Жас құтқарушылары тәжірибе алмасты
Алтайдың Павловск ауданындағы «Дружба» балалар спорттық сауықтыру кешенінде «Жас құтқарушылар» Сібір федералдық округінің IV аймақаралық жарыстары ұйымдастырылды.
Алты күнге созылған жарыста жас құтқарушылар төтенше жағдайлар кезінде көрсетілетін алғашқы медициналық көмек түрлері мен апаттық техногендік құтқару жұмыстарының қалай жүргізілетінін көрсетті.
Аталмыш жарысқа еліміздің намысын қорғау үшін Өскемендегі «Жас құтқарушылар» мектебінің тәрбиеленушілері барып қайтты. Он екі команда қатысқан жарыста Сібір федералдық округінің Новосібір, Иркутск, Омбы, Томск, Кемер облысы, Бурятия Республикасы, Хакасия, Тува, Алтай өлкесі мен Забайкалье өңірлерінің жас құтқарушылары өзара бақ сынасқан. Жарысты ұйымдастырушы Алексей Тимофеев өскемендік жас құтқарушыларға алғысын білдіріп, болашақта шығармашылық байланыста болатынын жеткізіпті.
Жарыстың қорытындысы бойынша бірінші орынды Алтай өңіріндегі Павловск ауылының «Горизонт» жас құтқарушылар командасы иеленсе, екінші орынды Иркутск облысының командасы алған. Ал үшінді орынға Кемер облысының «ТЖД Губернатор кадет мектеп-интернатының» оқушылары табан тіреген.
Жарысқа қатысушы өскемендік Ерназ Қабаевтың айтуынша, жалпы командалық есепте олар бесінші орынға тұрақтаған. Айтпақшы, өрт эстафетасы мен жедел-іздестіру кезеңдерінде өскемендіктер бірінші орынға ие болыпты.
– Мұнайдың төгілу салдарын жою, суға батқан адамдарды құтқару, техногендік апаттардың алдын алу сынды жұмыстар бойынша тәжірибе алмастық, – дейді Ерназ Қабаев.
Ажар Сағатбекова