал-бұл жайнап, қонақтарды қуана қарсы алды. Музыка пәнінің мұғалімі Азатбек Орынбектің жетекшілігімен домбырашылар күмбірлетіп күй төгіп, іс-шараның көрігін қыздыра түсті.

Семинарға «Шығыс» өңірлік орталығының педагогикалық кадрлардың кәсіби құзыреттілігін дамыту кабинетінің жетекшісі А.Кенжебаева, осы орталықтың тәрбие жұмысы кабинетінің жетекшісі О.Темірбекұлы, әдіскер Д.Нұрмұхамбетова, сондай-ақ облыстың қала-аудандарындағы мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-ұйымдастырушылар, жас мамандар, жиыны 86 ұстаз қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанаты акт залында өтті. Іс-шара өтіп жатқан мектептің басшысы А.Серікбаева қонақтарды білім ордасының қазіргі тыныс-тіршілігімен қысқаша таныстырды. А.Кенжебаева сөз сөйлеп, семинардың мақсат-міндетіне тоқталды.

Ұлттық  құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіріп, олардың салт-дәстүрге деген сүйіспеншілігін арттыру, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында мектебімізде көп жылдан бері ақсақалдар алқасы, «Қазына» әжелер алқасы, «Бәйтерек»  әкелер кеңесі жұмыс істеп келеді. Бір қуанарлығы, аталған ұйымдардың жұмысы оқушылардың өз отбасын, Отанын қастерлей білер саналы ұрпақ болып қалыптасуына үлкен ықпал етіп отырғаны. Семинар барысында аталған ұйым мүшелерімен бірлесіп мектебіздің тәжірибелі бастауыш сынып мұғалімдері  Г.Рамазанова мен Г.Абраимова «Ұрпақтар сабақтастығы – біздің басты мұрамыз» тақырыбында өнеге сағатын өткізді.

Жас буынды жат әдеттен аулақ болуға баулып, бабадан қалған ұлттық мұраны жаңғыртуда ұлттық ойындардың рөлі зор. Осы орайда денешынықтыру пәнінің мұғалімдері А.Қуатов, Б.Абуюров, О.Унасовтың ұйымдастырумен тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі сияқты ұлттық ойындардан сайыс болды. Ал білікті ұстаздар А.Елғазықызы, С.Дүсіпова, А.Қанапина, А.Темірғалиева, А.Халелова, Н.Үркіншиновалар тәрбиелік мәні зор шеберлік сағатын өткізіп, әріптестерінің оң бағасын алды.

«Ұлттық  киім  үлгісін насихаттау арқылы қазіргі жастардың рухани мәдениетін қалай көтеруге болады?» деген тақырыпта  дебат өткізген тарих пәні мұғалімі әрі дебат клубының жетекшісі  Ш.Есенбаеваның көрсетілім сабағынан семинарға қатысушылар өздеріне қажетті мол мағұлмат алды.

Жиын соңында педагогтар бұл семинарды жоғары деңгейде ұйымдастыра білген №45 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнагүл Қабдуалиеваның еңбегін, жалпы аталған білім ордасы ұжымының ұйымшылдықпен бірлесе атқарған жұмысын ерекше атап өтті.

Сәуле Мадыева,

Өскемендегі №45 орта бейіндік мектебінің мұғалімі

Осы айдарда

Back to top button