Қоғам

Жас теннисші жеңілмейді

«Smash» теннис орталығына балалар үш-бес жас аралығынан бастап қабылданады. Осы орталықтың 12 жастағы мүшесі Нұрасыл Сұлтанбековтің айтуынша, үлкен теннисті қызыл түсті шармен бастайсың. Сосын шеберлік деңгейіңнің артуына байланысты тоқсары, жасыл шарларға ауысасың. Марина Шарапова, Рафаэль Надаль, Новак Джокович, Зарина Дияс сынды нағыз кәсіпқойлардың шарының түсі сары болады.

– Үлкен тенниске ағатайыма қызығып келгенмін. Кейін ағам менімен қатар жүргісі келмейтінін айтып, басқа спортқа ауысып кетті. Мен осында қалдым. Себебі мұнда мимен ойланасың, аяқпен де, қолмен де қимылдайсың. Шымыр боласың және денеңді тік ұстап үйренесің. Әртүрлі қаланы аралап көресің. Жеңістерге жетесің. Осының бәрі маған ұнайды, – деді жас теннисші.

Жоғарыда аты аталған әйгілі спортшылардай, Нұрасыл да болашақта мықты теннисші болуды мақсат тұтқан. Ол қазіргі уақытта сары түсті шармен өнер көрсете бастады. Бұл – Нұрасылдың алға қойған мақсатының алғашқы баспалдағы.

Орталықтағы жаттықтырушылардың бірі Игорь Дзабаев та 12 жастан асқан теннисші кәсіпқой саналатынын айтады.

– Үш-жеті жас аралығындағы балалар аптасына үш мәрте, әр жолы бір сағаттан дайындалады. Сегіз-тоғыз жастан бастап аптасына бес рет, бір жарым сағат жаттығады. Ал 12-ден асқан баланы дайын теннисші деп атаймыз. Бір айта кетерлігі, біз балаларға газды сусындарды мүлде ішкізбеуге тырысамыз. Coca cola, Pepsi-ді былай қойғанда, газдалған жай суды да дайындыққа кіргізбейміз. Бұл зиян, – деді жаттықтырушы.

Біреу білер, біреу білмес, 3 наурыз Халықаралық теннисшілер күні болып саналады. Жуықта осы мейрамға орай «Smash» теннис орталығында көңілді старт ойыны өтті.

– Теннисшілер күні – біз үшін үлкен мейрам. Бұл күннің жас қатысушыларымыздың есінде ерекше сақталып қалғанын қалаймыз. Сонда олардың спортқа деген махаббаты артады. Биыл атаулы күнді көңілді старт ойыны ретінде өткізуді ұйғардық. Жалпы, орталықта жас теннисшілерге жақсы жағдай жасалған. Өздеріңіз көргендей, кордтар жаңа. Алаңға австралиялық ерекше жұмсақ жабын төселген. Бұл жарақат алудан сақтайды, – деді орталықтың аға администраторы Андрей Данилов.

Оның айтуынша, байқауға 50-ге тарта жас қатысып отыр.

– Тағы бір қызықты айтайын, бүгінгі жарыста жеңілген адам болмайды. Барлық қатысушы тәтті шоколад пен дәмді сусынға ие болады. Бәрі жеңімпаз. Біздің орталықтың мүшелеріне жеңілуге болмайды, – дейді ол.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button