Жас тәртіп сақшылары сынға түсті

Өскеменде студенттік тәртіп жасақтары арасында жарыс өтті. Оған қаладағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінен жасақталған 11 команда қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ринат Ахметжанов пен қалалық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Жандарбек Ахметжанов сөз алып, барлық командаға сәттілік тіледі.
– Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамытып, елімізде дене тәрбиесімен шұғылданушылар санын 30 пайызға дейін жеткізу міндетін қойғаны белгілі. Алдын ала айтайын, қазірдің өзінде біздің жастардың дені бос уақыттарында спорт залдарға барып, салауатты өмір салтын ұстануға бет бұруда. Меніңше, мұның өзі үлкен жетістік, – деді Ринат Ахметжанов.
Айта кетейік, жарыс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде топтық сайыс өткізілсе, екінші кезеңде сом білекті жігіттер арқан тартып, өзара күш сынасты.
– Өздеріңіз білетіндей, Өскеменде өңір жастары арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық көрсеткішін төмендету мақсатында 16 студенттік тәртіп жасағы жұмыс істейді. Оның құрамында 400-ден астам жас бар. Олар кешкі сағат 18.00-21.00 аралығында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне көмек көрсетеді, – дейді Ринат Ахметжанов.
Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Өскемендегі қызмет көрсету саласы колледжінің командасы жеңіп алды. Екінші орынды Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі иеленді. Үшінші орынға ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің командасы табан тіреді.
Ажар Сағатбекова